Басты бетҚоғамАқсу ауданында...

Ақсу ауданында Пазырық мәдениетіне тиесілі 85 оба табылды

Бұл өңірдегі қорымдардан Пазырық мәдениетіне қатысы бар жәдігерлер шыққан. Таулы Алтайдағы тайпалар Ресей, Моңғолия, Шығыс Қазақстан аумағында ғана емес, Жетісу жерін де мекендеген. Археологтар бұл жерден алдымен әйел мен ер адамның мүрдесін тапты. Көне заманда қолданылған әшекейлер мен тұрмыстық бұйымдар да шығып жатыр.

Бұл – еліміздегі Пазырық мәдениетіне қатысты ең үлкен қорымдардың бірі. 85 оба бар екені анықталып отыр. Шығыс Қазақстандағы Берел қорымының өзінде мұншама қорған жоқ, — дейді ғалымдар.

Археологиялық қазба жұмыстары барысында олардың ғасырлар бойы еш тоналмағаны белгілі болды. Себебі қорғандар алыстан менмұндалап көрінбейді. Бір айта кетерлігі, бұл қорым Талдықорған-Өскемен тас жолын жөндеу барысында табылған. Зерттей келе, бұл аумақта көне замандарда Пазырық мәдениеті өкілдерінің тұрғаны анықталды. Олар кейіннен батысқа қоныс аударған.

Бұған тек археологтар қызығушылық білдіріп отырған жоқ. Түсінген адамға бұл әлемдік деңгейдегі сенсациялық жаңалық. Өйткені Таулы Алтай мен Батыс Моңғолиядағы тайпалардың қалай, қай бағытпен қоныс аударғаны кімді де болсын қызықтырмай қоймайды. Нақтырақ айтсақ, қағаз жүзіндегі болжамдар археологиялық жәдігерлер арқылы дәлелденіп отыр, — дейді археолог Сергей Ярыгин.

Археологтар қорғандарға жақын маңнан петроглифтерді де тапты. Ғалымдар оларды бұрын соңды еш жерден кездестірмегенін айтып отыр.

Бұл таңба пішіндес белгілердің осы қорымға жерленген адамдарға тікелей қатысы бар екеніне еш күмән жоқ. Олар бір тайпаның немесе жекелеген отбасының таңбасы болуы да ғажап емес, — дейді археолог.

Археологтар әзірге екі қорғанды ғана ашып көрді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген. Қазба жұмыстары алдағы жылы да жалғасады. Болашақта бұл жер ашық аспан астындағы мұражайға айналуы мүмкін.

Археологиялық кешен жасасақ па деген ой да бар. Автотұрақтарын жасап, отыратын орындықтарын, кейіннен ол жерде демалушылар Алакөл жақтан келе жатса да, Балқаш жақтан келе жатса да тоқтап, осы жерден Пазырық мәдениетімен танысып көруге болады, — дейді облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов.

Пазырық мәдениетіне қатысы бар тайпалар бұл жерде біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғасырларда өмір сүрген. Оларды сақтардың мұрагері, түріктердің ізашары деп те атайды. Ал ол тайпалардың шығыстан батысқа қоныс аударғандағы бағыты Ұлы Жібек жолының бір тармағына айналды.