Бүгінде әр өңірде жүргізілген зерттеу нәтижесінде тарихи-мәдени мұрамыздың қатары молая түсті. Былтыр жалпыұлттық маңызға ие киелі нысандар саны 205-ке, ал өңірлік маңызға ие нысандар саны 575-ке жеткен.
Тарихи нысандарды жаңғырту
Мыңжылдық тарихымызды түгендеп, өткенді өшірмеуге бағытталған жобаның маңызы зор. Зерттеуші ғалымдар нысандарды анықтауда арнайы бекітілген бес ерекшелікке көңіл бөледі. Бірiншісi – табиғи құбылыстардың нәтижесінде пайда болған орындар, екiншi – археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар, үшіншi – діни және ғұрыптық орындар, төртiнші – тарихи тұлғаларға қатысты қасиеттi орындар, бесiншi – саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар.
Қазақстанның қасиеттi нысандарын анықтау, оны жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Бүгінге дейін республикалық маңызы бар 23 тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми реставрация жасалды. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи, Отырар, Сауран, Сығанақ, Ақыртас кешенi, Аппақ ишан, Айранбай кесенелерi бар.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан әкiмдігi мен Мәдениет және спорт министрлігi «Бозоқ» қалашығын жаңартып, археологиялық саябақ ашу жөнінде жаңа бастаманы қолға алды. «Бозоқ» музей-қорығы үшін бас қаланың Есiл ауданынан 412,6 гектар көлемінде жер учаскесі бөлінді.
Былтыр «Ботай қонысындағы әлеуметтік-экономикалық және дүниетанымдық контекстерді зерттеу және қайта құру» ғылыми жобасы аясында Ботай мәдениеті үйінің құрылысы аяқталды. Қазірдің өзiнде Ботай қонысына АҚШ, Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерінен туристер жиi келедi. Сол себепті Ботай қонысы аймағында туристерге арналған сапар орталығы ашылып, еліміздегі туристік аймақтың бірi ретiнде тiркелдi.
2019 жылы «Таңбалы», «Отырар» музей-қорықтарындағы құрылыс бітті. Ал «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының сапар орталығының құрылысы биыл аяқталады.
Жоспарға сәйкес, киелi жерлер көп шоғарланған Алматы облысындағы «Есік», Түркiстан облысындағы «Ордабасы» және «Әзірет Сұлтан» музей-қорықтарында сапар орталығының құрылысы басталады.
Тарихи жәдігерлерді түгендеп, қасиетті орындарды насихат ету ел аумағымен ғана шектеліп қалмайды. Осы орайда республика аймағынан тыс жерлердегі ұлт тарихына қатысты ерекше нысандар да зерттелді. Жұмыстар ТМД аумағында, яғни Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты көршілес елдерде жүрді.
ТМД елдерінде мәдени-барлау экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция барысында Ялтада жерленген Бөкей ханның немересі, кавалерия генералы болған Ғұбайдолла Бөкеевтің бейітін анықтадық. Бұл біздің тарихымыз үшін тағы бір құнды ақпарат, қасиетті жер саналады. Осындай мәдени-барлау кезінде 300-ден астам қазақ тарихына қатысты қасиетті орын анықталды, — дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми — зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев.
Цифрлық үдеріс
Цифрлық дәуірде атқарылып жатқан жұмыстардың басым бөлігі жаңа технологияның көмегіне жүгінеді. Мәселен, Exponential group (Германия) компаниясының ықпал етуімен Қазақстанның киелі жерлерінің жалпыұлттық тізіміне енген 15 нысанның 3D моделі жасалды. Оған қоса, жалпыұлттық киелі нысандар туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мобильді форматта 60 бейнеролик түсірілді. Сондай-ақ еліміздің қасиетті жерлері жайында төрт ғылыми деректі фильм түсіріліп, National Geographic, BBC секілді әлемдік телеарналарда көрсетілді.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бастамасымен 20-дан астам ғылыми-танымдық деректі фильм түсірді. Оның ішінде BBC World News телеарнасымен бірігіп түсірген «Алтын жауынгер» деректі фильмі, Айша бибі мен Қожа Ахмет Яссауи кесенелері туралы «Ұлы дала аңыздары», «Күлтегін. Жаңа көзқарас», «Көшпенділер жері» фильмдері бар.
