«Ливандағы Бейрут қаласының портында бірнеше қатты жарылыс болды. Қалалық инфрақұрылымға зиян келді, қайтыс болғандар бар.
Жарылыс туралы ақпарат алғаннан кейін біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне Ливандағы Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 113 азаматы Ливанда консулдық есепте тұр. Біздің дипломаттар олармен байланыста, қазақстандықтардың арасында зардап шеккендер жоқ. Өздеріңіз білетіндей, дипломатиялық миссия кеңсесіне де зиян тиген, ол алдағы уақытта қалпына келтіріледі. Біздің қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері зардап шеккен жоқ.
Ливанда БҰҰ бітімгершілік контингенті бар, оның құрамына 120 қазақстандық жауынгер кіреді. Қазір олардың ротация процесі жүріп жатыр және алдыңғы күні біздің қазақстандық бітімгерлер қызмет өтетін орындарына аман-есен жетті».
Айта кетейік, Бейрутта 4 тамыз күні кешке жойқын жарылыс болды. Ливан астанасындағы ғимараттардың жартысына жуығы қирады. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, 78 адам қайтыс болған. Ливанның Премьер-министрі Хассан Диябтың айтуынша, жарылысқа 6 жыл бойы 2 750 тонна аммиак селитрасының дұрыс сақталмауы себеп болған.