«Hard science fiction», яғни ғылыми ауыр фантастика деп аталатын фильмдер санаты бар. Бұл жанр бойынша жұмыс істеймін деген кино түсіру тобы ғылыми дәлдік пен қисынды барынша сақтауы тиіс. Төмендегі тізімге «Hard science fiction» талаптарына сай келетін фильмдер кірді. Бұдан бөлек «Гаттака», «2001 жылғы Ғарыш Одиссеясы», «Детонатор», «Аполло 18», «Андромеда» штаммы» атты көптеген туындыны атауға болады.

«Контакт»

1997 жыл. Режиссері – Роберт Земекис, басты рөлде – Джоди Фостер, Мэттью МакКонахи.

"Контакт" фильмінен кадр
Фильмнен кадр: Rottentomatoes.com

«Контакт» желісіне арқау болған романды ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан адам, астрофизик, экзобиолог Карл Саган жазған. Радиотелескоптардың қалай жұмыс істейтінін, жат планетадан келгендердің тілін аудару үшін математика қалай көмектесетінін жақсы білетін Саган өз шығармасында табиғаты бөтен саналы тіршілік иесімен тұңғыш рет кездескен адамзаттың алғашқы сәтте не істейтінін, қандай сезімде болатынын болжауға тырысыпты.

Фил Плэйт, астроном: Фантастикалық фильмдердің арасында «Контакт» жөні бөлек. Бұл туынды барынша шынайы болуға талпынады. Сюжет толықтай дерлік не дәлелденіп қойған физика теорияларына негізделген,  не қолданыстағы гипотезаларды басшылыққа алған.

«Гравитация»

2013 жыл. Режиссері – Альфонсо Куарон, басты рөлде – Сандра Буллок, Джордж Клуни.

"Гравитация" фильмінен кадр
Фильмнен кадр: Splatteronfilm.com

Астрофизик Дональд Кесслердің «ғарыштағы қоқыс күндердің бір күні қайғылы жағдай тудыруы мүмкін» деген гипотезасы бойынша түсірілген.

Фильм авторлары физика заңдарын барынша сақтауға тырысыпты. NASA-да Кассини-Гюйгенс зондымен Сатурнды зерттеумен айналысқан астрофизик Кевин Грезье режиссер Куаронға ғылыми кеңесші болған. Осының арқасында ғылыми дәлдік тұрғысынан фильм шынайы шығыпты.

Әрине, «өмірде «Хаббл», Халықаралық ғарыш станциясы және «Тяңгун» арасы мұнша жақын емес» немесе «Джордж Клуниді жұлқылап әкетіп бара жатқан не күш» деп сынағандар болды. Бірақ, ең үлкен деген айып осы екі пунктпен шектелгенін ескерсек, «Гравитацияны» нағыз «Hard science fiction» деп атай аламыз.

Майк Массимо, астронавт: Фильм зәре-құтыңды алардай дәл түсірілген. Артық ештеңе жоқ, бәрі орнында. Тіпті біздің ашық кеңістікте қолданған тістеуіктерімізге дейін жүр. «Хаббл» да өмірдегіден аумайды.

«Ай» (Moon/Луна 2112)

2009 жыл. Режиссері – Дункан Джонс, басты рөлде – Сэм Рокуэлл, Кевин Спейси.

"Ай" фильмінен кадр
Фильмнен кадр: Kanobu.ru

Болашақ. Адамзат пайдалы қазбаны Айдан алады. Бас сюжет желісі – GERTY есімді роботпен ұзақ уақыт өмір сүріп жатқан адам өмірі.

Мамандар ғылыми фильмдер ішінде лайық бағасын ала алмай отырған бір дүние болса, ол – осы «Ай» деген пікірде. Жер серігінде салынған станцияны, жол талғамайтын көліктерді, роботтарды, тағы басқа техника-жабдықты түсіргенде Джонс командасы инженерлер мен роботехниктардың кеңесін алған, сондай-ақ шын ғарыш кемелерінің құрылысын зерттеген.

NASA мамандары фильмді көріп шыққан соң режиссерге «Гелий-3 неге Айдың арғы бетінде өндіріліп жатыр, бергі жағында әлдеқайда көп емес пе?» бір ғана сұрақ қойыпты. Джонстың жауабы дайын екен: Жерге қарап тұрған Ай бетінен адамзат гелий-3 өндірсе бастаса, бұл процесс Айдың біздің ғаламшарға жүргізетін ықпалына әсер етеді (мәселен, теңіздің тартылуы, көтерілуі).

Айтпақшы, алдағы уақытта Жер серігіне саяхаттап барып, шынымен гелий-3 өндіруіміз мүмкін. Айда бұл газдың әжептеуір қоры жатыр.

«Еуропа есебі» (Europa Report/Европа)

2012 жыл. Режиссері – Себастьян Кордеро, басты рөлде – Кристиан Камарго, Анамария Маринка.

