– Тоқтар Кесімұлы, Елбасынның «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында жүктелген «Дала фольклорының антологиясы» он томдығы және «Ұлы даланың көне сарындары» үш томдық жинақтары жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.
– Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі кезеңде Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырып, мәдениетіміздің тарихында болмаған нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуына «Мәдени мұра», «Тарих толқыныдағы халық», «Рухани жаңғыру» сияқты мемлекеттік бағдарламалар зор ықпалын тигізді және қаржылай қолдау жасады. Олардың арасында фольклорлық мұралардан құрастырылған «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясы, Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдығы, ежелгі жазба ескерткіштерді қамтыған «Әдеби жәдігерлердің» 20 томдығы, көне музыкалық сарындар жинақталған «Қазақ музыкасының антологиясы» бес томдығы, «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдығы және тағы басқа бірегей басылымдар бар. Әсіресе, «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясының басылым көруі – еліміздің көркем мәдениетінің қарыштап өркендеуіне ерекше серпін берді. Себебі халық әдебиетінен текстологияның теориялық негіздеріне сай фольклор үлгілерінен жүз томдық ғылыми басылым дайындау – дүниежүзі бойынша теңдесі жоқ аса ірі жоба ретінде танылды.
Алайда бұл топтама ғылыми басылым болғандықтан, онда жинақталған эпостық мұралар, халық прозасы мен өлеңдері, ғұрыптық фольклор, шағын жанрлар, ғибраттық құндылықтар және тағы басқа өзгеріссіз қолжазбалардың негізінде ұсынылып, кей шығармалардың бірнеше нұсқалары, версиялары қатар ұсынылған еді. Сондықтан олар кәсіби мамандар мен зерттеуші-ғалымдарға, ғылыми ортаға ұғымды болғанымен, жас өспірімдерге, студенттерге, жалпы оқырмандарға түсініксіздеу болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылғы «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы осы мәселенің түйінін шешіп берді. Еңбекте фольклорлық мұралар мен халықтың көне сарындардың бүгінгі қоғамдағы орны, жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы жан-жақты ашылып, олардың таңдаулы үлгілерін заманға лайықты форматта шарыққа шығару мәселесі қозғалды. Кейін бұл мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, ел ауқымындағы ғылыми мекемелер мен білім ошақтары, қоғамдық ұйымдар ұсынған арнайы жобаларға мемлекеттік байқаулар ұйымдастырылды. Нәтижесінде институттың үш жобасы жеңімпаз ретінде танылып, 2019-2021 жылдар аралығында 10 томдық «Дала фольклорының антологиясы», үш томдық «Ұлы даланың көне сарындары», көне әдеби жәдігерлер қамтылатын бес томдық «Ұлы дала жауһаралары» жинақтарын баспаға дайындаудың мүмкіндігі берілді.
Қазір бұл жобаларға фольклортану, музыкатану және әдебиеттану салалары бойынша кәсіби мамандар тартылып, жасақталған негізгі үш топтың құрамында жұмыстар жүргізіп жатыр. Мен «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының жауапты редакторы болғандықтан, осы жобаға байланысты ғана аздап тоқталып өткім келеді. Ең әуелі, ғалымдар Елбасының аталған бағдарламалық мақаласымен терең танысып, жан-жақты зерттеп, сирек қорлардағы қолжазба мұраларды зерде елегінен өткізді. Барлық қолжазба мұра жүйеге түсіріліп, мәтіндер іздестіріліп, сараланды. Бұл жұмысқа еліміздің белгілі фольклортанушылары, жетекші мамандары да жұмылдырылып, бірнеше семинарлар, ғылыми басқосулар ұйымдастырылды. Нәтижесінде фольклорлық шығармалардың таңдаулы үлгілерін 10 томға жинақтап, оларды бүгінгі аудиторияға қолжетімді ету мақсатында цифрлық нұсқаларын (электронды және аудио нұсқаларын) баспаға қатар дайындаудың, жинаққа енген мәтіндердің таңдаулыларын орыс (үш том), ағылшын тілдеріне де (үш том) аудару жоспары бекітілді.
