Әйгерім Даулетьярова
Әйгерім Даулетьярова, Атырау қаласы студенттерінің жеңілдік картасын шығарады, Сурет ©szh.kz

— Бұндай картаны [студенттің жеңілдік картасы — авт.] шығару арқылы ақша табуды көздеген жоқпын. Бұл әлеуметтік жоба. Қаламыздың студенттеріне жеңілдік жасап, ақшаларының үнемделгенін қаладым, -деді Әйгерім. — Шыны керек, бұндай нәрсе Атырауда бұрын-соңды болған жоқ. Тек басқа қаладан келіп, студенттерімізді сатып алуға міндеттеген. Алайда, барған жерлерінде ешқандай жеңілдік жасалмаған. Сондықтан, атыраулық студенттерде бұндай карталардың шынайы жұмыс істейтініне қатысты күдік бар. Бірақ, уақыт өте келе, олардың сенімін қайтарамыз деп ойлаймын.

«5 пайыздан 70 пайызға дейін жеңілдік жасалады»

жеңілдігі бар студенттік карта
Сурет ©szh.kz

Әрбір картада әр студентке тән қайталанбайтын нөмір бар. Студент оны бір жыл бойы қолдана алады. Карта тамақтану, фитнес, би, жаттығу залдары, сұлулық салондары, ауруханалар, тіл оқыту, жүргізуші куәлігін алу сынды бірнеше қызмет түрлеріне 5 пайыздан 70 пайызға дейін жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Жақында ұшаққа 10 пайыздық жеңілідк қостық, енді такси мен пойыздарға да қосамыз.

Шектеулеріміз де жоқ емес: алкоголь өнімдері, темекі, құмар ойындары мен түнгі клубтарға жеңілдік бермейміз. Қазіргі таңда 50-ден астам мекемемен келісім-шарт жасастық. Бұл тізім көбейіп тұрады, бірақ азаймайды. Өйткені біз келісім-шартты бірден 2017 жылдың 31 тамызына дейін көрсетеміз. Ол кісілер бізден шығып кете де алмайды. Берілген пайыздарын ұстап тұрады, я болмаса көтереді. Азайта алмайды. Тамақтанатын жерлер бізде өте көп, әлі де қосылады. Біздің серіктестеріміз туралы толық ақпаратты сайтымыздан білуге болады.

«Серіктесті қалай көндіреміз?»

Бізбен серіктес болу-болмау компания басшыларының түсінігіне байланысты. Оларға өз ойымды толғымен жеткізіп, барлығының студенттер үшін жасалып жатқанын айтамын. Шыны керек, мен өзім студент емеспін, жүргізуші куәлігінің де маған қажеті жоқ. Бірақ студенттер оны оқиды, олардың қызығушылығы бар. Біреулер бас тартады, түсінеміз. Мүмкін олардың бизнестен көріп отырған табыстары аз шығар. Бір кісілер «Өзім де студент болдым, студенттерді қолдаймын, студенттерге бере аламын», деп қуана-қуана келісімін беріп жатады.

Ең басында қиын болды. Директорды тауып, оның қабылдауына жазыламын, күтемін, не үшін келгенімді дұрыстап тұрып түсіндіремін, келісіп, келісім-шартқа қол қойдырамын, кейде ол кісілердің көңіл-күйлеріне байланысты жақтырмай қалатын кездері болады. Бірақ бәрінің жолын тауып, келісуге бірталай уақытың кетеді.

Карта шыққанда Атырау қаласы әкімшілігі мен Жастар саясаты басқармасының қолдауын алып, қаладағы бүкіл колледж бен ЖОО-ларға барып, презентация жасадық. Қазіргі уақытта қала бойынша мүмкіндігі шектеулі және жетім студенттерге тегін тараттық, енді ,студенттер күніне тағы да жеңілдіктер қосып жатырмыз.

Әйгерім Даулетьярова
Сурет ©szh.kz

Жеңілдіктер картасының 3 түрі бар:

  1. Мүмкіндігі шектеулі және жетім студенттер үшін — тегін;
  2. Көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан, жартылай жетім студенттер үшін – 1000 теңге;
  3. Басқа студенттерге – 1500 теңге;
  4. Сырттай бөлімдегі студенттерге – 2000 теңге.

Картаны қалай алады?

Жеңілдіктер картасын алу үшін bolashak-card.kz сайтына кіріп, тіркелу арқылы тапсырыс беруге болады. Ол бізге келіп түскен соң, өзіміз хабарласамыз.

Қазір мен студенттер мен кәсіпкерлердің арасындағы көпір қызметін атқарып жүрмін. Студенттер өз қажеттіліктерін айтады, мен оны кәсіпкерге жеткізіп, мейлінше жеңілдік алып беруге тырысамын.

Әйгерім Даулетьярова
Жеңілдігі бар студенттік картаның координаторлары, Сурет ©szh.kz

Негізі, аяқ астынан ойыма келген бастама емес. Ойымда жүргеніне көп болды. Бір күні туған күнімді тойладым да, ертеңінде құжаттарымды қолтықтап алып, кірісіп кеттім. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой. Солай бастадық. Бүкіл оқу орындарына осы картаны таратумен айналысатын координаторлар сайладық. Енді командада 36 студент болады.

