Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі Қазақстанның аймақтық акселераторлары мен инкубаторларының басшылары мен қызметкерлеріне арналған оқыту курсын өткізді. Курс 10-11 тамыз аралығында онлайн режимде жүрді. Оқыту сессиясына Қазақстанның 17 қаласынан 30-дан астам адам қатысты.

Курс барысында елордалық технопарктің жоғары сұранысқа ие бағдарламаларына талдау жасалып, жиі қойылатын сұрақтарға, оның ішінде Astana Hub-қа қатысушы ретінде тіркелу және салық жеңілдіктерін алу бойынша сауалдарға жауап берілді.

Аймақ технопарктері мен инкубаторларын дамыту бойынша жұмысты Astana Hub командасы 2019 жылы бастады. Startup Sapary бағдарламасы аясында технопарк өкілдері «Стартап мектебі» тегін курсымен Қазақстанның 17 облыс орталығында болды. Сапар қорытындысы бойынша Astana Hub мамандары технопарктің оқыту бағдарламаларын және әдіснамасын қамтитын, әрбір аймақты дамытуға арналған жеке ынтымақтастық жоспарын әзірледі.

Astana Hub
Фото: Astana Hub бағдарламалар департаменті

«Біздің команда бірлескен жобаларды құру және Қазақстанда IT-кәсіпкерлікті дамыту үшін өңір технопарктерімен тығыз байланыста және өзара ынтымақтастықты дамытуда. Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, аймақтармен жұмысты онлайн-форматта жалғастырамыз. Қазақстанда қалыптасатын экожүйе екі қаланы – Нұр-Сұлтан мен Алматыны көбірек қамтиды. Біздің міндетіміз — еліміздің өңірлерін барынша көп тарту, іске жұмылдыру. Өткен жылы өңірлерге барған кезде стартап құрып, экожүйенің бір бөлігі болғысы келетін креативті, озық балалардың көп екенін көрдік. Ол үшін Қазақстанның барлық технологиялық қоғамдастығының күш-жігерін біріктіру қажет», — деді Astana Hub бас директорының міндетін атқарушы Әділет Нұрғожин.

Екі күн ішінде курсқа қатысушылар келесі тақырыптар бойынша оқудан өтті:

— стартап-жобаларды масштабтау;

— стартаптар шұңқыры;

— инвесторлармен қалай жұмыс жүргізу керек;

— Astana Hub қатысушы ретінде тіркелу және преференциялар;

— R&D орталықтары мен зертханаларын ашу;

— БАҚ-пен жұмыс;

— әлеуметтік желілерді қалай жүргізу керек.

Технопарк өкілдерінің айтуынша, өңірлік технопарктерді қолдау жұмыстары жалғасады. Сарапшылар апта сайын менторлық және сараптамалық қолдау көрсетеді. Аймақ өкілдері барлық сұрақтарын арнайы құрылған telegram чатында қоя алады.