"Еуропа есебі" фильмінен кадр
Фильмнен кадр: Rottentomatoes.com

Оқиға желісі Юпитер серіктерінің бірі Еуропада өтетін бұл туынды мокьюментари, яғни «жалған деректі фильм» жанрында түсірілген. Сюжет экспедиция кезінде бөгде тіршілік иесін жолықтырған ғалымдар тобы туралы әңгімелейді.

Киносыншылар «Ғылыми фантастикаға деген сенімді тірілтті» деп атаған «Еуропа» бар болғаны 10 миллион долларға түсіріліпті. Алайда ғалымдар фильмнің ғарыштағы жағдайды, алыстағы Еуропаны дәл суреттейтініне таң-тамаша болған.

Өйтетін жөні бар: актерлер Халықаралық ғарыш станциясы мен ашық космосқа шығу видеоларын сағаттап қараған, астроном Нил Деграсс Тайсон өз дәрісінің фрагменттерін пайдалануға рұқсат берген, астробиологтар Дэйв Мошер мен Стив Вэнс түсірілім тобын арналған ақыл-кеңесін аямаған.

«Ex Machina» (Из машины)

2014 жыл.  Режиссері – Алекс Гарленд, басты рөлде – Донал Глисон, Алисиа Викандер.

"Ex machina" фильмінен кадр
Фильмнен кадр: Netflix

Жасанды сана тақырыбы қызықтырса, міндетті түрде көру керек фильмдердің бірі. Сюжет бойынша жоғары технологияларға құлай берілген бақуатты адам Калеб есімді жас жігітті жалдап, бір апта бойы жасанды санамен жабдықталған роботты тестілеуді тапсырады.

Фильмге әйгілі Тьюринг тесті негіз болған. Бұл тест «машина ойлай ала ма?» деген сұраққа жауап іздейді.

Импер колледжінің (Лондондағы ғылыми жоғарғы оқу орны) мамандары кеңес беріп, сценарий жазуға, фильмді түсіруге көмектескен «Ex Machina» IT-сарапшылардың, ғалымдардың оң пікіріне ие болды.

«Марстық» (The Martian/Марсианин)

2015 жыл. Режиссері – Ридли Скотт, басты рөлде – Мэтт Дэймон, Джессика Честейн.

"Марстық" фильмінен кадр
Фильмнен кадр: Creativecriticism.net

Қызыл планетадағы экспедиция кезінде өлді саналған инженер, биолог Марк Уотнидің тіршілік үшін күресі суреттелетін бұл фильм – ғылыми тұрғыдан ең шынайы түсірілген жобалардың бірі.

Әрине, оқиғаны ширықтыра түсу үшін авторлар кей қатеге әдейі жол берген (мәселен, Марста фильмдегідей алып борандар болмайды). Әйткенмен, бас кейіпкердің картоп өсіріп, су табуынан бастап Жермен байланысуға тырысуына дейін мұқият ойластырылып, барынша дәл сипатталған. Ғарыш кемесінің құрылысы, басқа планетадағы адамдардың іс-әрекеті – бәрі-бәрі қазіргі ғылым ұсынатын теория-гипотезалардың шегінен аспаған.

«Марстық» романының авторы Энди Вейр шығарманы жазу кезінде ғалымдардан кеңес алып отырған, ал фильмді түсіруге кіріскен Ридли Скотт NASA Ғылыми миссиялар басқармасы Планетар ғылым бөлімінің директоры Джеймс Л.Гринді кеңесші ретінде шақырыпты.

«Интерстеллар»

2014 жыл. Режиссері – Кристофер Нолан, басты рөлде – Мэттью МакКонахи, Энн Хэтэуэй.

"Интерстеллар" фильмінен кадр
Промофото: Denofgeek.com

Біраз ғалым бұл фильмнің драмасы мен сюжет желісін жақтыра бермейді, алайда ғылымға барынша жақын, дәл түсірілген фантастика екенімен мамандардың басым көпшілігі келіседі. Енді ше, астрофизик Кип Торн Қара құрдымға апарар жол туралы сюжетті ойлап тапқан, ағайынды Ноландардың сценариіне идея сыйлаған және әр оқиғаны тексеріп, мақұлдап отырған.  Ал Джонатан Нолан сценарий жазу кезінде қате жібермеу үшін астрофизика туралы арнайы курстан өткен.

Фильм жалпы салыстырмалы теорияны жақсы түсіндіреді, Қара құрдымды ғылыми тұрғыдан дәл суреттейді. Содан болар, American Journal of Physics және Classical and Quantum Gravity атты ғылыми журналдар «Интерстелларды» мектепте физика сабағында көрсету керек екенін айтады.

Митио Каку, астрофизик, футуролог:  «Интерстеллар» болашақтағы ғылыми-фантастикалық фильмдердің алтын стандарты атана алады.