Болат Салтуреев биыл BBM Group компаниясын ашты. Жанына Мади Нұрғалин, Еркін Исатаев, Абылай Сейтхожин есімді білімді жастарды жинап, жұмысты бастап кетті. Алғашқы жоба – Қазақстандағы жеті сиқырлы қонақүй. Тақырыбы – Марстағы капсулалар. Болаттың айтуынша, бұл жобаға инвестор табылса, елімізде туристерге қолжетімді бағада 5 жұлдызды қонақ үй сервисін ұсынуға мүмкіндік туады.

Қонақүй сызбасы. Фото жеке архивінен

Жеке бизнес ашуды біраз жыл бұрын ойлап жүргенмін. Биылғы карантин көп нәрсені өзгертті. Ойымда жүрген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болды. Барлық мемлекет шекарасын жауып жатқанын көріп, «ішкі туризмді қалай дамытуға болады?» деген сауалға жауап іздедік. Ақыры қонақүй жобасын жасадық. Бір-біріне ұқсамайтын жазық далада, тауда, суда, орманда туристерді қабылдайтын жеті түрлі қонақүй болады. Мақсатымыз жүзеге асса, Бурабайда, Маңғыстау үстіртінде, Каспий жағалауында, Таразда осындай ерекше нысандар құрамыз, — дейді Болат.

Қонақүй сызбасы. Фото жеке архивінен

Кәсіпкердің айтуынша, Алматының көрікті жерлері жетерлік. Соның бірі – Шарын шатқалы. Оған жақын жерде Қайыңды, Көлсай, Алтынемел, Ыстық су, Қорғас бар. Бұл жерлерге демалушылар өте көп келеді.

Шарынға бара жатып, жол жиегіндегі дәретхананы, шашылып жатқан қоқысты көріп, жүрегің ауырады. Адамдар демалуға келіп, жеген тамақ қалдығын қалдырып, жинастыруға ерінетіні өкінішті. Бізде әлі табиғатқа құрметпен қарау қалыптаспаған. Экологияға зиян келтірмеу, айналаны ластауға жол бермеу үшін жақсы демалыс орындарын салуды дұрыс деп есептеймін. Шарын шатқалының маңына Қазақстанда жоқ ерекше қонақүй салуды армандаймыз. Басты мақсат – Қазақстанның көрікті жерлерін дүниежүзіне таныту, туризмді дамыту, — дейді жоба авторы.

Жеті сиқырлы қонақүй ғарышты еске түсіреді. Болаттың айтуынша, қонақүйде күн қуатты панельдер, жел генераторлары болады. Ол электр энергиясын шығынсыз пайдалануға мүмкіндік береді. Әр бөлме заманауи технологиялармен безендірілген. Дәретхана вакуумды. Телескоптар қойылған. Бұл жер туристке Марста жүргендей әсер қалдырады. Келген адамдар үш уақыт тамақтануына, бөлмеде демалуына барлық жағдай жасалады.

Біздің кемшілік – жоқ нәрсені ойлап табуға тырысамыз. Дүниежүзінде мұндай қонақүйлер бар. Біз оны ерекшелеп, бейімдеп ұсынғымыз келеді. Туристер Қазақстанда осындай көрікті жерлердің бар екенін көбірек білуі керек. 5 жұлдызды қонақүйдің қызметі қолжетімді бағамен ұсынылса, елімізде жыл бойы демалушылардың саны әлдеқайда артатын еді, — дейді Болат.

Қонақүй сызбасы. Фото жеке архивінен

Болат келешекте бұдан да ерекше қонақүй жобасын жасауды армандайды. Ол Алматыдағы Құрылыс және менеджмент колледжін бітірген. Кейін Малайзияның Лимкокуинг университетіне оқуға түседі. Айтуынша, жоба жасауда колледжде алған білімі мен Малайзиядағы жинаған тәжірибесі көп көмектескен.

Малайзияда архитектура мамандығында оқыдым. Сабақ ағылшын тілінде өтетін. Түрлі ұлт өкілі бір топқа жиналдық. Ең мықты оқыған – қытайлық студенттер. Жасаған жобаларының сапасымен, идеясымен үнемі алда болды. Оны көріп, біз де ізденісті артырып, бәсекелесіп оқыдық. Соның арқасында бізде де ерекше дүние ойлап табуға құлшыныс артты. Малайзиядағы ЖОО маған логиканы дамытуды, ерекше ойлауды, қайталанбас жоба жасауды, креатив дүниелер табуды, ізденісте жүруді үйретті. Дүниежүзінің әр елінен жақсы достар табуға көмектесті, — дейді ол.

Болат Салтуреев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жас архитектор елге келген соң бір жыл өзін басқа салада сынап көреді. Кейін Қазаққұрылыс компаниясына архитектор болып жұмысқа тұрады.

Мақсатым — шетелде жинаған тәжірибемді пайдаланып, көп идеяны жүзеге асыру еді. Сондықтан бір орында қалып қойғым келмеді. Халықаралық компаниялардан жұмыс іздедім. 2013 жылы AmericanА Group компаниясы жұмысқа шақырды. Бұл — құрамында KFC, Costa Coffee, Hardee`s, Pizza Hut сияқты 20-дан аса бренд бар ірі компания. Бас кеңсесі Дубайда. Қазақстандағы нысандардың жобасын сол елдегі дизайнер-архитекторлар жасайды. Олар мені алты ай сұхбаттасудан кейін ғана жұмысқа алды. Онда да бірден жаңа нысанды жасауға рұқсат берген жоқ. Кейін Дубайдағы мамандар мені осында келіп оқытты. Компания KFC ресторан желісінің құрылыс жобасын жасауға конкурс жариялады. Жобалау қолымнан келетінін дәлелдеу үшін шетелдіктермен бірге бақ сынадым. Жобам жеңіп шықты. Сол күннен бастап Қазақстандағы барлық ресторан желісінің жобасын маған тапсырды. 2014-2020 жылдар аралығында Қазақстандағы 90-нан аса KFC, Costa Coffee, Hardee`s, Pizza Hut-тың құрылыс жобасын, дизайн-интерьерін сызып шықтым, — дейді ол.

Жобаның ерекшелігі – құрылыс жобасының өлшемі әлемдік стандарттан ауытқымай сызылады. Айтуынша, кішігірім құрылыс нысанының жобасын жасауға екі апта уақыт кетеді. Әуелі қағазға өлшемін сызады. Кейін компьютерде арнайы бағдарламамен өңдейді. Одан кейін Дубайдағы немесе Мәскеудегі бас архитектор тексереді. Содан кейін нысанның құрылысы жүргізіледі.

Кішігірім нысандардың жобасын сызып жүре беруге болатын еді. Бірақ ірі жобаларды жүзеге асырғым келді. Болашақта жасаған жобаларымыз жүзеге асса, туризмнің дамуына үлкен үлес болады, — дейді архитектор.