Қызылорда облысының Арал ауданында жылдық қуаттылығы 19 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы сегіз балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Аралда балық өсіретін инкубация цехі жұмысы нәтижесінде теңізді өлке балығының дәмін тату бақыты тек Қытай мен ТМД елдерінің ғана емес, Еуропа халқына да бұйырып отыр.
«Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен балық қорын көбейту мақсатында жазылған жоба жемісін беріп, «Ғаламдық экологиялық қордың» қаржылай қолдауымен Ақшатау ауылында көлемі 16х30 метр болатын балық шығаратын инкубация цехі салынды. Бұл цехке Ресейден аппараттар алынып қондырылды. Жобаның жалпы құны – 21 миллион теңге. «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Баймаханова жобаны жүзеге асыру бағытында 11 миллион қайтарымсыз грант ұтты.
Жоба серіктестері «Жамбыл» өндірістік кооперативі, кәсіпкер Игіліков Төребек бірлесе атқарылатын жұмысты орындаушы «Қазалы Уазис» қоғамдық бірлестігі болады. Алынған дернәсілдер теңіздің Арал және Қазалы аумағындағы айдындарына жіберілетін болады. Биыл іске қосылатыны жоспарланып тұрған бастама аясында 12-15 миллион дана дернәсіл өсіп шығады.