Дархан Шафхатов 8 жасынан өлең жазады. Бірнеше республикалық, халықаралық байқаудың жеңімпазы. 100-ден аса өлең шығарма кірген «Бала әнім» және «Тәуелсіз ел жастары» атты кітап шығарған.

Шығармашылығымда Отан, туған жер туралы көп айтамын. 6-класта «Тәуелсіз ел жастары» атты республикалық байқауда бірінші орын алдым. Бұл мені бұрынғыдан да көп өлең жазуға талпындырды. Өлеңдеріме ақын ағаларым Әділғазы Қайырбеков, Нағашыбек Қапалбекұлы, Мұратхан Шоқан жоғары баға берді, — дейді Дархан.

Дархан өлеңін жазып болған соң, оны ең әуелі әжесіне оқытып, бата алады екен. Осыдан кейін барып оқырмандарға жол тартады.

Әжемнің өлеңіме берген бағасы мен үшін маңызды. Ол кісінің әр пікірі мені шабыттандырады. Ал ақындық жолдағы ұстазым – Саят Қамшыгер. Маған үнемі ағалық ақылын айтып, қолдап жүреді. Өлеңдерім республикалық газет-журналдарда жарияланып тұрады, — дейді жас ақын.

Дархан Шафхатов
Дархан Шафхатов. Фото жеке архивінен

Дархан биыл Ушинский атындағы орта мектептің 10-класын бітірді. Ұстаздарының мақтанышы. Қазақ әдебиеті мен ағылшын тілі пәнін жақсы көреді. Мектепте қоғамдық іс-шараларға белсене араласады. Домбыра тартады. Болашақта Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсуді армандайды.

Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев сияқты ақындардың өлеңдерін сүйіп оқимын. Жыр жазудан жалыққан емеспін. Өлеңдерімде ұйқас қумай, мағыналы болуына көп көңіл бөлемін. Бастысы – оқырманға айтқың келген ойды жеткізу. Қаннан сіңген қасиеттің қадіріне жетіп, өзгелерге үлгі болатын жыр жазудан артық арман жоқ. Болашақта қай салада жүрсем де, ақын болып қаламын, — дейді ол.

Назарларыңызға Дарханның бірнеше өлеңдерін оқуға ұсынамыз.

Арыстарыма

Сұм заманың басқалардың қолында,

Халық жүрген бір Алаштың жолында.

Білмеп едік жегі құрттай бұл азап,

Бітеді деп бұл өмірдің бойында.

 

Болды бізде сенерліктей бір үміт,

Бір құладық аяққа біз бір тұрып.

Қайғы мен мұң жоғалғандай боп кетті,

Кеудемізде, тұма бұлақ- сыр тұнып.

 

Жылдар бойы жат ел бізді қорлаған,

Аспанымды қара бұлттар торлаған.

Ұрпақ ұшін «Алаш! Алаш!» дегенде,

Қыран құстай қанатымыз талмаған.

 

Арыстарым оятқан ел намысын,

Бүгін міне, жақын болды алысым.

Сары бала, қара қазан қамы үшін,

Түгендейміз елдің тұлға арысын.

 

Мағжандайын қайратты бол қайғырма,

Міржақыптай мұратыңнан айырылма.

Үлгі болсын Ахмет пен Шәкәрім,

Міржақыптай тамырыңды жайдың ба?

 

Арыстырым санамызды оятқан,

Ал дұшпандар шалған еді аяқтан.

Абыздардың жалғап өткен соқпағын,

Арыстарсыз өтпес еді бір аптам.

 

Есімізден кетпес енді жылдарым,

Қазақ халқы түгендеуде ұлдарын.

Алашымның арыстарын ардақтап,

Жүрегімнің дүрсілдерін тыңдадым!

 

Тар жол тайғақ кешкен ел

Суытып келед, өткенді тербеп желтоқсанның ызғары,

Әйнекке жөндеп, иіліп сәндеп әсем өрнек салмады.

Қасірет шегіп, қайғыға кетіп, қызыл қанға боянды,

Азаттық тілеп, еркіндік көздеп,қазағымның жастары.

 

Ұйқылы-ояу, суықтан қатқан, түсі кеткен салқын рең,

Бұған себеб, қайран күндер, қорқынышты түспен тең.

