Qazaqsha jaz қозғалысының мүшелері әлеуметтік желіде тек орыс тілінде ақпарат беріп, клиенттің сұрағына орысша ғана жауап беретін компаниялардың парақшасында қазақша жазуды да сұрап пікір қалдырады. Осылайша қозғалыс корпоратив аккаунтарды орысшамен қатар қазақша жазуға итермелейді.
Qazaqsha jaz — бейбіт қозғалыс. Басты мақсатымыз — желіде орысшамен қатар қазақша да ақпарат беруді сұрау, — дейді жоба өкілдері.
Өздерін «қазақша сөйлеп, ана тілінде ақпарат алғысы келетін еріктілер тобы» деп атайтын Qazaqsha jaz қозғалысы қазір корпоратив парақшалардан мына төрт дүниені сұрайды:
- Компанияның желідегі парақшасы жария түрде «қазақша жазамыз» деген уәде жазба жариялауы керек немесе бірден қазақша жаза бастауы керек;
- Орысшамен қатар қазақша қызмет көрсетуі керек;
- Кез келген постта қазақша мәтін бірінші тұруы керек;
- Парақшаның маңдайшасындағы және профиліндегі сипаттама қазақша жазылуы керек.
Baribar.kz Qazaqsha jaz атынан пікір білдіретін нақты тұлғаны іздеді. Алайда жобаны ұйымдастырушылар мұндай топтың белгілі бір адамға телінбегенін қалайтынын, тек аноним түрде жауап беріп жүргенін айтты.
Қазақстанда өнім өндіріп, тауар сататын, елімізде қызмет көрсететін барлық компаниядан қазақша ақпарат алғымыз келеді. Қазақша жазбайтын мемлекеттік органдардың әлеуметтік желідегі парақшаларына да пікір қалдырып, қазақша жазуды сұраймыз, — дейді қозғалыс еріктілері.
Ұйымдастырушылар ортақ чаттағы адамдардың жас шамасын нақты білмейді. Өздерінің бақылауынша, белсенді болып жүргендердің басым бөлігі — 18 бен 30 жас аралығындағылар.
Қозғалыс басталған бес күнде 10 шақты компанияға жазып үлгердік. Соның сегіз-тоғызы қазақша жазып жүр, — дейді ұйым мүшелері.
Qazaqsha jaz қозғалысына қазақ тілінде ақпарат алғысы келетін кез келген адам қосыла алады. Ол үшін ұйымның Telegram-дағы арнасына қосылып, ережелермен танысу керек.
Ұйым ережесі бойынша, қазақшаны талап ету дөрекі түрде болмауы керек. Пікірлер заң мен этика шеңберінде, сыпайы берілуі тиіс. Қазақша жазбайтын бренд парақшасын сынға алмас бұрын оның пайдасын, жақсы тұсын атап, мақтап өтуге болады.
Қозғалыс қалай жалғасатынын уақыт көрсетеді. Мен Qazaqsha jaz қозғалысы мақсатына жетіп, парақшаны және чатты өшіретін күнге жетуді армандаймын, — дейді ұйымдастырушылардың бірі.
* * *
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген деректерге сәйкес, 2009 жылғы халық санағының мәліметтері халықтың 74%-і қазақ тілін ауызша түсінетінін, 64,8%-і еркін оқитынын, 62%-і еркін жазатынын көрсеткен.
Ресми мәліметтер бойынша Қазақстандағы түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 95,5%-ті, ұйғырлардың 93,7%-і, қырғыздардың 92,7%-і қазақ тілін тұрмыстық деңгейде, ал 12%-і жоғары деңгейде меңгерген. Славян этностары өкілдерінің арасында ауызекі қазақ тілін орыстардың 25%-і, украиндардың 21,05%-і, белорустардың 19%-і, поляктардың 20,9%-і, сонымен қатар неміс этностарының 24%-і түсінеді, — делінген Тіл саясатын іске асыру жөніндегі бағдарламада.
Өткен жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ-ға қатысу туралы өтініш бергендердің 75,3%-і сынақты қазақ тілінде, 24,6%-і орыс тілінде тапсыратынын көрсетті деп мәлімдеген еді.