Тарихта болмаған фото

Еуропа ғарыш агенттігі (ESA) мен Ғарыш кеңістігін зерттеу және аэронавтика жөніндегі ұлттық басқарма (NASA) Күннің жаңа фотоларын жариялады. Екі ұйымның бірлесіп ұшырған Solar Orbiter аппараты жұлдызға барынша “таяу” барып, 77 миллион шақырым жерден адамзат тарихында болмаған фотолар түсірген. Годдард ғарыш саяхаты орталығы (NASA) қызметкері Холли Гилберттің айтуынша, мұндай жақын қашықтықтан жасалған суреттер бұрын-соңды тіркелмепті.

Solar Orbiter жіберген ақпарат Күн бетінде ара-тұра әлдене жарқылдайтынын көрсетті. Ғалымдар бұл құбылыстың табиғатын әлі түсінген жоқ, бірақ ол жұлдыздың бетіне қарағанда сыртқы атмосферасының әлдеқайда ыстық екенін түсіндіріп беруі мүмкін дейді.

Күн бетіндегі жарқылдар
Күн бетіндегі жарқылдар. Фото: Nasa.gov

Бұған қоса аппарат мұқият зерттеуді қажет ететін тағы басқа деректерді жіберді.

Әне-міне дегенше, 6G де келіп қалды

14 шілде күні Samsung Electronics компаниясы “Келесі ұрпақтың баршаға арналған гипербайланыс технологиясы” атты құжат жариялап, 6G жүйесінің қалай дамитыны туралы өз болжамын айтты.

Компанияның мәлімдеуінше, 6G стандарттарын қабылдап, коммерцияландыру 2028 жылы жүруі мүмкін, ал жаппай қолданысқа 2030 жылы енгізілуі ғажап емес. Негізінен машиналар мен адамдар қолданатын 6G жоғары сапалы мобильді голограммалар, цифрлы репликация сияқты сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа жүйеге қойылатын басты талаптар – оның өнімді және сенімді болуы. Сонымен бірге мобайл құрылғылардың мүмкіндігін кеңейту, жасанды сананы дамытуға қауқарлы архитектура желісімен қамтамасыз етілуге тиіс.

Компанияның бағалауынша, 6G аясындағы ең жоғары жылдамдық секундына 1 000 гигабит деңгейінде болады.

Солтүстік Корея коронавирусқа қарсы екпе ойлап тапты

Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) коронавирусқа қарсы екпе жасап, клиника сынақтарын өткізуді бастап кетті.

Екпе ағзаның иммун жауабын тудыруға бағытталған. Мұндай емнің артықшылығы – қауіпсіздігі, кемшілігі – тұрақты түрде салып отыру керек, себебі иммуноген деңгейі төмен, яғни екпені бірреттік деп атауға болады.

Екпе
Фото: Іstockphoto.com

Қазір клиника сынақтары жүріп жатыр. Жан-жануарларға жасалған тест емнің нәтижелі екенін көрсетті. Алайда SARS CoV-2 жұқтырған ел азаматтары туралы ресми ақпараттың жарияланбауына байланысты жергілікті ғалымдар екпенің адамға қалай әсер ететінін әлі біле алмай отыр.

2060 жылдан кейін адамзат саны кеми бастайды

XXI ғасырдың екінші жартысында Жер тұрғындары саны өсуін тоқтатып, кеми бастайды. Бұл туралы Вашингтон университетінің мамандары The Lancet журналында жариялаған мақаласында жазды.

Ғалымдардың айтуынша, қазір 8 миллиардқа жетіп қалған адамзат алдағы 40 ішінде тағы 2 миллиардқа көбейеді де, артынша біртіндеп азая бастайды.

“Халық қатарының бұлай кемуі экологияға оң әсер етсе де, жастардың аз болуы, қарт адамдардың артуы экономика қиындықтарын тудырады, әлеуметтік сала мен медицинаға салмақ түсіреді”, – дейді зерттеу авторларының бірі биостатистик Стейн Емил Уоллсет.

Құжатқа сенсек, ғасыр аяғында 80 жастан асқан адамдар саны алты есе көбейеді екен.

Қатерлі ісік жасушалары иммун қорғанысын қалай айналып өтеді?

Колд-Спринг-Харбор зертханасы (CSHL) биологтары ауру тудыратын патогендерді анықтауға тиіс дендрит жасушалардың қатерлі ісік жасушаларын неге байқамай қалатынын анықтады.

Негізі былай: Дендрит жасушалар ағзаға түскен антигендерді тауып, анықтап алады да, қатерлі “жаудың” көзін құрту үшін оны Т-киллерге жеткізеді. Осыдан кейін ағза сырттан келген, қауіп тудыруы мүмкін заттарға қарсы антиденелер шығара бастайды.

Қатерлі ісік жасушаларына қарсы күрес те осы схемамен жүруге тиіс еді, алайда дендрит жасушалар дәл осы обырға келгенде ештеңе байқамай қалады екен.

Жарияланған мақалада қатерлі ісік өз жасушасының бетіне CCR2 ақуызын жіберетіні айтылады. CCR2 рецепторлары өз кезегінде дендрит жасушалардың пісіп-жетілуіне қажет секрецияны басып-жаншып, шығартпай тастайды. Сәйкесінше, дендрит жасушы қауіпті генді анықтап, оны Т-киллерге жеткізе алмайды. Нәтижесінде, иммун жүйесі қатерлі ісік жасушаларын көрмей, өткізіп жібереді.

Сол жақтағы суретте ісік жасушаларында (жасыл) CCR2 ақуызы бар, сәйкесінше дендрит жасушалар (қызыл) аз. Оң жақтағы суретте CCR2 ақуызын шығармайтын ісік – мұнда дендрит жасушалардың көп екенін байқауға болады. Дереккөз: Egeblad lab, CSHL.

Бір қызығы, CCR2 ақуызы иммун жасушаларында да бар. Бірақ мұнда ол басқа функцияны атқарады: жасушалар ақуызды ісіп-қабынып тұрған аймақта бір жерден екінші жерге жету үшін пайдаланады.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық қатерлі ісікті емдеуге қарсы күресті күшейтіп, жаңа, нәтижелі дәрілерді ойлап табуға көмектеседі.