— Елдегі төтенше жағдай қай салаға болсын әсерін тигізбей қоймады. Өзіңіз жетекшілік ететін «Рухани жаңғыру» кеңсесі карантин кезінде қалай жұмыс істеп жатыр? Қандай жаңа жобалар қолға алынды?
— Өздеріңіз білетіндей, жаһандық деңгейдегі бұл жағдай баршамыздың жұмыс тәртібімізге елеулі өзгеріс енгізді. Жыл бойына жоспарлаған барлық іс-шарамызды онлайн режимге көшірдік. Сонымен қатар карантин уақытында халықтың уақытын тиімді ұйымдастыру мақсаттында жаңа жобалар жасадық. Олардың кейбіреулерін айта өтсек, тренер-психолог Құралай Ошақбаева (қамтылған адам саны — 140 000), қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, әнші Алтынай Жорабаева («Айналаңды таза ұста» челленджі, қамтылған адам саны — 190 000), аспаз Индира Жакупова (қамтылған адам саны — 150 000), ағылшын тілі мұғалімі Кристина Яичниковамен (қамтылған адам саны — 3 000) онлайн-дәрістер мен тегін мастер-класстар ұйымдастырылды. Семинар-тренингтерге 2020 жылдың бірінші тоқсанында білім беру мекемелерінен 175-ден астам психолог қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтандағы оқу ордаларымен онлайн концерттер өткіздік. Жалпы алғашқы карантин режимі кезінде атқарған жобаларымыз арқылы 500 000 адамды қамтыдық.
Қазіргі уақытта жас түлектердің үлкен өмірге аяқ басатын кезі басталады. Сондықтан жоғарғы оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарының өкілдерімен онлайн сұхбаттар ұйымдастырып жатырмыз. Эфир қонақтары жастардың дұрыс мамандық таңдауы мен маман ретінде қалыптасуына қажет пайдалы ақпарат бөлісіп жатыр. Озат түлектер де назардан тыс қалмайды. Өз ізбасарларына бағыт-бағдар көрсетуде олардың да үлесі зор деп есептеймін.
Карантиннің екінші лебінде меценат Мансура Жакен, мүсінші Айдос Әкімғали, дизайнер Гүлнар Қасыммен онлайн көрме ұйымдастырдық. Сонымен қатар Мәдениет саласының үздігі Досым Мақсұтов шәкірттерімен Ұлттық домбыра күні қарсаңында онлайн концерт берді. Іс-шараларымыздың барлығы онлайн режимде жалғасын тауып жатыр.
— Жобалық кеңсе базасында «Рухани жаңғыру» білім беру орталығы құрылды. Сондай-ақ сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Жалпы елорданың зиялы қауым өкілдері «Рухани жаңғыру» іс-шараларын жүзеге асыруда қаншалықты белсенді?
— Сараптамалық кеңесте елорданың қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, саясат, өнер өкілдерінен құралған 33 адам бар. Бағдарламаны жүзеге асыруда тек кеңестің мүшелері ат салыспайды, барлық зиялы қауым өкілі саналы түрде қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын.
Білім орталығы өткізген іс-шараларға филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, жазушы Төкен Әлжантегі, филология ғылымдарының докторы, Қайрат Сақ, филология ғылымдарының докторы, Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышхан, психология ғылымдарының кандидаты Байжұман Балтабайұлы, тіл жанашыры Оразкүл Асанғызы, п.ғ.к. Айкүміс Ілиясқызы, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Мектептерге барып, оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге әртүрлі тақырыпта — тарихтан бастап, тәрбие, руханият, психология туралы дәрістер оқып, кездесулер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жоғарғы оқу орындарында да студенттермен жұмыстар жасалды. Карантин уақытында онлайн дәрістер оқылып, тікелей эфирде сұхбаттар жүргізілуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кез келген шарасына зиялылар белсенді түрде араласып, руханиятқа қатысты өздерінің көкейінде жүрген мәселелерін бөліседі. Идеяларын ортаға салып, талқылайды. Елордада атқарылатын республикалық, қалалық деңгейдегі іс-шаралардың барлығында елдің руханияты, болашағы үшін еңбек етіп жүрген осы тұлғаларды көруге болады.
— Елорда — саяси-экономикалық орталық қана емес, мәдениет пен өнердің, білім-ғылымның іргелі ордасы. Бас қаланың бүгінгі рухани өмірін қалай бағамдайсыз?
— Иә, расымен де «Елорда – ұлтымыздың рухани ордасы». Елордамыз күн санап көркейіп келеді. Бәсекелестік және саяси-экономикалық жүйенің дамуы кезінде ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмау, оны жаhандану үрдісімен үйлестіре білу маңызды.
Елордамыздың бүгінгі даму қарқынына сай астанамызда заманауи рухани ұйымдар, өзін-өзі дамытқысы келетін азаматтардың рухани талап-тілегіне сай келетін, білім ордалары мен өнер ошақтары өте көп. Елімізде «оқимын, білім аламын, рухани азық аламын» деген азаматтарға барлық жағдай жасалған. Ол ғимараттар озық технологиялар мен тиісті қондырғылармен қамтамасыз етілген. Мысалы, біздің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсемізді алатын болсақ, өзін-өзі рухани дамытқысы келетін және сол ниетті көздеген басқа да азаматтармен танысып, ортақ кездесулер ұйымдастырғысы келетін азаматтарға арнап, кеңсе базасында «Парасат» оқырмандар клубы ашылды. Ол жерге келген әр оқырман, оқыған кітаптары жайлы пікір алмасып, өз ойларын бөлісе алады. Бұл клуб ойын айқын жеткізетін, шешендік қасиеті дамыған, көпшілік алдында өзін еркін ұстайтын, сенімді азаматтарды қалыптастыруға септігін тигізеді деген ойдамыз. Қазіргі жағдайды ескере отырып, барлық іс-шара онлайн форматта өтіп жатыр. Жалпы білім аламын деуші азаматтарға елордамызда сапалы білім кеңістіктері жеткілікті.
