Құстың барлық түрі тұмауды тез қабылдайтыны белгілі. Бұл — ауыл шаруашылық, синантроп және жабайы құстарға жылдам жұғатын әрі лезде тарайтын вирус ауруы. Сондықтан құс тұмауының жаппай таралып кету қаупі бар. Осыған байланысты Увел ауданаралық ветеринар зертханасы, Челябі сынақ зертханасы және Владимир қаласындағы жануарлардың денсаулығын сақтау федералды орталығы жасаған диагноз негізінде Қазақстан аумағында эпизоотикалық талаптарды сақтау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылдың 4 тамызынан бастап Челябинск облысынан термиялық өңдеуден өтпеген құстарға арналған жемшөп қоспалары (химиялық және микробиологиялық синтездің қоспаларынан басқа), таксидермиялық өңдеуден өтпеген ауланған олжалар (тірі құстар, жұмыртқалар, құс еті және құс етінің барлық түрлері), сонымен қатар құстарды ұстауға, союға және кесуге қолданылатын құрал-жабдықтар әкелуге және тасымалдауға уақытша шектеулер енгізді. Шекаралас аймақтардағы эпизоотиялық жағдайды облыстардың ветеринарлық қызметі ерекше бақылауға алды, — делінген министрлік таратқан хабарламада.