Коронавирус жұқтырған 123 медицина қызметкері өтемақы алады

Бұл өтемақы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша төленеді. Қаражат көзі, өтемақыны төлеу операторы болып Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры белгіленді, ол біздің министрлікке қарайды. Ал өтемақыға өтінішті өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары береді, — деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 6 өңірдегі денсаулық сақтау басқармаларынан комиссияға 123 өтініш түскен.

Ережеге сәйкес, 3 жұмыс күні ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан аталған адамдарға өтініштерде көрсетілген реквизитке 2 миллион теңге төленеді. 123 өтініштің арасында қайтыс болған медицина қызметкерлері жоқ. Әзірше оларға қатысты өтініш түскен жоқ, — Біржан Нұрымбетов.

Бұған дейін Қазақстанда 51 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болғаны хабарланған еді.

Ал 16 шілде күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев «Коронавирус жұқтырған қанша медицина қызметкері өтемақы алды?» деген журналист сұрағына жауап бермеді.