Басты бетМедицинаҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев карантинді екі аптаға ұзартуды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы эпидемиология ахуалына қатысты түйткілді мәселелер жөнінде кеңес өткізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Президентке 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін инфекция жұқтырғандар саны 29% төмендегенін баяндады.

Бір күнде COVID-19 жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілер 43%, оның ішінде реанимация палаталарындағы науқастар саны 27% азайған. Айығып шыққандар 63%-ке дейін өскен. Жедел жәрдем шақыру жағдайы төмендеген.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына инфрақұрылым нысандарының эпидемиология ахуалына және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шектеулерін кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.

Мемлекет басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар және соның салдарынан болатын өлім көрсеткішін одан әрі төмендету аса маңызды. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шектеулерін кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.