Құрметті полиция органдарының ардагерлері, тәртіп сақшылары! Сіздерді кәсіби мереке — Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Бізге жаңа формация полицейлері қажет. Кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі қайта қарастырылады», — деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай қазір полицейлердің әлеуетін көтеруге ерекше назар аударылып жатыр, — деді Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде.
Ол Қазақстан полициясы еліміздің қоғамдық қауіпсіздігі мен тыныштығын, азаматтардың еркіндігі мен конституциялық құқығын қорғайтын, тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыстың жолын кесетін мемлекеттік жүйе екенін айтты.
Полиция қызметкері болу оңай емес, бұл — әрі маңызды, әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Ол үшін байыпты білім мен айбарлы жүрек, сабыр мен төзім, қажырлы күш-қайрат қажет. Сіздердің кәсіптеріңіздің қаншалықты қиын, тіпті кей жағдайларда аса қауіпті де екендігі де белгілі. Бүгінгі күні небәрі 25 жасында жәбірленушіні құтқарам деп ерлікпен қаза тапқан учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың, биылғы төтенше жағдай кезінде төрт баланы өрттен құтқарған жедел уәкілдер, полиция капитаны Әлімжан Әлімбетов пен полиция аға лейтенанты Бейбарыс Қалымбетовтердің бейбіт күнгі ерліктері көпке үлгі болып қалды, — деді өңір басшысы.
Ол коронавируспен күрес кезінде де қызметіне адал болып, сын сағаттарда өздеріңізге төнген қауіп-қатерді елемей, уақытпен санаспай атқарып жатқан қызмет үшін полиция қызметкерлеріне Сыр елі халқы атынан зор ризашылығын білдірді.