Халық туындылары еліміздің қолжазба қорларының, сирек кітаптардың, алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақ этностар мұраларының негізінде де іздестірілді, анықталды. Мәтіндердің нұсқалары, жарияланымдары бір-бірімен текстология тұрғысында сараланып, ғылыми сарапшылар арқылы таңдалып, тілі көркем, сюжеттері толық, мазмұнға бай, жырлауға, халық музыкасымен сүйемелдеуге ыңғайлы нұсқалары алынды. Текстология жұмыстардың барысында әр шығарма қадім, төте араб, латын жазуларындағы қолжазбалармен жан-жақты салыстырылып, қате оқылған, болмаса, қалып кеткен сөздер, тіркестер, қысқартылған тұстар, ілгерідегі редакция өзгерістері қайта қалпына келтірілді. Томдарда құрастырушылардың аңдатпасы, жанрдың қысқаша ғылыми анықтамасы, кейіпкерлердің иллюстрация бейнелері, туындыға байланысты шағын түсініктер, оларды жырлаушы-жеткізушілердің, орындаушылардың фотосуреттері, ноталар, жер-су атаулары, этнографиялық суретті сөздік, пайдаланылған әдебиеттер, резюме (орыс, ағылшын тілдерінде) сияқты қосымшалар қамтылды. Оқырмандарға ыңғайлы болуы үшінәр бет соңына мәтіндерде кездесетін көне түркі, жергілікті, кірме (араб, парсы, орыс тілдері және тағы басқа) сөздерге түсініксоңына берілді. Томдарды баспаға дайындау барысында халқымызға танымал өнер майталмандары, өнертану мамандары да қатысып, елеулі үлестерін қосты. Ғылыми сарапшы ретінде отандық және шетелдік фольклортанушылар қатыстырылды.
Алғашқы екі томға батырлар жыры мен атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлы жеткізген «Қырымның қырық батыры» жырлар циклы қамтылды. Үшінші томаға «Абылай хан», «Хан Кене» сияқты тарихи шығармалар жинақталды. Төртінші томға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» сияқты ғашықтық жырлары кіреді. Бесінші томаға «Айман, Шолпан», «Наурызбай» хикаялық дастандары мен «Мұхаммед-Қанапия»», «Қисса Әбушахма» сияқты діни туындылардың таңдаулы нұсқалары топтастырылды.
Биыл да жинақтарды баспаға дайындау жұмыстары жалғасын тауып отыр. Антологияның «Ғұрыптық фольклор» деп аталатын жетінші томына маусымдық фольклор (наурыз, жарапазан, жыл мезгілдері және тағы басқа), отбасылық фольклор (құда түсу, тойбастар, жар-жар, сыңсу, аушадияр, беташар, неке қияр; арыздасу, жоқтау, дауыс, көңілқос және тағы басқа), балалар фольклоры (бесік жыры, мәпелеу, уату-алдарқату, арнау-тілек, тақпақ, сұрамақ, қызықтама жырлары, өтірік өлеңдер; мазақтама, тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ; ойынға шақыру, қаламақ, санамақ, драмалық ойындар және тағы басқа), наным-сенім фольклоры (алғыс, бата, амандасу, қоштасу, көрісу, аңсау өлеңдері; бәдік, арбау-байлау, жалбарыну (айға, күнге, бұлтқа, отқа т.б., табиғат құбылыстарына жалбарыну), бақсылар сарыны, дуалау, бал ашу (жауырын қарау, құмалақ салу, кітап ашу), ұшықтау, аластау, құрт көшіру және тағы басқа) түс көру және оны жору, тиым, ырым сөздер және тағы басқа жанрлар қамтылады.
