Басты бетЖаңалықтарАстанада Нұрсұлтан...

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған монумент ашылды

Президенттің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі Қазақстанның негізін қалады, елдің стратегиялық даму жолын айқындады, халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды.

Тұрақтылық пен татулық, береке мен бірлік — Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Кез келген мемлекет тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалар бар. Олардың сіңірген еңбегін бағалай білу және жан-жақты дәріптеу — өскелең ұрпақтың парызы, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Қарулы Күштері Тұңғыш Президент жарлығымен құрылды, сол себепті монументтің Ұлттық қорғаныс университетіне орнатылуының мәні зор.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Нұрсұлтан Назарбаев әскери әлеуетімізді қалыптастыру барысында ең күрделі деген мәселелерді шешуге өзі тікелей араласты. Оның басшылығымен халқымыз бен елімізді ықтимал әскери қақтығыстардан қорғау мақсатында армиямыздың перспективалары мен міндеттері, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басымдықтары мен механизмдері айқындалды. Нұрсұлтан Назарбаев Президент болған жылдары әскери құрылымның заңнамалық және құқықтық-нормативтік базасы әзірленді. Сонымен бірге Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы жасақталып, армияның қарулануы кезең-кезеңімен іске асып, заманауи инфрақұрылым қалыптасты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Akorda.kz

Президент — ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскеріміздің қанша жерден заманауи техникалармен жабдықталғанымен, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде армияның жеке құрамы негізгі фактор болып қала беретінін айтты.

Халқымызда «Ел ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, Қарулы Күштері қуатты мемлекеттің бірлігі бекем, абыройы асқақ болады. Сондықтан біз армиямыздың бәсекеге қабілетін арттыруға қашан да баса мән береміз. Бұл ретте білім мен ғылымның алатын орны ерекше. Ұлттық қорғаныс университеті алдағы уақытта да білікті мамандар дайындау ісіне мол үлес қосады деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.