Басты бетЖаңалықтарМейрам Иманбаев:...

Мейрам Иманбаев: Washington Times басылымы еліміздегі өзгерістерге әділ баға берді

Мақалаға эксперт, саяси ғылымдар кандидаты Мейрам Иманбаев пікір білдірді.

Америка сарапшысы Джесси Джейн Даффтың The Washington Times басылымында жарияланған мақаласы Қазақстан билігі мен Nur Otan партиясының ұстанған саяси бағдарын әлемдік қауымдастықтың назардан тыс қалдырмағанын байқатады. Мұны «Сырт көз – сыншының» ұстанымы ретінде бағалаймын. Әрі автор еліміздегі өзгерістерді жіті қадағалап қана қоймай, әділ  бағасын беріп отыр, — дейді ол.

Сарапшы праймериз тәсілінің дамыған елдерде кеңінен қолданылатынын атап өтті. Дегенмен Қазақстан жағдайында праймериз алғаш рет жүзеге асып отыр.

Праймериз тәсілін қолдану мен елдегі саяси реформалар, демократияландыру үрдісін тереңдету көзделген саяси мақсаттың кешенді екендігін байқатуда. Меніңше бұл жағдай сарапшылардың назарынан тыс қалмайтыны содан. Егер еліміздегі саяси өзгерістерді талдайтын болсақ, Джесси Джейн Дафф атап көрсеткендей, реформалар қоғамның барлық салаларын қамтымақ. Праймеризге әйелдердің қатысуын қамтамасыз ету, жастарды тарту саяси үдерістерге жаңа леп берері сөзсіз. Айталық күні бүгінге дейін белсенді әйелдер өздеріне қатысты мәселелерді наразылық шерулері арқылы билікке жеткізуді көздесе, праймериз олардың  қайраткерлік қабілеттерін саяси ортада танытуға мүмкіндік береді, — дейді эксперт.

Оның айтуынша, партияішілік іріктеу елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселерді нақты білетін және оларды шешу жолдарын ұсына алатын азаматтарды әлеуметтік желілер мен көшеден партия ішіне, нақты саясатқа тартуға да мүмкіндік береді. Ал жастарға арнайы квотаның бөлінуі олардың саяси белсенділігін арттырмақ.

Жастар белсенді болған жағдайда қордаланған мәселелерді шешудің креативтік тәсілдері де молынан ұсынылары анық. Мұның барлығын шетелдік сарапшылар бақылап отыр. Сол себепті Елбасы саясатын жалғастырып, өзгерістерді эволюциялық жолмен жүзеге асыруды көздеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын, Nur Otan партиясының бастамасын іштей құптап отыр. Оның үстіне партияның праймеризі демократиялық процестерді тереңдету жолындағы жалғыз қадам емес. Еліміз парламенттік оппозицияның қалыптасуына негіз болатын құқықтық нормаларды бекітіп, партия құру талаптарын жеңілдетті. Азаматтардың шеруге шығу талаптары да жеңілдеді. Мұның барлығы саясаттағы шынайы бәсекелестікті арттырып, шын мықтыны анықтауға ықпал етуі тиіс, — дейді Мейрам Иманбаев.

Мейрам Иманбаевтің айтуынша, өзгерістер байыппен, баппен жасалуы керек.