Әйгерім Даулетьярова
Әйгерім Даулетьярова: Бізге Алматыдан да хабарласып жатады. «Картаны алайын деп едім»,-дейді. «Қайда оқисыз?»,-десек, «ҚБТУ-да», -дейді маған (күліп). «Кешіріңіз, біздің жоба тек қана Атырау қаласына арналған»,-дедік. Орал қаласынан да жазып жатады. Сурет ©szh.kz

Сосын сайтқа тек жеңілдік алуға болатын мекемелерді ғана емес, бүгінгі жастар арасындағы тағы бір өзекті мәселе – «Жұмыс» айдарын енгіздік. Бұл жерде 1-2 курс студенттері бізге өтініш қалдырады.  Мен жұмыс беруші мекемелерді тауып, олармен келісім-шартқа отырамын. Келісім-шарт бойынша, студент міндетті түрде ол жерден еңбекақысын алуы керек. Бұл бөлімнің болашағы зор! Қалалық Жастар саясаты бақармасының қолдауымен оны «Атырау қаласы студенттерінің жұмыспен қамту орталығы» қылып шығарғымыз келеді. Онда 2-3 курс студенттеріне мамандық бойынша практикалық жұмыстан өту қарастырылған. Бізге өтініш берген кезде студент сабақтан тыс уақытын, мамандығын көрсетеді. Мысалы, электрик мамандығында оқитын студент өтініш қалдырса, мен осындай маман қажетті болатын мекемелерді тауып, олармен келісім-шарт жасаймын. Жоба бойынша қызметкердің негізгі еңбекақы көлемі 80 мың теңге болса, студентке оның 50 пайызы – 40 мың теңге беріледі. Бірақ тұрақты түрде. Бұл бастамаға облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев қолдау көрсететінін айтты.

Әйгерім Даулетьярова
Студенттің жеңілдік картасының координаторлары, Сурет ©szh.kz

Мен өзім Қарағандыдағы экономикалық университетте оқып жүргенде, ректордың қолдауымен Мәскеуге бардым. Ол жақта студенттерге өте жақсы жағдай жасалған: студенттер түскі ас ішу үшін ұзақ-сонар кезекке тұрмайды; ол үшін бір ғимаратта бірнеше асхана ашқан; түскі ас уақытында 50 минут үзіліс беріледі; тамақтың бағасы өте арзан. Мен осыларды Атырауға енгізгім келеді.

Әйгерім Даулетьярова
Сурет ©szh.kz

Мен өзім нан өнімдерін жақсы пісіремін. Сондықтан сенімді түрде айта аламын: Атырауда тамақ қымбат, алайда сапасы бағасына сай емес. біздің қалада, білесіздер, біреудің ата-анасы мұнайшы болса, екіншісінің ата-анасы қарапайым жұмысшы болуы мүмкін. Сондықтан асханалар да бағаны екі жақтың жағдайын ескеріп қойса деген тілек бар. Кейде студенттер келіп, «карталарыңыз біздің университеттің асханасына жарай ма?» деп сұрайды. Оларға «Ренжімеші» дегеннен артық жауап бере алмаймыз. Ол жеке кәсіпкер, мен оны күшпен келісім-шартқа отырғыза алмаймын ғой.

Жасмин Таласпаева

Жасмин Таласпаева, Атырау мұнай және газ университетінің 3- курс студенті:

— Бұл карта туралы [студенттің жеңілдік картасы – авт.] естігенде шынымен де қызықтырды. Студенттерге жұмыс тауып беретінін қос қолдап қолдаймын. Мысалы, мен келесі жылы университет бітіремін. Жұмыс іздеп барсам, менен тәжірибе сұрайды. Ал, бізге университеттің өзі тәжірибеден өтетін жер тауып бере алмай отырғанда, Әйгерім Даулетьярова бізге сондай мүмкіндік жасайды.

Нұргүл Қалимолда

Нұргүл Қалимолда, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 3-курс студенті:

— Бір айдай уақыт бұрын, бұл картаға байланысты университетке келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Меніңше, пайдалы жақтары өте көп. Оны топ болып сатып алып, көз жеткізіп жатырмыз. Әсіресе, студенттер жиі барады-ау деген орындарға бірнеше пайыз жеңілдіктің болуы студенттің қалтасына өте тиімді деп ойлаймын. Ал, картаның өзінің бағасы да студенттердің қалтасына қолайлы, қымбат емес. Дәл бүгін студенттер күнінде қаржы жағынан тіптен пайда тұсы көп болары сөзсіз. Сондықтан, бұл картаны қолданар болсақ, ұтылмасымыз анық.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Әнуар Әбілғазиев

«Шынайы жақсылық адамдарға деген шексіз мейірімділіктен көрінеді».

Жан Жак Руссо

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!