Байқауға барлық тілек білдіруші қатыса алады. Ол үшін Абай Құнанбайұлының кез келген туындысын орындап, оны видеоға түсіріп, қазылар алқасына жіберу қажет.

Байқауға қатысушылардың видеосы театрдың ресми YouTube арнасында жарияланады. Сол жерде ашық онлайн дауыс беру өтеді.

Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы ауқымды бағдарлама дайындадық. Мерейтой аясында ТҮРКСОЙ елдерінің қатысушыларымен халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған еді. Пандемияға байланысты барлық іс-шараны кейінге қалдыруға тура келді. Бірақ онлайн байқау өткізіп, кәсіби емес орындаушыларды тыңдайық деп шештік, өйткені Абай — халық ақыны. Байқауға Түркі елдерінің өкілдері де қатыса алады, осылайша біз байқаудың мүмкіндігін кеңейтеміз, артистерді жанрлармен шектемейміз. Қатысушылар ойшылдың шығармаларын жеке де, ансамбльмен де орындай алады. Ашық онлайн дауыс беру соңында барлық жеңімпаздар алғыс хат пен дипломға ие болады, ерекше көзге түскен өнерпаздарды театрдағы қойылымдарға шақырамыз, — деді ҚМАОБТ директоры Ая Қалиева.

Карантин басталғалы театр онлайн бағдарлама ұйымдастырды. Ал жаздың соңына қарай Абайдың мерейтойына орай ашық алаңда концерт ұйымдастыру жоспарланған. Театр қызметкерлері күзге қарай жаңа маусым ашылады деген үмітте.

 

Байқау туралы толық ақпаратты театрдың ресми сайтына және әлеуметтік желілердегі парақшасына кіріп, білуге болады.

Абай атындағы ҚМАОБТ өз көрермені мен театр өнерінің жанкүйерлерін осы қиын уақытта сақ болуға шақырады. Көрерменді қуанту үшін театр онлайн режимде мәдени шараларды ұйымдастыру бастамасын қолдайды.