Қызылорда облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жоба ұтқан мердігерлермен арадағы келісімшарт бойынша жұмысшылардың кемінде 50%-ін жұмыспен қамту орталығы арқылы алу қарастырылған.
Арал ауданында 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 604 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жұмыс орындары аталған бағдарлама аясында бекітілген 16 жоба бойынша іске асады.
2020 жылы Аралда 33 көше жөнделеді. Ұзындығы 22 шақырымнан асатын көшелердің құрылысына республикалық бюджеттен 660 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл жобаға «Арал құрылысы» ЖШС мердігер болып отыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жол жөндеу үшін 43 адамды жұмысқа қабылдады.
Бүгінгі күні бес көшенің астыңғы қабаты тегістеліп жатыр. Құрылыс материалдары дайын. Алдағы аптада асфальт жабындысын төсей бастаймыз. Барлық жұмыстар кезең-кезеңімен әрі уақытында бітеді, – деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев.
Ауданда маңызы бар «Ескіұра елдімекеніне кіреберіс» автожолының құрылысына 99 миллион 452 мың теңге қаржы бөлінді. Жұмыс жуық арада басталады.
Аудан орталығындағы Абай көшесін абаттандыруға республикалық бюджеттен 110 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бас мердігер – «Наурыз құрылыс» ЖШС. Мердігер аудандағы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 14 адамды жұмысқа қабылдап, абаттандыруды бастады.
2020 жылдың мамыр айында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың өзі барып іргетасын қалаған қаладағы №2 мөлтек ауданы аумағындағы 10 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұндағы әр бір қабатты, әрқайсы төрт пәтерден тұрады.
Жаңа үйлерді салатын бас мердігерлер – жергілікті «Наурыз құрылыс» және «Арал су құрылысы» ЖШС. Мердігерлер құрылысқа аудандағы халықты жұмыспен қамту бөлімі арқылы 50-ге жуық тұрғынды жұмысқа алды. Тұрғын үйлер күзге дейін бітіп, 40 отбасы жаңа пәтерде қоныс тойын тойлайды.