Бүгінгі отырыс туралы айтар болсақ, басты қорытынды — Президент мемлекеттік аппараттың коронавирус пандемиясымен күресте қауқарсыздық танытып отырғанын нақты айтты. Біз, яғни Қазақстан халқы осы олқылықтың зардабын көріп отырмыз. Бір айдан бері бізде қолжетімді ПТР сараптама жоқ. Ауру белгісі бар болсын, жоқ болсын, халық ПТР тест жасата алатындай жүйе реттелмеген. Дәрі-дәрмекті сатып алуда да проблема бар. Ақпараттық хаос сипатында да проблема еңсерілмей келеді. Қалай емделу керек, не істеу керек, түсініксіз. Қазір бүкіл ел Елена Малышеваның хаттамасы бойынша емделіп кетті. Болмаса, қытай дәрісін іздеп жатыр. Ал біздің хаттаманы қайта-қайта өзгерте берді, — деді Рахым Ошақбаев.
Экономистің айтуынша, елімізде коронавирус статистикасына қатысты да мәселе бар, бұл туралы сарапшылар да айта бастады.
Күні кеше экономист Сергей Гуриев Қазақстанның мәліметіне сенбейтінін айтты. Расында да, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы тіпті статистика мәліметі қорын да жинай алмағанын көріп отырмыз. Осы сұрақ айналып келіп министрліктің қазіргі басшылығына қойылып жатыр. Ол да (Алексей Цой) дұрыс жауап бере қойған жоқ, яғни біздің елде коронавирус пен пневмониядан қанша адамның қайтыс болғанын нақты білмейміз, — деді ол.
Рахым Ошақбаев осының кесірінен көктемде екі ай карантин болса да, нәтиже болмағанын айтты.
Мемлекет басшысының бүгін жауаптыларды осылай сынаудан басқа амалы да қалмады. Әрине, дәл осындай жағдайда квазимемлекеттік қор басшыларының «қымбат өмірі» халықтың ашу-ызасын одан ары үдете түседі. Сондықтан МӘМС қоры басшысының отставкаға кетуі — өте әділетті шешім, — деді ол.
«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры МӘМС қорын қысқартып, қаражатты мемлекеттік бюджетке қайтаруды ұсынды.
Өкінішке қарай, МӘМС қорының пайдасы жоқ. Медициналық қызметтер төлемі комитетінің бұрынғы функцияларын орындап қана отыр. Бірақ ол міндетті айтарлықтай қымбатқа жүргізіп жатыр. 200 адамнан тұратын ұжымды ұстап тұру үшін 3 жылда 13 миллиард теңге кеткен. Түсінесіз бе? Сол себепті қазір қорды қысқартып, зиян реформадан бас тарту керек. Ол реформа іске асырылмады. Мүмкін де емес еді. Мысалы, сізде жұмыс берушімен еңбек келісімшарты бар. Ол арқылы МӘМС қорына ақша аударылады. Ал сіз сол қордың көмегін көрдіңіз бе? Ешкім байқамады да. Қазір денсаулыққа жұмсап жатқан ақшаның бәрі қалтамыздан шығып жатыр. Түк пайдасы жоқ. Ақшаны бюджетке қайтару керек. Бұрынғы комитетті қайтарып, қаражатты қатаң қадағалауға алу керек, — деді Рахым Ошақбаев.