Бақыт Жақанов Қазалыдағы әлеуметтік нысандарды тексерді

Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақановтың ауданда аялдаған алғашқы нысаны Қазалы теміржол ауруханасы болды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы теміржол ауруханасы жанындағы бұрынғы аудандық перзентхана ғимараты індетке шалдыққан тұрғындар саны көбейген жағдайда қосымша 100 орындық провизор стационар етіп ашуға болатынын айтты.

Теміржол ауруханасында Бақыт Жақанов дәрігерлерге індетпен күресті күшейту қажет екенін, дәрілік заттар жетіспеушілігін болдырмау, емделушілердің дұрыс тамақтануы сияқты қажет жағдайды жасауды тапсырды.

Дәл осындай провизор стационарды Қазалы аграрлы-техникалық колледіжінің жанынан да ашуға болады. Облыс әкімінің орынбасары ауданға сапары кезінде осы ғимаратқа да кіріп, қазіргі жай-күйімен танысты. Мұнда колледж директоры Темірбек Исмайлов 35 орындық жатақханада барлық санитарлық талап сақталып, науқастар үшін қажет жағдай жасалатынын айтты.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Қазалыдағы «Қазалы ояз бағы» шаруа қожалығының «Аквакультура жағдайында бекіре тұқымдас балық түрін өсіру» жобасымен танысты. Шаруашылық өкілі Болатбек Бақбергеновтің айтуынша, алдағы уақытта аумағы 70 гектар болатын тоғанға бекіре тұқымдас балықтардың шабағы жіберіледі. Қазіргі уақытта тоғанда 500-ге жуық қаз өсіріліп жатыр.

Бақыт Жақанов ауданға сапары кезінде Әйтеке би кентіндегі NNur–Med.Kz медицина орталығындағы дәріханада болып, дәрі-дәрмек қорының жасақталуын сұрады. Дәріханадағы фармацевт мамандар қазіргі таңдағы сұранысқа ие дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер қолжетімді бағада сатылып жатқанын, кейбір дәрі түріне тапсырыс беріліп, жақын күндері жеткізілетінін айтты.