Сүлейман Демирел атындағы университет

Сүлейман Демирел атындағы университет пандемияға байланысты бакалавриаттың 2, 3, 4-курс студенттері, 2-курс магистранттары және 2, 3-курс докторанттарының 2020-2021 жылғы оқу ақысын көтермеуді шешкен. Сонымен бірге биыл студенттерге оқу ақысын 50%-ке дейін бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.

Бұл жеңілдіктер қиын кезеңде студенттерге қолдау көрсету мақсатында жасалып отыр. Басқа арыз-шағымдар да жеке-жеке қарастырылады. Сондықтан студенттерден түскен өтініштерді жіті бақылап қарап отырамыз, қолдан келген көмекті беруге дайынбыз, — дейді Сүлейман Демирел атындағы университтінің академия істері және Ғылыми зерттеулер жөніндегі проректоры Давронжон Гаипов.

Университеттгі ең арзан оқу ақысы — 400 мың теңге, ең жоғары оқу бағасы — 1 225 000 теңге.

Сүлейман Демирель университетінің 2020-2021 жылғы оқу ақысы

Тұран университеті

Тұран университетінің 2020-2021 жылғы оқу ақысы өткен жылмен салыстырғанда 10%-ке жоғарылаған. Университеттің баспасөз қызметі қашықтан оқыту жылдық білім бағасының арзандауына себеп бола алмайтынын айтты.

Біріншіден, инфляцияға байланысты оқу ақысы жыл сайын 10%-ке көтеріледі. Екіншіден, сабақ онлайн түрде өтсе де, білім беру толық көлемде жүреді. Сәйкесінше, профессорлар мен оқытушылар толық жалақы алады. Оның үстіне жоғарғы оқу орнының қаражаты техника жабдықтарына да жұмсалады, — дейді университет баспасөз қызметі.

Тұран университетінің оқу ақысы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бакалавриатына түсішулердің оқу төлемі кем дегенде 1 000 000 теңгеден басталады. Мұндай соманы журналистика, ақпараттық технология, физика-техника, механика-математика факультетіне түсу үшін беру керек. Ал жалпы медицина, биология және биотехнология, шығыстану факультеттерінің студенттері 1 130 000 теңге төлейді. Экономика және бизнестің жоғарғы мектебі, халықаралық қатынастар факультетінің төлем бағасы — 1 300 000 теңге. Университеттегі ең қымбат мамандық заң және құқық факультетінде. Құны — 1 600 000 теңге.

Колледжден кейін түскендердің оқу төлемі 620 мың теңгеден, ал екінші жоғарғы мамандықты алушылардың оқу ақысы 890 мың теңгеден басталады.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

оқу ақысы
Иллюстрация: Gorod-zarechny.ru

М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясы

Карантин кезінде студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында академия басшылығы 2020-2021 оқу жылындағы төлем ақысына 25% мөлшерінде жеңілдік қарастыруды шешіпті. Ең бастысы, студенттің ЖОО алдында берешегі болмауы керек.

Колледжден кейін түскендерге немесе қашықтан оқыту бағытында екінші жоғарғы білім алып жатқандарға академия 2020-2021 жылы 375 мың теңгенің орнына 180 мың теңге төлеп оқуға мүмкіндік беріп отыр. Ал студент барлық оқу жылына 100% алдын-ала төлем жасаса, онда жылдық баға 150 мың теңгені құрайды. Абитуриенттер бұл жеңілдікке ие болуы үшін 2020 жылдың 10 тамызына дейін құжаттарын өткізуі керек.

М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясы

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті

Шәкәрім университеті биылғы оқу төлем ақысын ресми сайтында жариялады. Менеджмент, экономика, экология, сонымен қатар математика, информатика, биология, химия және филология, журналистика мамандығын таңдаған студенттер 342 900 теңге төлеп оқиды. Ал аграрлық факультеттің ветеринар медицинасы мен ветеринар санитары мамандығының оқу ақысы — 349 400 теңге. Қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика және психология мамандықтары 354 600 теңге тұрады. Жоғары оқу орнындағы ең жоғары оқу ақысы — 381 200 теңге. Мұндай соманы агрономия, мал шаруашылығы технологиясы, аңшылық және аң шаруашылығы, орман ресурстары және орман шаруашылығы мамандықтарын игеру үшін төлеу қажет.

Шәкәрім университетінің оқу ақысы

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Университет ректоры Ербол Исақаев пандемия кезіндегі оқу ақысы мәселесі көптеген студентті алаңдатып жатқанын айтады. Дегенмен, ол университет төлемінің төмендетілмейтінін айтты. Яғни студенттер қашықтан оқыса да, оқу бағасы арзандамайды, тек бөліп төлеуге болады.

Оқытушылар мен университет қашықтан болса да, толық білім беру қызметін ұсынады. университет даму жоспарын қайта қарап шықты. Цифрландыруға көп қаржы жұмсалды. қосымша жүйелерді, интернет-трафиктің ағымын ұлғайтуды, қашықтан оқитын балаларға оқу әдебиеттерін мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік беретін электрон оқулықтар жүйесін қолға алдық. Бұдан бөлек барлық қызметкердің жалақысын, коммунал ақысын төлейміз, — дейді ректор.

Білім министрлігі не дейді?

Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқитын студенттердің оқу төлем ақысына байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Министрдің айтуынша, карантинге байланысты қашықтан оқытуға мәжбүр болған жоғарғы оқу орындары оқу төлем ақысын арзандатуға міндетті емес. Яғни университет басшылығы оқу бағасының қанша болатынын өзі шешеді.

Жоғары оқу орындарына академия және қаржы дербестігі берілген, сондықтан оқу ақысы қанша болатыны туралы мәселені әр институт, әр университет немесе академия өзі шешеді. Қашықтан оқытқанда шығын аз болады деген түсінік бар. Негізінде олай емес, мысалы оқу орнында бес корпус болса, бесеуі де жабылмайды. Оның коммунал шығындары, жұмыс істеп жатқан оқытушылардың шығындары бар. Оның үстіне жоғарғы оқу орындары біз берген тапсырмаға сәйкес арнайы жүйелерді сатып алып, интернет күшін арттырып, қосымша шығындарға ұшырап жатыр, — деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

* * *

Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.

(Иллюстрация: Тimeshighereducation.com)