Президенттің айтуынша, қазіргі эпидемиология ахуалы қоғамды аса қатты алаңдатып отыр, жағдай өте күрделі. Бірақ алғашқы оң үрдістер де байқалып жатыр.
Өткен аптада мен Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырма бердім. Мемлекеттік комиссия өз жұмысын жандандыра түсті, — деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күреске Үкімет пен өңірлерден 150 миллиард теңге қаржы бөлінетінін айтты.
Пандемиямен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін Үкіметтен және өңірлерден 150 миллиард теңге бөлінеді. Басты міндет — коронавирустың жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде айтарлықтай нәтижеге жету, — деді Президент.
Бұған дейін Қазақстанда коронавируспен күреске қанша қаражат бөлінгені хабарланған еді. 7 шілде күні өткен брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоға коронавирус инфекциясының пайда болуын және таралуын болдырмау үшін 114 миллиард 826 миллион теңге бөлінгенін айтты.
Алексей Цойдың айтуынша, жалпы соманың 40 миллиард 58 миллион теңгесі Үкімет резервінен, 74 миллиард теңгесі республика бюджетінен бөлінді.