Өңір басшысы қала тұрғындары жиі баратын Magnum, Small сауда орталықтарына барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты.
Аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы мен қала әкіміне азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсуін болдырмауды және бірінші қажеттілік — нан, сүт өнімдерінің бағасын үнемі қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайға сәйкес кауіпсіздік шараларды қатаң бақылауда ұстау қажет екенін де ескертті.
Мұнан кейін облыс тұрғындарына алғашқы көмек көрсететін жедел медициналық көмек орталығының жұмысын көрді.
Жедел жәрдем орталығының дәрігерлері қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Күніне келіп түсетін қоңыраулардың саны кейінгі 3 күнде азайғанын, дегенмен диспетчерлер мен бригададағы мамандардың әлі де жетіспейтінін айтты.
Гүлшара Әбдіқалықова облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қала әкіміне орталықтағы диспетчерлердің санын көбейту үшін шаралар қолдануды тапсырды. Сонымен қатар жұмысқа медициналық колледждердің түлектерін еріктілер ретінде тартып, оларға қолдау көрсету мақсатында жеке кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс атқару керек екенін айтты.
Әрі қарай өңір басшысы облыстық медициналық орталықта болып, аурухана жұмысын көрді. Бас дәрігер орталықтың қажет дәрі-дәрмектерімен толық қамтамасыз етілгенін және емделушілердің саны мен жағдайына қатысты есеп береді.
Мұнан кейін өңір басшысы «Ақ қайың» дәріханасында болды. Дәріхана жетекшісі дәрі-дәрмектердің не себепті жетіспей жатқаны туралы баяндады. Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы мен Қызылорданың әкіміне дәрі-дәрмектердің негізсіз өсуін болдырмау мақсатында шаралар қабылдап, бағасын қадағалау және дәрі-дәрмектер бойынша тұрғындар қажет ақпарат алу үшін сенім телефондары мен WhatsApp желісінен арнайы конференция ашуды тапсырды.
Аймақ басшысы «СК-Фармация» ЖШС қоймасы мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының, қалалық орталық дәріхананың және қалалық аурухананың жұмысымен де танысты. Дәрігерлер облыс әкіміне дәріхана мен ауруханаларда дәрі тапшылығы мен орын жетіспеушілігі туралы баяндады. Өңір басшысы қала әкіміне тез арада жедел шаралар қабылдауды тапсырды.
Гүлшара Әбдіқалықова облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансердің жұмысын да көрді. Бас дәрігерге және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы мен қала әкіміне шұғыл түрде диспансердегі емделушілерді Талсуаттағы ғимаратқа көшіріп, 120 орындық жұқпалы аурулар стационары етіп өзгертуді, қажет құрал-жабдықтармен (өкпені жасанды желдету аппараты, оттегі және тағы басқалары) қамтамасыз етуді тапсырды.