Айдана Үсенова:
«Коронавирус деген жаман құрт»
Балалар дүниежүзінде, Қазақстанда не болып жатқанын түсіне бермейді. Көктемде аса білінбеді. Олар жаз келген соң «қыдырайық», «базарға барайық», «бассейнге шомылайық» деп жиі айта бастады. Жақында бір ұлымның туған күні болды. Сонда «Далаға шығуға болмайды, онда жаман құрттар бар. Далаға шықсақ, сол құрттар үстімізге жабысып қалады» деп айттым.
«Ол қандай құрт? Не істейді сонда?» деп сұрады. Ал мен «Олар сендегі жақсы құрттарды жеңіп кетеді. Сосын сен ауырып қаласың, дәрі ішесің, жаман ғой» дедім. Сол кезде кіші ұлым «Мама, менің ішімде қандай құрттар бар?» деп сұрады. «Сенің ішіңде саған күш беретін жақсы құрттар бар. Ал коронавирус сол жақсы құрттарды өлтіреді. Адамдарға қатты жақындауға болмайды, әйтпесе, құрт үстіңе секіріп мініп алады» деп айттым.
Балаға басқаша түсіндірсең, ауыр болып кететін шығар. Өзім коронавирусты жаман құрт деп түсіндірдім. Бала емес пе, олар қазір үйде жедел жәрдем қызметкері болып ойнап жүр.
Жұлдызай Әбдиева:
«Індет келсе, інге кір»
Балам менен «Қазір адамдар неге үйден шықпауы керек? Неге қолды жиі жуып жүр? Коронавирус деген не?» деп сұрады.
Мен «Балам, індет келсе, інге кір» деген сөз бар. Дүниежүзі коронавирус инфекциямен арпалысып жатыр. Үйде атамыз бар. Қарт — үйдің қазынасы. Ал коронавирус атамыз сияқты егде адамдарға өте қауіпті. Біз үйде отырсақ, қолымызды жиі сабындап жусақ, атамыз ауырмайды. Сондықтан біз өзіміз бен жақындарымызды ойлауымыз керек» деп түсіндірдім.
16 наурыздан бастап үйден шықпадық, ұлым тек «Білім» инновация лицейіне немесе Назарбаев мектебіне оқуға түсу үшін дайындық курсына барып жүрді. Маска тағуды, қол жууды ұмытпады. Мектеп оқушысы болса да, балаға жағдайды үйдегі ересектер айтып отыруы керек деп ойлаймын. Жақындарына, қарт кісілерге жауапты екенін қазірден сезінгені дұрыс.
Махаббат Сахтанова:
«Карантин деген адамдар далаға шықпай, үйде отыратын кез»
Жақында үлкен қызым 6 жасқа толады. Ұлым әлі кішкентай, коронавирусты түсіне қоймайды. Жолдасым көбіне жұмыста болған соң жағдайды қызыма өзім түсіндіремін. Әуелі коронавирусқа қатысты жаңалықтарды қарап, маман кеңесін оқимын.
Қызыма «Көп кісі жиналған жерге баруға, далаға шығуға болмайды, коронавирус жұғып кетеді, ауырып қаласың» деп айттым. Қазір олар карантин деген сөзді жиі естиді. «Карантин деген не?» деп сұрады. «Карантин деген адамдар далаға шықпай, үйде отыратын кез» деп түсіндірдім. Олар карантиннің қашан бітетінін көп сұрайды. Төтенше жағдай режимі басталғанда қолды 20 секунд сабындап жууды үйреттік. Оған қызым мәз, 20 секундтан көп уақыт жуып тұра береді.
Жер үйде тұрған соң карантин қатты білінбеді. Арасында ата-әжелеріне барып келдік, өз көлігімізбен ғана жүрдік. Балалардың туған күнін ауылда атап өттік. «Карантин біткен соң қыдырамыз, бассейнге барамыз. Қазір үйде отыру керек» деп жүрміз. Баланы солай алдап қоямыз, бірақ карантиннің, жалпы осы жағдайдың қашан бітетінін ересектердің өзі де білмейді ғой.
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.