Египеттегі Ұлы пирамиданың «құрдасы» табылды

Қытайдағы Шанси провинциясының солтүстігінде орналасқан, осы уақытқа дейін Ұлы қытай қорғанының бір бөлігі саналып келген Симао қаласы ғылым болжағаннан әлдеқайда ерте салыныпты. Археологтардың айтуынша, қазір Симао деп аталатын орынның (әу бастағы атауы белгісіз) бой көтергеніне 4 300 жыл болды деп хабарлайды National Geographic журналы.

Қала қытай өркениетінің Орта дала жазығына таралуынан 500 жыл, ал Ұлы қытай қорғаны салынардан 2 000 жыл бұрын пайда болған және Египеттегі атақты Гиза пирамидасымен бір уақытта салынған.

simao-pyramide
Жоғары қабаты шамамен 81 мың шаршы метр болатын пирамиданың орны. Дереккөз: Ben Sherlock, National Geographic

Ғалымдар қаланы қуатты қабырға қоршап тұрды, ал ортасында биіктігі 70 метр болатын пирамида орналасты дейді.

Пирамида 20 қабаттан тұрған және қаланың кез келген нүктесінен көрінетін болған. Жоғарғы қабаттарда билеуші-ақсүйек-дәулетті адамдар өмір сүрген.

Бір қызығы, жалпы аумағы 4,04 мың гектар болатын бұл қала туралы ақпарат не жазбаша, не ауызша деректе кездеспейді.

NASA атауы «ар-намысқа тиетін» ғарыш объектілерін қолға алды

NASA кей ғарыш объектісінің бейресми атауынан бас тартпақ. Себебі бұл атаулар «мәдени не тарихи контексте» жағымсыз сезім тудырады екен.

Мәселен, жалпы көрінісі тері капюшон киген адамның басына ұқсайтындықтан 1787 жылдан бері «Эскимос» аталып кеткен тұмандық бұдан былай жәй ғана NGC 2392 деп көрсетілмек. Ведомство өкілдері мұны «эскимос» сөзінің расист көзқарастан туындағанымен және оның Арктикадағы бұратана халыққа сырттан таңылғанымен байланыстырады.

Сондай-ақ NGC 4567 және NGC 4568 спираль галактикалары да «сиам егіздері галактикасы» деп аталмайтын болды.

3 000 жылдық Angry Birds

China Daily хабарлауынша, Сычуан провинциясына қарасты Лианхы ауылында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар 3 000 жылдай бұрын керамикадан жасалған шошқаның мүсінін тауып алыпты. Бір қызығы, бұл бейне атақты Angry Birds мобайл ойыны мен анимациялық фильміндегі көңілді жасыл шошқа кейіпкерінен аумайды.

3000-years-angry-birds
3 000 жылдық мүсін. Дереккөз: Син Жұңхуа, China Daily

Лианхы ауылына жақын маңда біздің заманымызға дейінгі 2050-1250 жылдары болған Сансиңдуй қаласының орны бар. Бұл аймақтан ғалымдар тарихы 5 000 жылға кететін түрлі дүние қазып алды. Сансиңдуй тұрған жерді 1929 жылы алқапта жұмыс істеп жүрген шаруа кездейсоқ тапқан болатын.

Адамның белгісіз туысы

Корнель университетінде жұмыс істейтін генетиктер Мелисса Хубис пен Эми Уильямс және Колд-Спринг-Харбор зертханасының қызметкері Адам Сипел неандертальдың, денисов адамының және Homo sapiens (яғни сіз бен біз) өкілдерінің геномына жасалған анализ нәтижесін жариялады. Ғалымдардың айтуынша, біздің генде белгісіз адамзат түрінің ДНҚ-сы бар екен. PLOS Genetics журналында жарияланған бұл еңбекті Phys.org түсіндіріп берді.

Мамандар екі неандерталь, бір денисов адамы және екі қазіргі заман адамының геномын зерттеп, олардың қай жерде туысатынын анықтайтын алгоритм қолданыпты. Алгоритм неандерталь геномының 3 проценті шамамен 200-300 мың жыл бұрын әзірге белгісіз әлдебір басқа адам түрінен келгенін көрсеткен.

Дәл осы «құпия» геном 1 процент көлемінде денисов адамында да бар екен. Анализ қазір өмір сүріп жатқан Homo sapiens-тің бойында «ежелгі ген» шамамен 15 процент деңгейінде кездеседі деп отыр.

Жалпы, адамзат түрлерінің бір-бірімен қан араластырғаны бұған дейін де дәлелденген-ді. Мәселен, шамамен 50 мыңдай жыл бұрын қазіргі Homo sapiens аталары Африкадан солтүстікке ауғанда, Еуразияны мекен еткен неандертальдармен жақындасқан болатын.

Жерден басқа планетада өмір жоқтығына Юпитер «кінәлі»

Күн секілді жұлдызды айналып жүретін планеталардың көпшілігінде өмір болуы мүмкін. Басты шарт – арада Юпитер секілді газ алыбы болмауы қажет. Калифорния университетінің ғалымдары осындай қорытындығы келіп отыр.

Астробиолог Стивен Кейн бізге ең жақын орналасқан және үш бірдей планетасында өмір сүру мүмкін делінетін жұлдыз жүйелерінің бірі «Траппист-1» объектін зерттепті.

Зерттеу барысында бір жұлдызға серік болған планеталардың қаншауында өмір сүру ықтималдығы бар және Күн жүйесінде неге Жер бетінде ғана тіршілік кездеседі деген сұрақ пайда болды, — дейді Кейн.

Trappist-1_Solar System
Жоғарыда – «Траппист-1» жүйесі. Үш планета тіршілік пайда болуы мүмкін белдеуде орналасқан. Төменде – Күн жүйесі. Мұнда тек Жер ғана «жасыл» аймаққа кіреді. Дереккөз: NASA / JPL / Caltech

Ғалымдар математикалық модельдеу жүргізіп, белгілі бір шарттар орындалса, кей жұлдыздың айналасында сұйық су кездесетін жеті планета болуы мүмкін екенін, ал Күн жүйесінде мұндай сипатқа ие алты ғаламшар қалыптаса алатындығын анықтаған.

Алайда біздің жағдайда Юпитер бөгет болып тұр. Тіршілік ықтималдығы бар бірнеше планета пайда болу үшін олардың орбитасы бір-бірмен қиыспауы керек. Ал басқа жеті ғаламшардың жалпы салмағынан екі есе ауыр Юпитер гравитациясымен жүйедегі бүкіл орбитаны өзгертіп жіберіпті.