11 шілде күні белгісіз адамның Түрксіб ауданына қарасты аумақтағы үйді тонап, үй иесінің 17 мың долларын қолды етіп, 15 жастағы қыз баласын зорлап кеткені туралы хабар түскен. Істің ізіне түскен Алматының жедел уәкілдері күдіктінің әл-Фараби даңғылындағы көпқабатты үйден пәтер жалдап, тығылып жатқанын анықтайды. Оларға 13-қабаттағы пәтерге сантехник кейпінде кірулеріне пәтердің иесі көмектескен. Ол өзіндегі артық кілтпен есікті ашып, күдіктіге «құбырдан су ағып жатқанын, сол үшін сантехник келгенін» айтып, ішке енген. Күдікті Бақытжан Бәкіров пен Мейір Несіпбайды көріп, өзінің қолға түсетінін сезінген сәтте келесі бөлменің терезесінен секіріп кеткен. Полиция майоры Бақытжан Бәкіров «қылмыскерді қайткенде де ұстау керек» деген оймен оның соңын ала секірген. Бірақ қашқан ер адам да, жедел уәкіл Бақытжан да 11-қабаттың террасасына түскен.
Бәрі қас-қағым сәтте болды. Енді қолға түсейін деп тұрған қылмыскер терезеден секіріп кеткенде, менде тек «оны құтқармау керек» деген ой болды. Сол оймен оның артынан қалай секіріп кеткенімді білмеймін. Тағы екі қабат төмен пәтердің террасасына екеуміз қабаттаса құладық. Ол келесі террассаға секірмек болғанда жерге ұрып құлаттым да, артымнан көмек жеткенше ұстап отырдым, — дейді Бақытжан Бәкіров.
13-қабаттан жерге емес, төменгі қабаттың террасасына түсуге болатынын қылмыскер білгенмен, Бақытжан Бәкіров білмеген.
Қашқынды қолға түсіріп, ұстап отырғанда ғана көз алдыма әлі буындары қатпаған алты балам елестеді. Құдай сақтады. «Егер мен мерт болсам олардың болашағы не болар еді? 2 ай бұрын ғана дүние есігін ашқан егіз балам не болар еді?» деген ойлар миымды жаулап алды. Ал секірер кезде бар мақсатым — қылмыскерден айырылып қалмау болды. Өйткені оның бүлдіршін қызға жасаған зорлығын естігенде, жауызды жазасыз қалдырмауға серт бергем, — дейді ол.
Төменге секіріп кеткеннен кейін де Бақытжан Бәкіров өкше сүйектерінің сынғанын ет қызуымен елемеген. Қазір оның аяғына үш рет ауыр операция жасалды.
Бақытжан Бәкіров Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісайда туып-өскен, үйінің тұңғышы. Әкесі Әнуар ұзақ жыл Шымкенттегі мақта зауытында қызмет еткен.
Біздің тәрбиемізбен негізінен анамыз айналысты. Оңтүстікте ес білген бала қарап жүрмейді. Мақта терімі, бау-бақша күтіміне бала кезден араласамыз. Сондықтан шығар, еңбектің қадірін біліп өстік. Абай атындағы Ұлттық университеттің заң факультетін бітірген соң, мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмай біраз жүрдім. Бірақ бос жүрген жоқпын. Қолымнан қандай жұмыс келеді, бәрін істедім. Құрылыста да істедім. 2006 жылы Алматы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметіне ішкі істер органдарына қабылдау тәртібінің барлық талабын орындап, конкурстан өтіп барып орналастым. Содан бері осы қызметемін. Қызмет барысында небір күрделі операцияларды орындауға тура келеді. Осы жолғы әрекетімді мен ерлік деп бағаламаймын, қылмыскерді ұстау – менің міндетім, – дейді Бақытжан Бәкіров.
Осы міндетін орындауда батылдық танытып, ауыр қылмыс жасап қашып жүрген күдіктіні ұстағаны үшін полиция майоры Бақытжан Бәкіров пен полиция аға лейтенанты Мейір Несіпбай Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Сонымен қатар Бақытжан Бәкіров ҚР Президентінің жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Гүлнәр Мағзұмова