Семей туралы 10 миф

1. «Полигонның балалары»

Семей полигонның балалары
Сурет: bnews.kz

«Семейде туғандардың денсаулығы жоқ». Мұндай аңыздың ел ішінде тарауына бірден-бір себеп — 1945 жылдан бастап Семейде ядролық сынақтардың жүргізілуі. Ол 40 жыл бойы жергілікті халық денсаулығы мен өңір табиғатына кері әсерін тигізді. Ядролық сынақтар 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен тоқтатылды. Бұл күнде полигон жабық. Алайда, зиянды сынақтар өткен жерге алыс-жақын шетелдерден туристер көптеп ағылады. Семей полигоны зардабын тартқан 1 млн 200 мың адамнан бүгінде 400 мыңы тірі қалған. Оларға үкімет тарапынан өтемақы беріліп тұрады. «Семейде кемтар адамдар көп» деген аңыз осы полигон синдромына байланысты тараса керек. Алайда, бүгінде Семейден ондай адамдарды көруіңіз некен-саяқ.

2. «Семейдегі аспалы көпір құлауы мүмкін»

Семейдегі аспалы көпір құлауы мүмкін

Аспалы көпір 2000 жылдың 17 қазанында ашылған. Мұндай көпір ТМД-да жалғыз. Әлем елдерінің өзінде саусақпен санарлық қана. Көпір Ертістің арғы беті мен бергі бетін байланыстырып жатыр. Одан күніне мыңнан астам көлік өтеді. Ұзақ уақыт күрделі жөндеу жұмыстарын көрмегендіктен халық арасында «аспалы көпір құлауы мүмкін» деген қауесет тараған. Алайда көпір құрылысының жобасын ұсынған жапондық Исакавадзима Харима Хеви Индастриз Компаниясы пайдалану кепілдігін 200 жыл деп көрсеткен.

3. «Семей — Сібір»

Семей - Сібір аяз
Сурет: vko-eparhia.kz

Суығы мен аязына байланысты Семейді халық арасында «Сібір» деп атайды. Климатының шұғыл континентальдылығы жылдық және тәуліктік температуралардың жоғары амплитудасы салдарынан болып отыр. Қыста -45 – қа, жазда +45 –қа дейін жетеді. Алайда, Қазақстанның ең суық жері Семей емес, солтүстік-шығыстағы Атбасар жері. Мұнда ауа температурасы бір жылдары -57°С-қа дейін жеткен.

4. «Семейде ормандар жиі өртенеді»

Семейде ормандар жиі өртенед
Сурет: zastavki.com

Шығыс Қазақстан облысы мен Кенді Алтай аймағының 1,5 миллион гектар жерін ормандар алып жатыр. Семей қаласынан 19 шақырым қашықтықта қылқанжапырақты орман, Березовка маңында қарағайлы орман орналасқан. Семейдегі орман өрттері найзағай түскенде ғана тұтанады. Қарағайлы ормандарға қарағанда, сексеуілді ормандардың өртенуі жиі тіркеледі. Бұл өрттер еліміздің оңтүстік аймақтарында орын алады. «Тілсіз жаудың» жүрмейтін жері жоқ. Тек қауіпсіздік техникасы қарастырылса болғаны.

5. «Семейді су басуы мүмкін»

Семейді су басуы мүмкін
Сурет: avivas.ru

Ертіс суының жылғадан асып ағылуына байланысты 1778 жылы бекініс өзеннен 18 шақырым қашықтықта орналасқан жерге көшірілген. Қалада өзен порты жұмыс істейді. Қардың көп түсуіне байланысты жыл сайын су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіледі. Бірақ бұл өзгерістер белгілі бір маусым аралығында ғана орын алады. Әсіресе, көктем айларында еліміздің барлық өңірі су тасқынының алдын алуға дайындалады. Ал, еліміздегі су басу қаупі жоғары аймақтарға Алматы облысының таулы аймақтары мен оңтүстіктегі өзендер бойындағы елді мекендер жатады.

6. «Семейде тек наймандар тұрады»

Семейде тек наймандар тұрады
Сурет: youtube.com

Халық арасында «Семейлік қазақ — найман» деген стереотип қалыптасқан. «Қазақстанда аса кең тараған қауіпті екі вирус бар: олардың алғашқысы «шымкентский вариант» болса, екіншісі «найманский вариант» дейді тағы бір миф. Тарих бойынша наймандар Ертіс жағалауын мекендеген ірі ру. Алайда, Семейде керей, уақ, арғын мен жалайырлардың да үлес салмағы басым.

7. «Семей — қала емес, «Үлкен ауыл»

"Семей - қала емес, "Үлкен ауыл"
Сурет: 7palat.kz

Қала сыртындағы ауылдардың Семейге қосылып кетуіне байланысты оны қала емес, «Үлкен ауыл» деп атайды. Семей аумағы бойынша әлемдегі үлкен қалалардың қатарына енеді. Семейдің қала екенін орталық жылу жүйесіне қосылуы, ет комбинаты, цемент зауыты, СЭС пен ЖЭС-ның көп болуы, былғары, аяқ киім кәсіпорындарының осы қалада орналасуы, халқының саны мен көп қабатты ғимараттардың молдығы дәлелдейді.

8. «Семейде мұсылмандар аз»

Семейде мұсылмандар аз
Сурет: azattyq.org

Семейде шіркеулер көп болғандықтан «қалада мұсылмандар аз» деп жатады. ҚазАқпараттың дерегі бойынша 2015 жылғы 25 қазанда Семей өңірінде тіркеуден 35 діни бірлестік өтті. Олардың ішінде 18 мешіт, 4 православие шіркеуі, 2 католик приходы және 1 дәстүрлі емес діни бірлестік бар. Бүгінде Ислам дініне бет бұрушылар саны күн санап артуда. Мешіт санының көп болуы да қалада Ислам дініне сенушілердің көптігін байқатады.

9. «Семейдің жолы нашар»

Семейдің жолы нашар

«Семейге барар жол нашар, адамды шаршатып жібереді» деген аңызды жиі естисіз бе? Олай болса қалаға өзіңіз сапар шегіп көріңіз. Шығыс Қазақстан облысында теміржол, автомобиль, су және әуе жолы қатынастары қатар дамыған. Автомобиль және су жолының ұзындығы бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада 1-орынды алады. Семей қаласына өзіңізге қолайлы көлік түрімен ыңғайлы уақытта еш қиындықсыз жете аласыз.

10. «Семейде тек орысша сөйлейді»

Семейде тек орысша сөйлейді
Сурет: ssn.kz

Семей халқының 44 пайызы орыстар. Осыған байланысты «Семейде тек орысша сөйлейді екен, орысша білмесең күн көре алмайсың» деген аңыз да айтылады. Негізі қазақтың «Мәдени астанасы» саналатын Семейді қазақтілділер мекен етеді. Семей — қазақтардың рухани орталығы. 2014 жылғы деректер бойынша қазақ тілін меңгерген қала тұрғындарының үлесі 78 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш солтүстік аймақтармен салыстырғанда анағұрлым жоғары.