Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Болат Төкежановты Қор ұжымына таныстырды.
Болат Тұрғанұлы — денсаулық сақтау жүйесінде тәжірибесі мол, саладағы ең маңызды реформаларды жүзеге асыруға қатысқан, барлық проблеманы іштен жақсы білетін адам. Барлық процесті — сатып алу мен медициналық көмекті қаржыландыру ісін ашық және жүйелі жүзеге асыру керек. Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласы қиын кезеңді бастан өткізіп отыр. Бұл ретте коронавирусқа қарсы күрес шараларының шығынын өтеуде сақтандыру қорының ролі өте маңызды, — деді министр Алексей Цой.
Министр бұл тағайындауда үлкен жауапкершілік тұрғанын және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді қысқа уақытта орындау қажет екенін айтты.
Tengrinews.kz-тің мәліметінше, Болат Төкежанов 1972 жылы 19 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
1994 жылы Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлттық мемлекеттік саясат мектебінде мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін алды. АҚШ-та, Сингапурда білім алған.
Болат Төкежановтың Қазақстанның салық қызметі жүйесінде жұмыс тәжірибесі бар. Ол сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау ұйымдарын басқарып, Денсаулық сақтау министрлігінде басшылық қызметтерді атқарды. Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі, жауапты хатшысы болып жұмыс істеді. «Құрмет» орденімен марапатталған.