Басты бетЖаңалықтарШамалған ауылында...

Шамалған ауылында «Ана-Нұры» орталық саябағы ашылды

Ашылу салтанатына Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Одан бөлек, кәсіпкер, спорт ардагері Серік Бәкішев те жүрекжарды лебізін жеткізді.

Саябақтың алаңы жарты гектар, ұзындығы 380 метрге созылып жатыр. Бір уақытта 100-150 адам сыятын алаң құрылысын «Іргетас-Құрылыс ІІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Саябақта балалардың ойынына қажет барлық құрал-жабдықпен қатар футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын алаң да бар. Одан бөлек, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақтың тақтайшалары да орнатылған. Абаттандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Гүлдің түр-түрі, ағаштар отырғызылып, орындықтардың өзі де ерекше. Ал бір жақ қабырғасында қазақ хандары, билері туралы айтылатын және Сүйінбай Аронұлы, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаевтың қанатты сөздері жазылған стенд қойылған.

Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасыновтың айтуынша, алдағы жылдары саябақ аумағын тағы 250 метрге кеңейтіп, орталық көшеге дейін жеткізу жоспарланған.

Бұл сыйлық 20 мың шамалғандықтар үшін таптырмас тарту болды. Бұл туралы өз сөзінде ауылдың ардагері Ақылбай Қаңылбаев айтты. Оның айтуынша, бұл жерде, әсіресе, жаңбырлы күні жүру қорқынышты болған екен. Енді, міне, бұл ауылдың көрікті жерлерінің біріне айналды.