1. Дерсу Узала
1907-1907 жылдары орыс ғалымы Владимир Арсеньев Уссурийск өңіріне ғылыми-зерттеу экспедициясына шығады. Сапар кезінде жергілікті әлде нанай әлде удэ халқының өкілі Дерсу Узала жолбасшы болады.
Осы экспедиция негізінде Владимир Арсеньев «Дерсу Узала» кітабын жазады. Шығармада автор мен жолбасшының басынан кешкен хикаялары, көрген қиындықтары, өңір тұрғындарының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, Манчужрия табиғаты суреттелген.
Алайда бұғы терісінен тігілген киім киген, қысы-жазы көшіп жүретін, құралайды көзге атқан мерген, адасу дегенді білмейтін жолбасшы Дерсу Узала хикаясы кез келген жасөспірімге болмақ.
2. Батыс Еуропа детектив әдебиеті
Детевтив – көнеден келе жатқан жанр. Мәселен, ежелгі Египетте жазылған «Шындық пен Өтірік» ертегісінде (б.з.д. 1292-1191 жж.) жала жабылып, жазаға тартылып, соқыр болып қалған адам мен оның ақыры әділетке қол жеткізіп, шын қылмыскерлерді жауапқа тартқан ұлы туралы айтылады.
Ал қазіргі алды әлемдік әдебиеттің, қала берді бүкіл поп-мәдениеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқан Батыс Еуропа авторлары детектив жанрының классикасы саналады.
Біз ұсынып отырған кітапта Артур Конан Дойлдың шығармалары, Агата Кристидің «Он қара домалағы», Жорож Сименонның екі романы берілген.
Шытырман оқиғаға қызығатын адам бас көтермей оқып шығары анық.
3. Он бес жасар капитан
1878 жылы шыққан бұл кітапты ғылыми фантастиканың негізін қалаушы, француз жазушысы Жюль Верн жазған. Дик Сэнд есімді жасөспірімнің кит-аулаушы «Пилигрим» кемесін басқарып, жолдастарымен бірге құлиеленуші Африканың адам төзгісіз өміріне куә болуын суреттейтін бұл кітап кез келген жасөспірімнің сөресінде тұруы тиіс.
Кеме саяхатын Жюль Верннің өзі де жақсы көрген. Жазушы болып, ақша тауып, жағдайы оңала бастағанда біріші кезекте яхта сатып алған екен.
4. Оцеола – семинолдар көсемі
1835-1842 жылдары қазіргі Флорида аумағында (АҚШ) жергілікті үндіс тайпалары мен американдықтар арасында қақтығыс болып, арты Семинол соғысына ұласады. Осы кезде жүз қаралы адамды бастаған Оцеола есімді жас көсем ерекше көзге түседі. АҚШ әскеріне қарсы айрықша қарсылық танытып, ақырына дейін берілмеген бұл тұлғаның өмірі кейін ағылшын жазушысы Майн Ридтің «Оцеола – семинолдар көсемі» романының пайда болуына себеп болады.
Кітап Екінші Семинол соғысы кезіндегі оқиғаларды жас плантатор, АҚШ азаматы, Оцеоланың досы Джордж Рэндольф атынан суреттейді.
5. Сүлеймен патшаның кеніші
Қазақшаға аударған Мұхтар Мағауин.
Ойдан шығарылған ең танымал кейіпкерлердің бірі Аллан Куотермэн туралы серияның алғашқы кітабы «Сүлеймен патшаның кенішін» Уинстон Черчилль 12 қайтара оқыған екен дейді.
Оңтүстік Африка. Аллан Куотермэн, сэр Генри Куртис және капитан Джон Гуд бірігіп жоғалған адамды іздеп, алыс жолға аттанады. Ақыр соңында бұлар жоғалды саналатын, тек аңыз-ертегілерде ғана кездесетін Кукуандар Еліне тап болады. Сүлеймен патшаның әйгілі қазынасы осы аймақта жасырылған екен…
6. Әлемдік фантастика жауһарлары
Азимов, Браун, Брэдбери, Шекли, Андерсон, Саймак…
Біздің бүгін кинотеатрларда ауыз ашып, көз жұмып қарайтын киноларымыздың көбі осы фантастика тақырыбында жазған жазушыларға қарыздар. Ғарыш қойнауындағы қатер, роботтар көтерілісі, уақыт саяхаты, тылсым жұлдызға сапар – мұның бәрі кітаптарда әлдеқашан жазылып, айтылып қойған.