Сондай-ақ әр өңірдің киелі жерлері туралы мобайл қосымшалар жасалды. Мысалы, Маңғыстау жерінде QR-Mangystau мобайл қосымшасы іске қосылды. Қосымшаға Бекет Ата, Шақпақ ата жерасты мешіттері мен өңірдің ең биік жері Отпантау сияқты 49 киелі жер енгізілген. Тағы бір ерекшелігі – мобайл қосымша интернетсіз де жұмыс істейді. Ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде алуға болады. Сонымен қатар «Маңғыстаудың киелі жерлері» интерактив картасы жасалды.
Орталық қызметкерлері «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» халықаралық ғылыми конференциясы аясында 780 жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысанның жиналмалы картасын таныстырды.
Құндылықты насихаттау
2021 жылға дейін киелі жерлер туралы толық ақпарат қамтылған бес томдық энциклопедия шығару жоспарланған. Жоспарға сәйкес, бес томдық энциклопедияның қазақ және орыс тілінде үш томы жарық көрді. Сондай-ақ «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптары да жарық көрді. Энциклопедияның алғашқы томына Алматы, Нұр-Сұлтан мен Ақмола, Алматы облыстарының қасиетті жерлері енді.
Екінші томда Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау өңірлерінің киелі орындары қамтылған. Ал өткен жылдың соңында басылымның үшінші томы жарыққа шықты. Оған Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл облыстары кірді. Оған қоса, әр өңірдің жеке энциклопедиясын шығару жоспарланған.
Сонымен қатар «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференциясын өткізді. Оған Оман, Қырғызстан, Германия, Түркия, Украина елдерінің танымал ғалымдары қатысты.
Бағдарламаның тағы бір мақсаты – отандық туризмді дамыту. Бұл тұрғыда көпшілікке мәлім Ақан Сері кесенесін айтуға болады. Жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарына енген жердің инфрақұрылымы жаңарды және туристерге арналған демалыс орыны салынды.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау» заңнамасына өзгеріс енді. Оның ішінде «Қасиетті нысан» деп аталатын тармақ бар. Бұл заң қасиетті нысандарды қорғауға бағытталған. Ашығын айтқанда, қасиетті нысандарды өздерінің кәсіп көзіне айналдырған жандар да бар. Олар туристерге арнайы маршрут құрып, «нысанды айналып жүрсеңіз тілегіңіз қабыл болады» деп жалған ақпарат беріп, өз кәсібін жүргізіп жүр. Алдағы уақытта жалған ақпарат таратып, қасиетті жерлерді кәсіпке айналдырғандар заң бойынша жазаланады, — дейді Батырхан Жұмабаев.
Қорыта айтқанда, бағдарлама негізгі үш мәселені қамтиды. Алдымен, киелі орындар жайында оқу-ағарту шараларын ұйымдатыру. Бұл бағытта «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІІ томы жарыққа шықты. Шетелдік және отандық ғалымдардың «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» халықаралық ғылыми конференциясына жіберген материалдары да арнайы жинақ болып топтастырылды.
Тағы бір міндет – туризм саласын киелі жерлер картасы негізінде дамыту. Жоғарыда атап өткендей, елдің ішкі туризмін дамытуда жобаның үлесі зор. Сол себепті ел аумағында маңызды деп танылған мекендерге турист тарту мақсатында «Қасиетті Қазақстан» көп салалы витруал картасы жасалды. Қасиетті мекендерге бару үшін картаға еніп, географиялық координаталарды анықтауға, тіпті баратын жердің ауа-райын бақылауға да мүмкіндік бар.
Үшінші мақсат – мәдени мұралар тізіміне енген мекендерді насихаттау, оларға ақпараттық қолдау көрсету. Бұл тұрғыда әр өңірде кеңейтілген іс-шаралар, халықаралық форумдар мен ғылыми-тәжірбиелік конференциялар ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде әдістемелік жұмыстар мен қатар халықаралық байланыстар орнатылды.
Осы үш бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың барлығы елдің тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты кеңейтуге мүмкіндік берді. Жоба жұмысы тек бұнымен тоқталып қалмақ емес. Межелі кезеңге дейін әлі талай тарихтың ақтаңдақ беті ашылып, тың дүниелермен танысарымыз анық.