«Прозалық фольклор» деп аталған сегізінші томға мифтер, ертегілер, аңыздар, әпсаналар, хикаяттар, хикаялар, ауызекі әңгімелер мен олардың жанрлық түрлері енгізілсе, «Халық өлеңдері» атты тоғызыншы томға тұрмыс-салт өлеңдер (төрт түлік, егіншілік, аңшылық, теміршілік және тағы басқа), лирикалық өлеңдер (мысал-тәмсіл, өтірік, қара өлең, ән өлең, тарихи өлең, хат өлең және тағы басқа), нақыл-өсиет өлеңдер (арнау, толғау, терме, желдірме, өсиет және тағы басқа), «Ғибраттық фольклор» деген 10-томға мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, нақыл сөздер, тәмсіл сөздер, шешендік сөздер және тағы басқа жинақталады.
– Ел мәдениеттің дамуына, қазақ өркениетінің қайта зерттелуіне деген мамандардың қызығушылығы қандай? Бұл басылымдарды жинақтауға, зерттеуге қанша маман жұмылдырылды?
–Қазіргі халық әдебиеті – жазба үлгіге түскен, цифрлық жүйе белең ала бастаған ғаламдану заманында ұлттың бүкіл болмысын, рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл қазына. Ол өзінің мазмұны мен тақырыбына орай халықтың тілі, салты мен тұрмысы, мәдениеті, этнопедагогикасы, философиясы, тарихы және этнографиясы бойынша маңызды дереккөз болып табылады. Әрбір фольклорлық мәтін түрлі дәуірлердің ескерткіші, қайталанбайтын мәңгілік мұра. Сондықтан бұл жоба қазақ фольклорын жаңа қырынан зерделеп, жас ұрпақтың санасына жаңаша, заманауи деңгейде сіңіру арқылы тәуелсіз Қазақстан халқының мәдени әлеуетін көтеріп, рухани жаңғыруын тереңдету мақсатында жасалып отыр.
2019 жылдың аяғында «Дала фольклорының антологиясы» антомдығының ұлттық эпосқа арналған алғашқы бес томы жарық көріп, оқырмандармен қауышқаны баршаға мәлім. Әр том 10 000 дана таралыммен еліміздің барлық кітапханалары мен жоғары оқу орындарына, мектептерге жіберілді. Жобаны насихаттау мақсатында Алматы қаласындағы ұлттық университеттерде, өңірлік білім ошақтарында тұсаукесер рәсімдері өткізілді. Қазірдің өзінде басылым көрген томдарға отандық және шетелдік ғалымдар мен оқырмандар тарапынан жақсы пікірлер айтылып, орта және жоғарғы оқу орындарында қосымша оқулық ретінде пайдалануда. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жақсы пікірлер қалыптасып, оқырмандардың ұлттық руханиятқа деген қызығушылығы, ықылас-ынтасы артып жатқанын аңғаруға болады.
Ал бұл жобаны толық игеруге институт ғалымдарының ғылыми әлеуеті де, материалдық базасы да жеткілікті. Жинақтардың құрастырушылар құрамына «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясын құрастыруда зор тәжірибелер жинақтаған 20-дан астам білікті фольклортаушылар, әдебиеттанушылар, маман-текстологтар, қолжазбатанушылар, кәсіби редакторлар мен корректорлартоптастырылды. Оған қоса, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, өзге де өнер ошақтарының ұстаздары мен мамандары, студенттері, жұмылдырылды. Олардың арасында халқымызға танымал әнші-жыршылар, термешілер, музыканттар, нотаға түсірушілер, дизайнерлер, суретшілер, этнографтар, аудиожазушылар және тағы басқа бар. Жалпы, жинақтың былтырғы басылымдарына 70-ке жуық мамандар мен ғалымдар қатысты.
– Осы бағытта шетелдік ғалымдардың қызығушылығы қандай?
