Қызылордада бағдарлама аясында 8 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

Аймақ басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысын айтты.

Мемлекеттік бағдарлама аясында 37 миллиард теңгеге 276 жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде облыста 9 299 жаңа жұмыс орындары құрылады. Қазірдің өзінде 7 768 адам жұмысқа орналасты, — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жобалар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандарды, көшелер мен жолдар салуға және жөндеуге бағытталған.

Жобаларды жүзеге асыруда пайдаланылатын тауарлар мен қызметтердің 90%-і — отандық өнімдер.

Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жол картасы аясында облыстағы маңызды мәселелер шешімін табады деп жоспарланып отыр. Мысалы:

  • Қызылордада (Жезқазған трассасы бойынан 600 орындық мектеп салу) 1500-ге жуық мектеп жасындағы балалар жақын жерден мектепке қатынаса, Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектептің құрылысы 400-ге жуық мектеп оқушыларының теміржолдан өтпей, қауіпсіз маңдағы мектепке қатынауына мүмкіндік береді;
  • көкөніс, бақша өнімдерінің суаруылуына, күріш өсіретін жерлердің сумен қамтылуына мүмкіндік жасалады;
  • облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар 174,1 шақырым автомобиль жолы және үш көпір жөндеуден өтеді. Бұл облыс аумағындағы жол инфрақұрылымының дамуына, орта және кіші кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізеді;
  • тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында су құбыры, кәріз желілері жаңартылып, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі,  газ құбыры, жылу, электр желілері жаңартылады.

Сонымен қатар әлеуметтік нысандар мен балалар ойын алаңдары, спорт нысандарының құрылысы, аялдама және көшелер жарықтандырылып, аулалар абаттандырылады.