Жастарымыз үшін тарихи жәдігерлер мен әдеби мұралардың, өнер туындыларының сыр-сипатын, тарихын жете әрі терең біліп өсуі өте маңызды.
Кейінгі жылдары елорда көшелерінен өткенде, әсіресе Есіл жағалауы бойында өте көп өнерлі жастар жиналғанын көретінбіз. Оның барлығы елордамыздың өнерсүйер қауым шоғырланған ордаға айналғанының бір дәлелі. Барлық идеялар, тың ойлар, жобалар елордамыздан бастау алады.
Бүгінде халықаралық сахналарда қаншама өнер азаматтары, шығармашылық ұжымдар қазақ елінің атын шығарып, намысымызды қорғап жүр. Жас актер, режиссерлардың жаңа толқыны өнер ошақтарына өзіндік көзқарас, өзіндік қолтаңба әкелді. Қазақтың ұлттық театрлары, дәстүрлі ән-жыры, төл мәдени мұралары әлем елдерін тамсандыра бастады.
Еліміздің мақтанар мәдениеті көп. Оны өзіміз ғана біліп қойғанымыз жеткіліксіз. Себебі елді ел тануы үшін оның мәдениетін тану керек. Сондықтан алдағы жылдары жасалатын жұмыстардың жауапкершілігі өте көп. Бүгінде мәдениет пен өнердің, білім-ғылымның рухани өмірімізде алатын орнының маңыздылығын ескере отырып, карантинге карамастан жұмысымыз онлайн форматта жалғасып жатыр. Елордамыздың барлық мәдениет ошақтары онлайн форматта концерт, қойылымдарын ұйымдастырып жүр.
— Ұлттық комиссияның соңғы отырыстарының бірінде тұлғалық даму, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау секілді бағыттарға ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Форум, фестиваль, сайыстар мен конференциялардың азаюы сапалық тұрғыда оң әсер бере ала ма?
— Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына биыл 3 жыл толды. Осы уақытқа дейін қаншама сапалы, оң нәтижелі жұмыстар істелді. Жобалық кеңсе бағдарламаның 6 басты қағидатының (бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы) үш бағытын (тұлғалық даму, ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым, мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы) жүзеге асыру бағытында жұмыс атқарып келеді.
Қандай формат болмасын, ең бастысы біздің мақсатымыз – идеологиялық тұрғыдан қазақи болмысты бойына сіңірген, жаңа заманға бейімделген бәсекеге қабілетті азамзат қалыптастыру.
Ең бастысы — жауапкершілікті сезіне отырып сапалы жұмыс атқару. Құндылықтарға бағытталған іс-шараларды көбейтіп, олардың нәтижелі орындалуына қол жеткізсек, бағдарлама сәтті жүзеге асады деп есептеймін.
— Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Рухани жаңғыруды руханияттың жаңғыруы деп ұғатындар, оны сол саланың мекемелерімен шектеп қоятындар қателеседі. Рухани жаңғырудың өзегі, негізі, бастауы – рухтың, сананың жаңғыруы», — дейді. Сіздің ойыңызша, жаңғырудың жаңа кезеңіне шығу үшін не істеу керек? Саннан сапаға өтудің алғышарты қандай болу керек?
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оның ұлттық ерекшелігін сақтауға, білім мәдениеті мен азаматтардың санасының ашықтығын дәріптеуге бағытталған. Жаһанданудың барлық заманауи қауіптері мен сын-қатерлерін ескере отырып, қазақстандықтардың рухани құндылықтарын жандандыруға негізделген. Бұл қасиеттер заманауи қазақстандықтардың басты бағытына айналуы керек.
Сананы жаңғырту үшін жаһандану жолында ата-бабаларымыздың бізге берген өнегесін ұмытпауымыз керек. Оның бірі — прагматизм. Прагматизм дегеніміз — ұлттық және жеке ресурстарды нақты білу, оларды үнемді пайдалану, болашағын жоспарлау қабілеті. Осы бағыттың мақсаты мен қазіргі жағдайдан соң, қазақстандықтар өз өмірлеріндегі құндылықтарды қайта қарап шығады деп сенеміз.
Бағдарламалық мақалада үнемі өзекті болатын бағыттар толыққанды түсіндірілгенін байқауға болады. Мысалы, бәсекеге қабілеттілік бағыты. Мұнда бүкіл халықтың жетістігі әрқайсымызға байланысты. Пандемия кезінде әлемдік деңгейде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі аймақтық және жаһандық нарықтардағы баға мен сапа тұрғысынан тиімді нәрсе ұсына алатындығымен көрінеді. Осылай қазіргі әлемдік жағдай әрбір қазақстандықты бағдарламада көрсетілген бағыттар мен қағидаттарға назар аудартып отыр. Мұның бәрі тәжірибе көрсеткендей, әрқашан өзектілігін жоғалтпайды.
— Сұхбатыңызға рақмет!