Құмарбек Қожекенов 20 жылдай терапевт болып жұмыс істеген. Кейінгі жылдары Психикалық сауықтыру орталығында психотерапевт-нарколог болып қызмет атқарады. Қазір бұл орталық коронавирус жұқтырып, өкпесі қабынған пациенттерді емдейтін провизор госпиталіне айналды. Құмарбек Қожекенов өзге әріптестері сияқты коронавирус жұқтырған науқастарды емдеп жүр.

Карантин кезінде біздің емхана шетелден ұшып келгендерді 14 күн бақылайтын орын болды. Біраз аурухана госпитальге айналды, орталық та өзгерді. Бізді алдын ала оқытты. Ресейден мамандар келіп, тәжірибесімен бөлісті, — дейді ол.

Құмарбек аға күнде таңертең жұмысқа 7.30-да келеді. Арнайы костюмді киіп, сағат 7.45-те бөліміндегі науқастарды аралап, жағдайын біліп шығады. Дәрігер қасындағы әріптесімен бірге 58 адамға жауапты. Таңғы жиналыста ауруханаға қанша адамның түскені, науқастардың жағдайы талқыланып, күннің жоспары айтылады.

Психикалық сауықтыру орталығы 30 маусымнан бастап 180 адамға арналған госпиталь болды. Мұндағы дәрігерлер осы уақытқа дейін 445 пациентті қабылдады. Оның 244-і жазылып шықты.

Қазір адамдар көбіне өкпесі қабынып, дем ала алмай, ауруханаға түсіп жатыр. Көбі 25-55 аралығындағы орта жастағылар. Күніне он шақты адам ауруханадан шығып, емді ары қарай үйде жалғастырады. Бірақ таңертең келгенде, сол орынның бәрі қайта толып тұрады, — дейді Құмарбек Қожекенов.

Дәрігер маусымның 30-нан бастап бір аптадай уақыт жұмыстың күрт қиындап кеткенін айтады. Себебі жедел жәрдеммен келіп түскен аурулар саны артқан. Біразының жағдайы асқынып кеткен.

Басында қиналдық. Бір-екі тәулікте 150 адамға бірдей қараған кезіміз де болды. Біразы үйде өз бетінше емделіп, нәтиже болмағасын бізге келді. Мұндай адамдардың жазылуы кейде қиын. Себебі ауру асқынып кетіп жатады. Бастапқыда дәрі-дәрмек те жетпеді. науқастардың туыстарына қандай дәрі керек екенін айтып, сұрап жүрдік. Қазір жағдай оңалды, — дейді психотерапевт-нарколог.

Дәрігер Құмарбек Қожекенов
Дәрігер Құмарбек Қожекенов. Фото жеке архивінен

Құмарбек Қожекенов коронавирус бәрінен де созылмалы аурумен ауыратындарға қауіпті екенін айтады.

65-70 жастағы қарт кісілерде созылмалы аурулары болса, әсіресе, қант диабетімен ауырса, жазылуы қиынырақ, — дейді ол.

Қазір провизор госпиталінде жұмыс істейтін дәрігерлерге демалыс жоқ. Күнде кешке қорғаныс киімін дезинфекциялап, тазалайды. Таңертең қайта жұмысқа кіріседі.

Волонтерлар келіп, көмектесіп жатыр. Тамақ сусын, тіпті жүрек соғысын өлшейтін аппараттарды әкеп береді. Түскі ас әрдайым болады, ол жағынан қиналып жатқан жоқпыз. Біраз компания дәрігерлерге көмектесіп, қол ұшын созды. Мәселен, Kaspi.kz компаниясы ыстық тамақ ұйымдастырып, жеткізіп, көмектесіп жатыр. Оларға алғыс айтамыз, — дейді дәрігер.

Құмарбек Қожекенов осыған дейін карантинде жатқандарды бақылағаны үшін уақытылы жалақы алған. Госпитальдегі жұмысына айлық енді төленеді.

Ауруханаға 14 күн карантинде жататын адамдарды алып келгенде басшылық жұмыс істеуімізді сұрады. Дәрігер ретінде адамдарды емдеу – менің парызым. Қалай бас тартамын? Бірден келістім, — дейді ол.

Дәрігер әлі де коронавирустың бар екеніне сенбейтін адамдарға алаңдаулы. Ол «Маған жұқпайды» деп, тиісті шараларды ұстанбайтын тұрғындарды күнде көретінін айтады.

Карантин шараларын енгізді ме, оны халық ұстануы керек. Үнемі маска тағып жүру қажет. Адам көп жиналатын жерге бармаған дұрыс. Қолды сабындап жуып, барынша сақтану керек. Адамдар жағдайға немқұрайлы қарағаннан бір-біріне жұқтырып жатыр. Әр адам өзін болмаса да, қасындағы жақындарын ойлауы керек. Көшеде жүргенде, кафеде отырғанда көбі ара қашықтықты сақтамайды, — дейді психотерапевт-нарколог.

Дәрігер қазір Алматыда жағдайдың тұрақталғанын айтып отыр. Адамдар да ауруханадан шығар кезде алғысын айтып, ақ халаттылар туралы интернетте жылы лебізін жазып жүр екен.