– Жобаның орындалуы барысында алыс-жақын шетелдердегі әріптес ғалымдармен тығыз қарым-қатынастар жасалды. Бірнеше құрастырушы мамандар Чехия, Мажарстан, Словакия, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерге іс-сапармен барып, түрлі кездесулерге, ғылыми отырыстарға қатысып, пікірлесіп, тәжірибе жинақтады және ұлттық фольклорды насихаттау жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, Түркияның Эгей университеті Түркі әлемін зерттеу институтымен, Ресей ғылым академиясының Орыс әдебиеті институтымен (Пушкин үйімен), Татарстан Республикасы Ғылым академиясының Г.Ибрагимов атындағы Тіл және әдебиет институтымен, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тіл, әдебиет және өнер институтымен, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтымен шығармашылық байланыстар орнатылып, әлемге танымал Фикрет Түркмен, А.Н.Власов, К.М.Минуллин, М.Жураев, А.А.Ахматалиев сияқты ғалымдар «Антологияның» алғашқы бірінші-бесінші томдарына ғылыми сарапшы болды. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып, аясы кеңейе түседі деп есептейміз.
– Бүгіндері фольклорлық мұралардың 30-40%-ке жуығы ғана игеріліп, жарияланған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті қанша деңгейге дейін көтеру жоспарда бар?
– Еліміздің сирек қорлары рухани мұраларға өте бай. Отандық ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, «Бабалар сөзі» жүзтомдығын жарыққа шығарғанның өзінде, қолда бар жәдігерлердің тек 30%-і ғана игерілген. Бүгінгі таңда Институттың, Орталық және Ұлттық кітапханалардың сирек қорларында 1 миллионнан астам фольклор мәтіндері, өзге де ауыз әдебиеті үлгілері түсірілген мыңдаған қолжазбалар, көне кітаптар, микрофильмдер, үнтаспалар және тағы басқа жинақталған. Оларды жинау, жүйелеу, сақтау, жариялау, зерттеу жұмыстары әлі де жалғасын тауып келеді. Дегенмен бұрын соңды жарияланған фольклорлық жинақтар халқымыздың көнеден келе жатқан қымбат та асыл мұраларын түгелдей қамтыды деп айту қиын. Әсіресе, көптеген фольклорлық құндылықтар «Бабалар сөзінің» қалпына сыймай қалды және Ұлы дала мәдениетінің аса беделді өкілдері би-шешендердің, ақын-жыраулардың, әнші-жыршылардың, сал-серілердің толық жарияланбаған шығармалары аталған қорлардың сөресінде кезегін күтіп жатыр.
Ғалымдар бүгінгі қолда бар қолжазба мұралардың негізінде «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясымен қоса тағы 50 том фольклор мұраларын, шежірелерден 50 том, ақын-жыраулардың, би-шешендердің, сал-серілердің және тағы басқа шығармашылығынанан 100 том сериялы жинақтар шығаруға болады деген болжам жасады. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары осыған байланысты ірі-ірі жобалар жасалып, үкіметке, қоғамдық ұйымдарға, кәсіпкер-меценаттардың атына сан мәрте ұсынылды. Өкінішке қарай, бәрі де жауапсыз қалды. Ал ғылымға бөлінетін гранттық байқаулардың қаржысымен мұндай күрделі жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Ғалымдар арманшыл, оптимист адамдар болатындықтан, бұл мәселелер әлі де шешімін тауып, бабалардан аманат болып қалған бұл рухани мұралар бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналанатынына сенімді.