Әлі де жас, “Елім” деген, жүрек жұтқан өрендер,

Халқым менің сол жылдары тек азаттық тілеген.

 

Қайтсе де, батыл халқым қазағым, намыс бермей күрескен,

Батыл халық-қазақтың өмірі өткен күреспен,

Күреспенен кеткен күннің белесінде ескен жел,

Жетпіс жылдық намыспен тәуелсіздік жеткен жер.

 

Тәуелсіз ел- Қазақстан, жаңа қадам бастаған,

Қазағым бүгін қырандай көк аспанда самғаған.

Көк байрағы желбіреп, бақыт кешкен мәңгі ел,

Биік шыңның басында қазақ деген ғажап ел.

 

               Кітап қасиеті

Оқыдым мен кітапты кеш түскенше,

Далада көп доп қуып жүгіргенше.

Менсіз бәрібір оқылмас ешқашан да,

Әдебиеті қазақтың бұл өктемде.

Білім берген кітаптар, мұңын айтқан,

Оқырманға сыбырлап, сырын айтқан.

Қарапайым қазақтың кітабы да,

Өз ақылын адамға жырлап айтқан.

Мұхтардай Абай жолын жазып өткен,

Жамбылдай,қазағымды жырлап өткен.

Көп болдығой қазақта зиялылылар,

Көп адамның қаламын ұштап өткен.

Оқып өтсең сондықтан көп кітапты,

Ашасың сен тұнғиық, бір бұлақты.

Әлемнің жүз оқылған кітабымен,

Теңдеседі қазақтың бір кітабы.

 

             Ұлы Абайға арнау

Қазақты көтеретін қазақ қана,

Өлеңімен танытатын бар ғаламға.

Бүгін бір данамыздың туған күні,

Туған күнің құтты болсын Абай ата.

 

Бұл күнде Абайды кім білмейді?

Абай аты ешқашанда өлмейді.

Сұр бұлттан көрінген күн сәулесін,

Қазақ елі ұлы Абайға теңейді.

 

Қазақ елі сіздерге менің айтарым,

Абайды тану- өз өзімді тануым.

Өлеңімен, қара сөзі Абайдың,

Жарып өткен жүректің тас қамалын.

 

Танылған ұлы Абай бар әлемге,

Абай біздің өткеніміз, келер күнде.

Бізден кейін келер ұрпаққа айтарым,

Ұлы Абай есімін ластай көрме.

 

Қазақты көтеретін қазақ қана,

Өлеңімен танытатын бар ғаламға.

Бүгін бір данамыздын туған күні,

Туған күнің құтты болсын, Абай ата.

 

         Тәуелсіз ел жастары

Қанды кешіп армандарын мұң қылып,

Суға түсіп,отқа түсіп мың күйіп,

Келген елдің өткенінен сыр шертер.

Тарих деп аталатын тұңғиық.

 

Жылдар өтіп,айлар өтіп, тағы күн,

Қайран елдің көп болды ғой зары тым.

Торға түскен құс секілді қазағым,

Бодандықтын киді енді қамытын.

 

Қазағымның басқа қонар бағы үшін,

Азаттық деп аталатын таң үшін.

Оятам деп ұйқтап кеткен қазақты,

Құрбан болып кетті-ау талай арысын.

 

Уақыт өтті,күн мен түн ауысты,

Енселі елім еркіндікпен қауышты.

Желтоқсанның алауы ғой оятқан,

Жетпіс жылдық қалғып кеткен намысты.

 

Қасіреттің қара тонын шешкен ел,

Қыран болып қазақ бүгін төске өрер,

Бағындырар қия шыңды қиналмай,

Талай-талай тар жол тайғақ кешкен ел.

 

Отар ел боп тәуелді боп өзгеге,

Болмайды енді қазағымның әні мұң.

Көк бөрінің ұрпағымыз өйткені,

Мойынсұнған бір Алланың әмірің.

 

Тәуелсіздік Кенесары көксеген,

Абылайлар аңсап өткен алтын күн.

Қадірін біл, тәуелсіз ел жастары,

Еркіндік деп аталатын алтынның.