Медеудегі «Денсаулық» баспалдағынан велосипедпен 53 секунда түстім
Медеудегі баспалдақтан велосипедпен бірнеше рет төмен түскенмін. 2016 жылы достарым баспалдақтан дәл осылай түскенімді видеоға түсірген еді. Бірақ ол кезде баяу түстім, кейін өзіме жаңа камера сатып алдым. Енді велосипед теуіп жүріп, өзім видео түсіре алатын болдым. Содан 8 маусымда таңертен 6.30-да екінші рет баспалдақтан түскен сәтімді видеоға түсірдім. Бұл жолы 53 секундта төмен түсіп, рекордымды жаңарттым. Бейнероликті парақшама жүктегенде, ол бірден тарап кетті.
Мен сияқты Mountain biking спорт түрімен айналысатын адамдар үшін бұл қиын емес. Тек баспалдақтан жаяу көтеріліп-түсетін қарапайым адамдар үшін қорқынышты әрі қауіпті болуы мүмкін. Әрине, тәжірибесі жоқ адамға мұндай қадамға барудың қажеті жоқ. Маған велосипедпен төмен түсуге қарағанда таңертең достарымды оятып, Медеуге келу қиынға соқты. Басқа адамдарға қауіпсіз болуы үшін біз өте ерте келіп, менің төмен түскенімді адамдар жоқ кезде камераға түсіріп алдық.
Негізгі мамандығым — программист
26 жастамын, Алматыда тұрамын. Негізгі мамандығым — программист. Бірақ ол сала бойынша жұмыс істемеймін. Қазір бірнеше компанияның амбассадорымын. Мен шұғылданатын спорт түрі Mountain biking деп аталады. Mountain biking – тау бөктерінде велосипед тебу. Мектепте оқығанда интернеттен Mountain biking туралы түрлі видео көріп, қызығатынмын. Осы спортпен 18 жасымда өзім айналыса бастадым. Әрине, алғашқыда қиын болды. Бірақ сүйікті ісіңмен айналыссаң, оның әр қиындығынан ләззат алуға болады.
30-дан астам мемлекетте болдым
Қазақстанда бұл спорт түрімен айналысатын адам аз. Бұрын көп сияқты еді, неге екенін білмеймін, қазір азайды. Mountain biking-пен Қазақстанның біраз тауын, курортын көрдім. Ендігі мақсатым – Шығыс Қазақстан жақтағы тауларды бағындыру. Осыған дейін 30 мемлекетке саяхаттадым. Австрияға жиі барып тұрамын, онда достарым бар. Сол жақта Mountain biking жарыстары өтеді, соған қатысамын. Мен үшін ең қиын саяхат Малайзияда болды. Ол жақтың табиғаты ылғал, жаңбыр көп жауады. Таудан түскенде тайғанап кетуің мүмкін.
Биыл Ресейдегі достарыммен шетелде саяхаттағымыз келген. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты жоспарымыз бұзылды. Осы жылы Қазақстанды аралайтын шығармын.
Көбіне жалғыз өзім тауға шығамын, саяхаттаймын. Сондықтан өзіммен бірге үнемі дорбамды алып жүремін. Екі дорбам бар: үлкен және орташа. Ішінде термос, жиналмалы шатыр, каремат кілемшесі, жылы күртеше, артық шұлық, баскиім, көзілдірік, шоколад және бутерброд сияқты ең қажет заттар бар. Сосын тауда велосипед тепкенде міндетті түрде басыма арнайы баскиім, ыңғайлы аяқкиім киемін.
Мен үшін ең қиыны велосипедті тасымалдау. Көлемі үлкен, салмағы ауыр болғандықтан оны көтеріп жүру қиын.
Шымбұлаққа аптасына екі-үш рет барамын
Менің хоббиім кәсібіме айналған сияқты. Велосипед тебу, спортпен айналысу — өмірімнің бір бөлшегі. Тау бөктерінде, трассада велосипед тебемін. Тауға жаяу шығамын. Қыста шаңғы тебуді, жазда теңізде тақтайшамен сырғанауды ұнатамын. Шымбұлаққа аптасына 2-3 рет барып тұрамын. Кейде достарыммен барып, дене шынықтырып, демалып қана кетеміз. Кейінгі күндері музыкаға қызығып жүрмін.
Ең бастысы — ыңғайлы велосипед таңдау
Mountain biking-пен айналысу үшін ең бастысы ыңғайлы әрі сапалы велосипед сатып алу керек. Оған ақшаны үнемдемеген дұрыс. Себебі ыңғайлы велосипед — қауіпсіздіктің кепілі. Тауға арналған арнайы велосипедтер бар, бағасы да әртүрлі. Әркім өзінің шамасына қарай сатып алуға мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Өзім велосипедімді 100 долларға сатып алдым.