Себебі бұл қазыналарды толық зерттеу, жариялау жұмыстары енді ғана басталды. Оны Қазақстан аясында, түркітілдес елдер ауқымында, бүкіл әлем деңгейінде зерттеу, аудару үшін мол уақыт қажет. Ал мемлекеттік ұйымдар қолжазба мұраны «Рухани жаңғыру» идеясымен ұштастырып, ұлтты жаһанданудан қорғаушы ретінде пайдаланып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп отыруға мүмкіндіктер жасауға тиіс. Ұлттық руханияттың тарихи жад ретіндегі маңызы осы тұрғыда аса құнды болып саналады. Оны толық игеру үшін осы саладағы әлем халықтарының іс-тәжірибелерін, оқымысты-ғалымдардың бағалы ой-тұжырымдарын, әдістемелік амал-тәсілдерін, ғылыми-бағыт бағдарларын тиімді пайдалану, солардың негізінде мамандар әзірлеу, отандық қолжазба және текстология ғылымдарын қалыптастыру, оған ғылыми-теориялық тұжырымдамалар жасау – таяу жылдары уәкілетті органдар мен ғалымдардың бірігіп атқаратын іс-шаралары деуге толық негіз бар. Сондықтан оған ерекше көңіл бөліп, ғылыми ортаны сақтап, алда істелетін ауқымды мақсат-міндеттердің орындалуына алғышарттар жасалу керек. Соның бірі – араб, көне түркі, қадым, төте жазуларында хатқа түскен қолжазбаларды қазіргі қолданыстағы жазуға аударып, заманға лайықты форматта жарыққа шығарып, қазіргі оқырмандардың, ғылыми ортаның сұранысын қанағаттандыру.
– Көне дүниелерді қайта зерттеп, оларды жас ұрпаққа түсіндіру, жеткізу бағыттарында цифрландыру әдісі қолданып жатқанынын білеміз. Сіздерде бұл бағыт қалай жұмыс жасап жатыр?
– Институттың қорында 40 мыңнан астам қолжазбалар, сирек кітаптар, микрофильмдер, аудио және видеотаспалар, деректі фильмдер, фототаспалар, фотосуреттер, күйтабақтар сақталған. Уақыт озған сайын олардың сапасы төмендеп, тоза бастайтыны ешкімге жасырын емес. Өзіміздің қызметкерлер, зерттеушілер, оқырмандар түпнұсқасымен жұмыс істеген сайын бұл жәдігерлердің физикалық сапасы төмендеп, жарамсыз болып қалу қауіпі туындайды. Екінші жағынан, сирек қорда сақталған мұралардың мәліметтерін екінің бірі біле бермейді және көпшіліктің жаппай пайдалануына мүмкіндіктер де шектеулі. Сондықтан қазіргі заманның ыңғайына қарай қорды сандық (цифрлық) жүйеге түсіру мәселесі қозғалып, біршама жұмыстар атқарылу үстінде. Бұл ретте ең алдымен, әлеуеті қуатты, сиымдылығы ауқымды компьютерлік құрылғылар сатып алынып, олардың біріктірілген жүйесіне қолжазбаларға, аудио және бейнежазбаларға, таспаларға, күйтабақтарға арналған арнайы жеке-жеке бағдарламалар енгізілді. Ол жүйеге аталған жәдігерлердің электронды көшірмесі мен әр мәтіннің 30-ға жуық мәліметін қамтыйтын арнаулы каталог енгізу шаралары жүргізіліп, қарқынды жұмыстар істелуде.Жоғарыда аталған жинақтардың электронды, аудио нұсқалары заманға лайықты форматта дайындалып, елімізге танымал сайттарға орналастырылды және олардың дерегін білдіретін арнайы QR коды арқылы барлық Интернет қолданушыларға қолжетімді болады. Қол телефонға жүктеп алудың да мүмкіндігі бар. Қазақ даласында қалыптасқан жыршылық дәстүрге байланысты орындаушылар Қазақстанның шығыс, орталық, батыс, оңтүстік және Жетісу өңірлерінен шақырылып, қобыздың, домбыраның сүйемелдеуімен әр мектепке тән мақамдармен жырланып, арнайы студияда жазылды. Бірақ бұл жауапты әрі күрделі шаруаның аяқталу мерзімін дөп басып, кесіп айта алмаймыз. Себебі цифрландыру жұмыстарының өзіндік қиыншылықтары, түйіні шешілмеген мәселелері аз емес. Дегенмен бұл бағдарламаның кезең-кезеңімен атқарылып, қор байлығы таяу жылдары қарапайым оқырмандарға, шәкірт-студенттерге, зерттеушілерге заманға лайықты жүйеде қолжетімді болатынына үміттіміз.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Марфуға Қараман