Ақмоланың ресми түрде қала мәртебесіне ие болғанына бір жарым ғасырдан астам уақыт өтті. Сол уақыттан бері шаһар тарихынан сыр шертетін көне, әсем құрылыстар астананың кеше мен бүгінінің арасын жалғап тұрғандай. Нақты мәліметтер бойынша бүгінде елордада 46 тарихи және мәдени ескерткіш бар. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Нұр-Сұлтан аумағында тарихи және мәдени орындар тізіміне енген құрылыс ғимараттары мен ескерткіштер де баршылық.
Соның бірі — XIX ғасырдың соңында іргесі қаланған «Бұрынғы мұсылмандар мектебі». Шаһар орталығында орналасқан ғимарат XX ғасырдың басында Ақмоладағы ең алғашқы мұсылмандар мектебі болып ашылған. Аталмыш медреседе қыздар және ұлдар жеке білім алған. 1907 жылы медресе жанынан қырғыз-татар бастауыш мектебі де жұмыс істеген. Бастауыш мектепте 27 оқушы білім алған. Бұл тарихи ғимаратта, яғни мектепте 1912-1916 жылдары Сәкен Сейфуллиннің өзі дәріс берген. Қазір ғимаратта Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының қойылым цехі жұмыс істейді. Ғимарат мемлекет қорғауына алынған.
Нұр-Сұлтан орталығында орналасқан тағы бір ерекше ғимарат — «Мұсылман жастарына арналған Баймұхамбет Қосшығұлұлы мектебі». Бұл ғимараттың іргесі 1905 жылы қаланған. Ғимаратты сол кезеңдегі кондитер фабрикасы қожайыны болған, бірінші гильдия көпесi атақты Баймұхамбет Қосшығұлұлы өз қаржысына мұсылман жастарының білім алуы үшін салдырған. XX ғасырдың басында тұрғызылған ғимарат негізінен бір ғана қабаттан тұрған. Кейін 1986 жылы ескі ғимараттың жалғасы ретінде екінші қабаты тұрғызылды. Қазір ғимаратта Halyk bank бөлімшесі орналасқан. Ғимарат мемлекет қорғауына алынған.
Ақмола жерінде 1854-1856 жылдары «Константин-Елена шіркеуі» тұрғызылды. Аталмыш сәулет құрлысының ішкі жұмыстары 1858 жылы толықтай аяқталған. Бұл ғимарат 1938 жылы ғимарат жұмысы тоқтатылып, 1940 жылы тарихи-өлкетану мұражайына берілді. 1941-1942 жылдары шіркеуге Ақмола жерінде ұйымдастырылған №29 атқыштар дивизиясына қарасты байланыс батальоны орналастырылды. 1942 жылы қайта мінәжат ету орны болып қолданысқа берілді.
1895 жылы қала орталығындағы «Жасыл мешіт» атақты саудагер, ірі қара мал сатумен айналысқан екінші гильдия көпесі Нұрмұхаммед Забировтің қаржыландыруымен тұрғызылған. 1950 жылы мешіт орнына үш қабатты тұрғын үй тұрғызылған. Сол сәтте мешіттің қоршауын ғана сақталып қалған. Қоршаудың жасыл түске боялғанынан халық оны «Жасыл мешіт» деп атап кеткен.
«Қалалық басқарма ғимараты» XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында тұрғызылған. Сол кезеңдегі қаланың саяси, қоғам кезеңінде айтарлықтай орын алған ғимараттың бірі. Мұнда II Дүниежүзілік соғыс кезінде 59-атқыштар дивизиясының штабы орналасқан. Одан кейін облыстың бас кітапханаларының біріне айналды. 2003 жылы күрделі жөндеуден өтіп, Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әкімшілігі мен театрдың кассасы отыратын мекемеге айналған.
Қала орталығындағы сауда үйінің құрылысы 1905-1907 жылдары тұрғызылған. Бұл ғимаратта орталық қалалық кітапхана, баспахана мен уезд экономика бөлімі орналасқан. 1944 жылы ғимараттан өрт шығып, 1950 жылы сәулет құрлысы қайта жаңартылады. Ғасырдан астам тарихы бар сауда орталығы бүгінде маңызын жоғалтқан жоқ. Қазір сауда орталығы «Астана» сауда супермаркеті болып жұмыс істеп тұр.
«Көпес Моисеевтің үйі» 1914-1918 жылдары қаланған. Азамат соғысы кезеңінде бұл ғимарат революциялық әскери кеңес орталығы болған. 1975 жылы ғимарат медицина орталығы ретінде пайдалануға берілген. 2007 жылы күрделі жөндеу кезінде ғимарат шатырынан тапанша табылған. Ол тапаншаны тарихышлар Сәкен Сейфулиинге тиесілі деп тұжырым жасады. Бүгінде тарихи ғимарат Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған республикалық орталық клиника госпиталі ретінде жұмыс істейді.
Нұр-Сұлтанда көне сәулет құрлысы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ғана жобасының аясында жасалған тізімге енбеген. Ол еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері тұрғызылған еліміздегі айшықты, зәулім ғимараттарда маңызы бар қасиетті орындардың тізіміне енген. Соның бірі — Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен тұрғызылған «Астана-Бәйтерек» монументі. Бұл монумент жаңа ғасырдың бастауы ретінде қаланың басты символына айналды. Алып ғимарат биіктігі 105 метр болатын металл құрамасынан, салмағы 1000 тоннадан жоғары 500-ге жуық қададан тұрады. «Бәйтеректің» — биіктігі 97 метр. Ал әлемдегі ең алып шардың диаметрі — 22 метр, салмағы — 300 тонна.
Елорда төрінде орын алған тағы бір ғимарат «Қазақ елі» тарихи-мемориал кешені деп аталады. 2009 жылы іргетасы қаланған сәулет құрылысы ақ мәрмәр тастан тұрғызылған. Биіктігі — 91 метр. Бұл сан еліміз Тәуелсіздік алған жылмен байланысты. Тарихи-мемориал кешенінің басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып Самұрық құс Қазақстанның тыныштығын «күзетіп» тұр деген ойды білдіреді. Сәулет құрылысында «Халық және Президент», «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» атты барельефтер орнатылған.
2011 жылы 16 желтоқсанында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Мәңгілік ел» салтанатты қақпасы тұрғызылды. Сәулет құрылысының биіктігі — 21,5 метр, ені — 13 метр. Сол жағына даналықтың нышаны, халықтың рухы мен ойының қорғаушысы ретінде үлкен қарияның мүсінi орналасқан. Оған қоса, отбасының ұйтқысы — Әйел-Ананың мүсінi «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ана тілі» сияқты ұлттық құндылықтарды суреттеген. Жалпы, ескерткіштің әрбір бөлігінің тарихи маңызы жоғары.
Бұл көрсетілген ерекше үлгідегі сәулет құрылыстары тарихымызды ұмытпауға негіз бола алады. Сол себепті бұл ғимараттар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында жергілікті маңызы бар қасиетті орындардың тізіміне еніп, мемлекеттің қорғауына алынып отыр.