Бүгін, 5 шілде күні Қазақстанда карантин режимі қайтадан енгізілді. Республика бойынша бірқатар шектеу қойылып, екі қала жабылды. Коронавирус инфекциясының одан ары тарауына жол бермеу мемлекетке ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты екені анық. Осыған қатысты Астана медициналық университетінің Профилактикалық медицина жане нутрициология кафедрасының доценті Роза Қалдыбекқызы вирустан сақтануға қажет маңызды қағидаларды оқырманымыздың есіне салды. Маман кеңесін төменде ұсынып отырмыз.
Вирустан сақтану үшін қалай оқшаулану керек?
Қажеттілік болмаса, далаға шықпай, үйде отырыңыз. Шығуға мәжбүр болсаңыз, міндетті түрде бетперде киіңіз. Қолыңызды жиі дизинфекциялаңыз. Үйге келген соң қолыңызды кір сабынмен жууға кеңес беремін. Себебі коронавирус өте майлы липиттерден тұрады, кірсабынға еріп кетеді. Сонымен қатар даладан келген соң бетіңізді де жууды әдетке айналдырыңыз.
Карантин жағдайында үйде отырған соң терезені күніне кем дегенде үш-төрт рет ашып, желдетіп отырыңыз. Үйді ылғалдандырып, шаңын басып сүртіп отырыңыз. Қарапайым жуғыш химиялық құралдарды пайдалана берсеңіз болады. Үйге дизинфекцияны сабынды сумен де жасауға болады.
Егер сізде коронавирус белгілері байқалса, отбасыңыздағы басқа адамдарға жұқтырмау мақсатында өзіңізді оқшаулауыңыз қажет. Бір бөлмеде ғана болыңыз. Тұтынатын заттарыңыз тек өзіңізге тиесілі болуы керек. Сол сияқты ыдыс-аяқтарыңыз да міндетті түрде бөлек болуы керек.
Иммунитетті қалай көтеруге болады?
«Кішкентай баланы вирустан қалай қорғаймыз?» деп жиі сұрап жатады. Оларды құшақтамау, сүймеу керек. Балаларға да құнарлы тамақтар қажет. Иммунитетті көтеруіміз керек. Біздің ағзамыздың 30-40%-і ақуыздан тұрады. Ақуызы көп тағамдарды жеңіз. Жылқы, сиыр, тауық етінің және балықтың сорпасы өте құнарлы болады. Рационыңызға міндетті түрде осыларды енгізіңіз.
Иммунитетті жеміс-жидектермен де көтеруге болады. Қазір жаз айы, жеміс-жидектің нағыз піскен кезеңі. Осы уақытты пайдаланып, ағзаңызға дәрумен жеткізіп қалуға тырысыңыз. Құлпынай, таңқурай, қарақат, алма, апельсин сияқты жеміс-жидектерді көбірек жеңіз. Бұлар «С» дәруменіне бай. Қымыздың, саумалдың да иммунитетті көтеруге үлесі зор.
Адамның көңіл-күйі де маңызды роль атқарады. Әрқашан позитивте болуға тырысыңыз. Коронавирус белгілері анықталған жағдайда да қорықпаңыз. Ол — жазылатын ауру. Міндетті түрде учаске дәрігеріне хабарласып, мән-жайды жеткізіңіз, пандемияға байланысты жұмыс істеп тұрған call-орталықтарға хабарласыңыз.