Басты бетҚоғамҚызылорда облысы...

Қызылорда облысы азаматтары «Халық алғысы» медалімен марапатталды

Елімізде орын алған пандемиямен күрес кезінде ерекше көзге түсіп, әр түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар марапат биігінен көрінді. Қауіпті кезеңде басын қатерге тігіп, халыққа аянбай қызмет етіп жүрген сырбойылық азаматтар да ел Президентінің наградасына ие болды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша тағайындалған «Халық алғысы» медалімен марапатталғандардың қатарында Qyzylorda телеарнасының арнаулы тілшісі Тәжімұрат Әлжанов та бар. Тілшінің айтуынша, әлемді шарлаған вирустың салдарынан отбасы үшін алаңдаса да, жанкештілік танытып, басты міндетін орындау парызы санайды.

Вирустың жүрмеген жері жоқ, Біріншіден, бала-шағам, ата-анам үшін қорқамын, алаңдаймын, әлбетте. Бірақ дер кезінде шынайы ақпараттандыруымыз керек. Ол – біздің басты міндетіміз. Сондықтан бұл вирустың үйде отырып, оқшауланған жағдайда ғана басылатынын  халық барынша түсінсе деймін, — деді Тәжімұрат Әлжанов.

Мұқтаж отбасыларға жағдай жасау мемлекеттің басты міндетіне айналған сындарлы сәтте бұл бастамаларға ірі кәсіпкерлер мен жомарт жандар мұрындық болды. Облыстағы «Абай Даулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев қиын кезеңде халыққа қамқорлық көрсетіп, елдің ғана емес, Мемлекет басшысының алғысына ие болды.

Қызылорда әкімдігі жанындағы мобайл мониторинг тобының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева да марапат төрінен көрінді. Ол қысылтаяң шақта күн-түн демей рейд жұмысына қатысып, халыққа ескертулер мен шектеулерді түсіндіруде бір ұжымдай бірге атсалысқанын айтады.

Халыққа ескертулер мен шектеулерді түсіндіру үшін біз мониторингтік топ бірлесіп жұмыс жасадық. Қала әкімдігімен бірлесіп, түрлі рейдтік шараларды ұйымдастырдық. Әлеуметтік желідегі қоғам белсенділерінің, әр түрлі сала мамандарының ұсыныс-пікірлері де тыңдаусыз қалған жоқ, — деді Ләззат Бақтыбаева.

Мемлекеттік марапат төрінен көрінгендердің бірі — медицина саласында 27 жыл еңбек еткен Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Болат Асанбаев. Ол – ел алдындағы антына берік, аурудың алдын алумен күндіз-түні күресіп жүрген дәрігерлердің бірі.

Қармақшы аудандық ауруханасы медбикесі, пост қызметкері Дариха Досаева да төтенше жағдай кезінде күшейтілген режимде жұмыс істеп, бақылау-өткізу бекеттерінде күндіз-түні тұруды міндеті санады. Елі үшін еткен еңбегі еленіп, Мемлекет басшысының «Халық алғысы» марапатына ие болды.

Коронавируспен күресте еңбек сіңіргендердің бірі — Нұрлыбек Сейілханов. «Қызылорда тазалығы» ЖШС бас инженері қол астындағы мамандарын ерлік іске жұмылдыра біліп, санитария жұмыстарына үлес қосқаны үшін ел мерейіне бөленді.