Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, коронавирусқа қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болады.
Мұны шетел тәжірибесінен көріп отырмыз. Ал біздің елімізде қоғамдық тәртіп едәуір ақсап тұр. Полиция және санитар дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек, — деді Мемлекет басшысы .
Президент карантин режимін бұзған азаматтар жауапқа тартылатынын ескертті.
Бұл халықтың денсаулығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады. Себебі олар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Салғырттыққа, бейқамдыққа жол бермеу керек, — деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қате жіберді. Әкімдердің көбі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады.
Жіберген қателер мен олқылықты анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек, — деді Президент.