Басты бетҚоғамҚызылордада медицина...

Қызылордада медицина мамандарына мемлекеттік наградалар тағайындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласы мамандарын ерекше назарда ұстап, жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Осы орайда облыста медицина саласының 15 қызметкеріне мемлекеттік наградалар тағайындалды.

Биыл Елорда күнін мерекелеу коронавирус пандемиясына байланысты күрделі эпидемиологиялық ахуал жағдайында өтіп жатыр. Коронавирус індетімен күресте еліміздегі дәрігерлердің көмегімен ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын ерекше айтқым келеді. Ақ халатты абзал жандар халық игілігіне қызмет етіп, қайсарлық пен мейірімділіктің нақ көрінісін көрсетіп жатыр, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Азаматтардың денсаулығын сақтауда жанкештілік танытып, жемісті еңбек еткені үшін көпбейінді облыстық аурухананың директоры Н.Әмитов «Парасат» орденімен, облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Ә.Әбләзім, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері М.Әлмаханова, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейіргері Р.Нұрымбетова «Құрмет» орденімен, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері З.Айдарбекова, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының дәрігері Ж.Жұмалиев, облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Д.Нұртазаева, көпбейінді облыстық аурухананың дәрігері Г.Ысқақова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, көпбейінді облыстық ауруханасының дәрігері Ж.Жақыпова, Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бөлімше меңгерушісі А.Дайрабаева, Шиелі ауданаралық ауруханасының дәрігері А.Ізтілеуова «Шапағат» медалімен, көпбейінді қалалық аурухананың аға мейіргері Н.Мамбекова, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейіргері Т.Нұржанова, көпбейінді облыстық аурухананың аға мейіргері С.Өтегенова, Арал ауданаралық ауруханасының бас мейіргері Ж.Қалмағамбетова Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.