АҚШ

АҚШ-тың Moderna компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинаны матрицалық РНҚ негізінде жасауға кіріскен. Бұл екпе дәстүрлі вакциналарға қарағанда артық жасалған дейді: әзірлеу салыстырмалы түрде аз уақыт алады, әсері жоғары және адамды ауруға шалдықтыру қатері төмен.

Moderna 16 наурызда АҚШ ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтымен (NIAID) бірлесе отырып, 19-55 жас аралығындағы 45 ерікті азаматқа тестілеу жасаған. Сынақ барысында еріктілерге вакцинаның екі дозасы салынды. 18 мамырда компания сегіз адамның қорытындысына сүйене отырып, екпе ойлап табудың бірінші кезеңі сәтті аяқталғанын жариялады.

Ал екінші кезеңге 18-55 жас аралығындағы 45 ерікті қатысты. Олар 15 адамнан үш топқа бөлінді. Әр топқа түрлі дозада mRNA-1273 вакцинасы берілді.

Еріктілерге араға 28 күн салып 25, 10 және 250 микрограмм екпені екі рет салған. Бірінші екпе нәтижесінде барлық қатысушының ағзасында коронавирусқа қарсы антиденелер қалыптасқан. Екінші екпеден кейін дозасы аз екпе қабылдаған адамдардағы антиденелердің саны едәуір артқан.

Ғалымдар сынақ кезінде вакцинаның кері әсері де болғанын айтады. Екінші вакцинациядан соң кей еріктіде шаршау, қалтырау, бас ауруы, инъекция орнындағы бұлшықеттің ауырсынуы сияқты белгілер байқалған. Дегенмен тестілеуді ары қарай жүргізуге кедергі болатын факторлар анықталмағандықтан, вакцинаны жасау жалғасып жатыр. Moderna компаниясы COVID-19-ға қарсы екпені 2021 жылдың басында шығаруды жоспарлап отыр.

Moderna-дан басқа, АҚШ-та вирусқа қарсы екпені дәрі-дәрмек пен медицина құралдарын шығаратын Johnson&Johnson компаниясы, Merck және Рfizer фармацевтика компаниялары, Inovio биотехнология компаниясы, сонымен қатар AstraZeneca британ-швед фармацевтика компаниясы Оксфорд университетімен бірге дайындап жатыр.

екпе
Фото: Rbc.ru

Қытай

Қытайдың Sinopharm мемлекеттік компаниясы екі түрлі вакцинаның клиника сынағын бастап кетті. Препараттың бірі Ухань биопрепарат институтымен бірге, екіншісі Пекин биопрепарат институтымен бірге әзірленіп жатыр. Олардың сынағына бірнеше мың адам қатысқан.

Компания Пекинде жылына вакцинаның 100 миллион дозасын шығаратын зауыт салған. Екінші зауыт Уханьда тұр.

Сонымен қатар, Қытайдың Sinovac Biotech жекеменшік компаниясы CoronaVac екпе тестілеуінің екінші фазасын өткізіп жатыр. Мамырда бұл компания да жылына 100 миллион доза вакцина өндіретін зауыт салуды бастады.

Полиомиелит және А гепатитіне қарсы екпе ойлап тапқан қытай ғалымдары да COVID-19-ға қарсы вакцинасын сынақтан өткізіп жатыр.

Жапония

Жапония ғалымдарының коронавирусқа қарсы екпесінің ерекшелігі — вакцинаның мұрын қуысы арқылы егілуі.

Зерттеу тобының жетекшісі Казухико Катаяманың айтуынша, вирус адам ағзасына әдетте мұрын қуысы арқылы енеді, сол себепті вакцинацияның бұл әдісі басқа тәсілге қарағанда тиімді.

Зерттеу жұмыстары Токиодағы Китасато университетінде жүріп жатыр. Вакцина ине тәрізді микроскопия молекулаларынан жасалады. Ингаляция кезінде олар шырышты қабыққа еніп, оған адам иммунитеті реакция береді.

Сонымен қатар, AnGes Inc жапон фармацевтика компаниясы нуклеин қышқылына негізделген ДНҚ вакцинасын ойлап тапты. Тышқандарға жүргізілген алғашқы сынақ сәтті өткен. Маусымның соңында компания адам денесіне сынақ жүргізе бастады.

Одан бөлек Жапониядағы Осака қаласының префектурасының денсаулық сақтау органдары жергілікті университеттермен бірлесе отырып, COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны дайындап жатыр. Жануарларға сынама тесттер жасалды. Осака губернаторы Йошимура Хирофуми клиника сынағының бірінші кезеңінде денсаулық сақтау саласының 20-30 қызметкеріне екпе жасалатынын айтты. Вакцинаны әзірлеу оң нәтижесін берсе, Жапония 2020 жылдың соңына қарай 200 мыңға дейін доза дайындап, қадағалау органдарының келесі жылға рұқсатын алуды жоспарлап отыр.

Коронавирус пандемиясы
Иллюстрация: Dribbble.com/©Gung Wiyat

Үндістан

Нью-Делидегі Үндістан медицина ғылымдарының институты коронавирус инфекциясына қарсы екпе әзірлеуге кірісті. 24 шілдеде алғашқы сынақ дозасы енгізілен. Бұл туралы AP хабарлады. Коваксин вакцинасы — дүниежүзінде адам ағзасына сыналып жатқан жиырмаға жуық вакцинаның бірі. Екпе 2021 жылы дайын болады.

Солтүстік Корея

Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) коронавирусқа қарсы екпе жасап, клиника сынақтарын өткізуді бастап кетті.

Екпе ағзаның иммун жауабын тудыруға бағытталған. Мұндай емнің артықшылығы – қауіпсіздігі, кемшілігі – тұрақты түрде салып отыру керек, себебі иммуноген деңгейі төмен, яғни екпені бірреттік деп атауға болады. Қазір клиника сынақтары жүріп жатыр. Жан-жануарларға жасалған тест емнің нәтижелі екенін көрсетті. Алайда SARS CoV-2 жұқтырған ел азаматтары туралы ресми ақпараттың жарияланбауына байланысты жергілікті ғалымдар екпенің адамға қалай әсер ететінін әлі біле алмай отыр.

Қазақстан

Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп жатыр. Ғалымдар бес түрлі вакцина жасайды. Оның ішінен ең тиімдісі клиника сынағына таңдалады. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, қазіргі уақытта вакцина әлі әзірленбеген және оның бағасы да айқындалмаған.

Ведомствоның болжамына сәйкес, вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынады. Вакцина алатын адамдардың саны шамамен 2 347 000 адам болмақ.

* * *

Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.