Мирастың кітапты жылдам оқуы әбден қалыптасып, кейін бір кітаптың мазмұнын бес минутта түсініп алатын болған. Кейбір кітаптарды түпнұсқада — ағылшын тілінде еркін оқи алады. Енді Мирас осы қабілетін кітапсүйер қауымға үйретуді мақсат етті. Биыл алғаш рет жылдам оқуды үйрететін кітапты жарыққа шығарды.

Жылдам жүретін Formula-1 сияқты машиналар бар. Олардың маторы да жылдам жүруге ыңғайлы етіп жасалған. Сағатына 300-400 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Ал сол машиналарды өте баяу айдаса, маторы бұзыла бастайды. Ішіне май тұрып қалады, матордың дауысы өзгереді. Көлікті жылдам айдаған сайын каналдары тазаланады. Сол сияқты адамның көзі де жылдам оқуға машықтанған. Бірақ оны өзіміз бала кезден бізге үйреткен әдіспен ежіктеп, буын буынға бөліп оқимыз. Кітапты баяу оқығанда ұйқы келеді, миымыз оқуға ерінеді, — дейді Мирас.

Мирас Кесебаев. Фото жеке архивінен

Оның айтуынша, кітап оқудың пайдасы зор. Ең жақсы идеялар кітап оқу кезінде келеді. Кітап оқығанда ми демалып, жақсы ойды көз алдыңа әкеледі. Проблемаға жауап іздеу үшін де кітап оқуға болады. Мейлі ол әдеби кітап болса да, ми бірден сауалыңа жауап табады. Жай ғана әдеби кітап оқығанның өзінде сөздік қор қалыптасады, әдемі сөйлеу мен жазуды үйренуге болады. Ми жасушалары жаңа ақпарат алған сайын жаңа нейрон байланысын құрады.

Өзім кітапты жылдам оқитын болғандықтан білімімді бөлісейін, оқырманға пайдам тисін деген ниетпен «Жылдам оқы. 5 есе тез әрі түсініп оқу тәсілдері» деген кітап жаздым. Бұл кітап жылдам оқуды ғана емес, оқығанды ұмытпаудың әдістерін үйретеді. Әдетте оқырман орта есеппен бір кітапты 2-3 айда оқып бітіреді. Ал жылдам оқу арқылы аптасына кемінде 2-3 кітап оқуға болады. Осылайша адам уақытын үнемдейді, қажет ақпаратты жылдам алады. Дүниежүзінде қызық және пайдалы кітап өте көп. Бастысы соларды оқуға мүмкіндік пайда болады, — дейді ол.

Мирастың айтуынша, әуелі жылдам оқуға кедергі жасайтын әдеттерден арылу қажет. Оған дауыстап оқу, іштей оқу, кері қайтып оқу, салғырттық жатады. Негізі кітапты адамның көзі емес, шүйдеде орналасқан ми бөлігі оқиды. Көз тек ортадағы өткізгіш қызметін атқарады. Ал көз секундына 1 миллиард ақпаратты қабылдай алатын қабілетке ие. Былайша айтқанда, адамның көзі минутына 1000 сөзді оңай оқи алады.

«Жылдам оқудың ең оңай тәсілі – әр сөзді жеке-жеке оқымай, екі-үш сөзді біріктіріп, тіркес етіп оқу. Кітап парағының әр жолында 8-12 сөз болса, сол 8-12 рет сөзден сөзге секіріп, кідіріс жасалады. Ал тіркес арқылы 3-4 рет қана кідіріс жасауға болады. Келесі әдісі – қарындашпен оқу. Сөйлемнің астынан сызып немесе жүгіртіп отырса, адамның көзі де сол жылдамдықпен зымырайды. Ми түсініп отыра береді. Жылдам оқудың диагональ бойымен оқу тәсілі де бар. Адамның көзінің көру аймағы кеңейіп, көру жылдамдығы артқан кезде кітаптың бетін диагональ қарап оқи алады. Мұнда бір қараған жолды немесе абзацты көре алады. Бір бетке бар болғаны 7-10 секунд қана жұмсайды. Ал вертикаль оқуға көзді әбден жаттықтыру арқылы қол жеткізеді. Жылдам оқудың тағы бір түрі — фото жады деп аталады. Мұнда бір бетке бір рет қана қарайды. Ол кезде бір кітапты жарты сағаттың ішінде оқып тастауға болады. Кітапты жылдам оқудың бұл түріне жету оңай емес. Сол үшін көздің жылдамдығын арттыратын жаттығулар бар. Оны «2-3-5» және «Шульте» кестесімен үйренуге болады. «Метроном» бағдарламасын телефонға жүктеп алып, минутына 60 рет тырс еткен белгі арқылы әр жолға 2 рет тоқтайды. Осылай уақытқа жарысып оқу мидың ақпаратты тез қабылдауына көмектеседі» — дейді Мирас Кесебаев.