Кітаптан аты аталған авторлардан бөлек Владимир Михановскийдің «Шексіздікке шеру» романымен танысуға болады.
7. Робинзон Крузо
Даниел Дефоның бұл романы елсіз аралға тап болып, өмір үшін күресетін адамдардың өмірі жайлы «Робинзонада» деген бүтіндей бір жанр қалыптастырған болатын.
Сонау 1719 жылы шықса да «Робинзон Крузо» әлі күнге әлемдік әдеби-мәдени-кино бағытқа ықпал етіп келеді.
Кеме қирап, әрең тірі қалған, елсіз аралға тап болған адам жайлы бұл шығарманың пайда болуына бірнеше адам себеп болған дейді. Солардың бірі капитан Ричард Нокс 20 жыл Цейлонда тұтқында өмір сүрген, ал шотланд теңізшісі Александр Селкирк өз еркімен иесіз аралда 5 жыл тұрған.
Айтпақшы, романның толық атауы «Кеме апатқа ұшырап, бүкіл экипаж қаза тапқан соң тірі қалған, Америка жағалауына, Ориноко өзенінің сағасына жақын жердегі адам аяғы баспаған аралда 28 жыл бойы жападан-жалғыз өмір сүрген Йорктан шыққан теңізші Робинзон Крузоның өмірі, айрықша һәм таңғажайып хикаялары. Қарақшылардың тұтқынынан күтпеген жерден азат болғаны жайлы өз қолымен жазылған» деп аталатынын білетін бе едіңіз?
8. Том Сойердің басынан кешкендері
1876 жылы шыққан Марк Твенның бұл повесі Миссури штатында тұратын баланың өмірін суреттейді. Он екі жасар Том әпкесі Полидің үйінде тұрады және достарымен бірге алуан түрлі оқиғаны бастан өткереді.
Автордың өзі жазба машинасымен терілген тұңғыш әдеби шығарма осы «Том Сойердің басынан кешкендері» болуы мүмкін деп долбар айтқан екен.
9. Шекспир: Сонеттер
Сонет — 14 жолдан тұратын өлең.
Шекспирдің бұл туындылары төрт жүз жылдан астам уақыттан бері зерттеушілер арасында әлі дау тудырып келеді. Бір мамандар автор өлеңдерінде өзінің жеке өмірі жайлы айтқан деп ерекше дерек табуға тырысады, енді біреулер шығармалардың құрылымы мен әуезін талдап-таразылап, бәріне ортақ заңдылық орнатпақ болып әуре.
Қазақ ақыны Хамит Ерғалиев аударған «Сонеттерді» шартты түрде «Достық жайлы» және әлдебір «қараторы леди туралы» деп екіге бөледі.
Айтпақшы, бірқатар зерттеулер поэзияның ми дамуына үлкен әсер етіп, пайдасын тигізетінін көрсеткен болатын. Сондықтан есте сақтау қабілетін дамытып, қиялды ұштаймын деген адамға өлең оқымақ керек.
10. Могиканның соңғы тұяғы
Фенимор Купердің романы 1757 жылдың тамызында Нью-Йорк атты британ колониясында болған оқиғаларды суреттейді. Франк-үндіс соғысының қызған шағы. Аңшы, ізкесер Натти Бампо могикан тайпасынан шыққан әкелі-балалы үндістермен бірігіп, тұтынға түскен екі қызды құтқаруға аттанады.
Америка үндістерінің өмір салты, дәстүрі, танымы жайлы жазылған алғашқы шығармалардың бірі «Тері Шұлық туралы эпопея» пенталогиясына кіреді. «Могиканның соңғы тұяғы» ұнаса, қалған төрт романды да міндетті түрде оқуға кеңес береміз.