Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.

* * *

Нұржан Жақсытаева алғашында тұмаураттым деп ойлап, антигриппин, парацетамол ішіп жүрген. Дәріден дене қызуы түспегесін жолдасы екеуі ауылдағы дәрігер амбулаториясына барыпты.

Жолдасымның жүрегі ауырады, қант диабеті де бар. Өзімнің алқымым ісетін, сондықтан бұрыннан дәрі ішемін. Дәрігер екеуімізге бірдей антибиотик жазып берді. Маған Цеф3 антибиотигі жақпады, одан аллергия байқалды. Сосын Цефтазидим іздедім. Әрең тауып, Жаркентке Алматыдан алдырдым, – дейді ол.

Цефтазидим антибиотигі екі реттен кейін температураны түсіре қоймаған. Сондықтан Нұржан Жақсытаева қалаға барып, дәрігерге қаралып, өкпесіне компьютер томографиясын жасаған. Дәрігерлер екіжақты пневмония деген диагноз қойып, қайта ем жазып беріпті.

Үйге келгесін, тұра алмай жатып қалдым. Тәбетім болмады, басым ауырды, әлсіредім. Тіпті су іше алмай қалдым. Емді қайта бастағанда кей дәріні, қосымша дәрумендерді таппадық. Дәріханада жұмыс істейтін сіңлім керек дәрінің бәрін жіберді. Бірақ негізгі антибиотиктен басқасы жақпады. Тамақ та, су да батпай, тек дәрімен екі-үш күн жаттым, – дейді ол.

Нұржан апайдың жолдасы да қатты ауырған. Ауылдағы дәрігерлер шұғыл жағдайда қажет болады деп қойған дәрілерін салыпты.

Левофлоксацин антибиотигі жолдасыма жақсы көмектесті, сондықтан маған  да салдық. Арасында тыныс алу жаттығуларын жасадық, – дейді Нұржан Жақсытаева.

Жалпы жағдай оңалғанымен дене қызуы біразға дейін түспепті. Сондықтан Нұржан апай парацетамол мен аспиринді қолданыпты. Кейін левофлоксацин антибиотигін қайта салуға тура келген.

Екі апта осындай қиын жағдайды бастан өткердік. Мұндайды дұшпаныма да тілемес едім. Оның үстіне ауырып жатқанда анам дүниеден өтті, бара алмадым. Ол да күйзелуіме себеп болды, – дейді ол.

Нұржан Жақсытаева қазір жағдайының бірқалыпты екенін айтып отыр. Тек аздап жөтел мен ентігу бар. Ауырғанда емханаға жатқысы келмеген, үйде қалуды дұрыс көріпті.

Әлі де тексеріліп тұрамын. Дәрігерлерге еш өкпем жоқ. Тек ауруханаға жатуға қорықтым. Үйде өз бөлмемізде болдық, сол жерде тамақ іштік. Немерелердің бетінен сүймедік, өз ыдысымыз, орамалымыз болды. Барынша оқшау жүрдік, – дейді ол.

Нұржан Жақсытаева
Нұржан Жақсытаева. Фото жеке архивінен

Осыған қарамастан Нұржан апайдың баласы мен келіні, екі немересі де ауырыпты. Олар дәрі ішіп, лезде жазылған.

Бұл ауру үлкен кісілерге, созылмалы аурулары бар адамдарға қиын. Ем іздеп қиналғанда, соған бола балалардың мазасын алмайық дедік. Кейін жолдасым қатты ауырғанда, жан-жақтан сұрастырып, дәрі іздей бастадық. Бір жетідей өзіміз емделеміз деп жүріп қалыппыз. Ол дұрыс емес екен, – дейді Нұржан Жақсытаева.

Өкпесі қабынып ауырғандардың әлсіреп, жатып қалатыны айтылып жүр. Нұржан апайдың айтуынша, өзі тура сондай жағдайды бастан кешкен.

Жатқанда қатты қиналып ауырған жоқпын, бірақ қызуым көтеріңкі болды, тұра алмадым. Қайтыс болып жатқандар солай жатып кетіп қалады екен ғой деген ой түйдім. Ұйықтасам да, өң мен түстің ортасындағы бір күйде болдым. Көзіме дәрі-дәрмек, екпе салып жатқан адам – бәрі елестей берді, – дейді ол.

Нұржан Жақсытаева қиын кезде көмектескен жақындарына алғыс айтады.

Осындайда жақыныңның қадірін біледі екенсің. Адамдардың қолдауы маңызды екен. Соны түсіндім. Елім мына аурудан тезірек жазылса деп тілеймін, – дейді мұғалім.

Baribar.kz оқырманды материалда айтылған дәрілерді тек дәрігердің кеңесімен қолдануға үндейді. Әуелі дәрігерге көрініп, маманның нұсқауымен емделген дұрыс.