Фото: Мирас Кесебаев

Мирастың айтуынша, дүкеннен әртүрлі кітапты ұстап, ашып көріп, мазмұнын қарап, базарда жүргендей таңдау керек. Әуелі адам өзін қандай мәселе қызықтырады, соның жауабын кітаптан іздеп көруі қажет. Ал баланы кітап оқуға ынталандыру үшін ата-ана өзі кітап оқуы керек. Олардың кітап оқығанын көрген сайын бала да қызығады. Мүлдем кітап бетін ашпайтын адам болса да, бала үшін 10-15 минут кітап оқығаны дұрыс.

Адам өз саласына қатысты жылына 5 кітап оқып тұрса, одан артық кәсіби маман болмайды. Әрине, оқығанды тәжірибеде жүзеге асыру қажет. Әр кітаптан кемінде 3-4 пайдалы ілім алады. Кітапты эмоция үшін оқудың рахаты бөлек. Саябақта отырған болуыңыз мүмкін, ал қиялыңыз Абай боп Әйгерімге өлең оқып беріп жатады. Бауыржан боп фашистердің қоршауын бұзып жатады. Ербол боп, Меңтайға ақ сезімін білдіріп жатады. Кітаптың адам көңіл-күйіне әсер етіп, ерекше шабыт сыйлайтыны жақсы, — дейді Мирас.

Мирас өз мамандығына қатысты кітаппен бірге, түрлі жанрды араластырып оқығанды дұрыс көреді. Әдеби, діни, автобиография және классика туындыларын алма-кезек оқу адамды жалықтырмайды. Ал тіл үйрену – кешенді түрде жүзеге асатын нәрсе. Кітапты ғана оқып үйренсе, естуі ақсайды. Тек фильм көрсе, оқу жағынан қиналады. Бәрі бірге жүрсе ғана толыққанды тілді меңгеруге болады.

Әр адам күніне кемінде 20 минут кітап оқыса, керемет емес пе? Тұп-тура 20 минутқа таймер қойып оқу үлкен нәтиже береді. Бірі әдеби, екіншісі психологиялық, мотивация беретін бірнеше кітапты қатар оқыған жақсы. Кітапты оқырман дұрыс таңдауы керек. Ол үшін мазмұнын қарап, бір тақырыпты ашып, оқып көру артық етпейді. Бір кітапта автор өзін мақтаса, кейбірінде бір идеяны құртша езіп, сағыздай созады. Шолу жасау арқылы кітаптың пайдалы немесе пайдасыз екеніне көз жеткізуге болады. Егер кітаптың алғашқы елу беті қызықтырмаса, онда ары қарай оқудың қажеті жоқ. Интернетте адамдар өзі оқыған кітап туралы рецензия жазады. Достарымыз жақсы кітаптарды әлеуметтік желіде бөліседі. Соларды тізімге қосып жүрсеңіз, кейін кітап даңдауда көмектеседі, — дейді ол.

Қазір кітап оқу сәнге айналды. Мирас енді сәннен сапаға өткен дұрыс деп есептейді. Батыстың психология, мотивация жанрында жазылған бестселлер кітаптары қазақ тіліне аударылып жатыр. Соларды жастар көп оқиды. Өкініштісі, қазір кітапты сапасына қарай дұрыс таңдай алмай жүрміз.

Психологиялық, мотивация беретін кітаптарда жазылған нәрсені адамдар тура мағынасында қабылдап, соны жасап жүр. Осыдан келіп, «жасыл нәски ки», «бананның қабығын мұздатқышқа салып шіріт», «мына бақыт әкелетін цифрды күніне 77 рет қайтала» деген мағынасыз рәсімдер пайда болды. Кітаптың авторы Құдайға сенбейтін, әке-шешесін сыйламайтын, басқа менталитет пен дінді менсінбейтін адам болуы мүмкін. Егер адамның ішкі сүзгісі дұрыс болмаса, адасып кету әп-сәтте. Кез келген кітаптың жақсы жағын алып, жаман жағынан қашу керек, — дейді Мирас.