Асқар Мамин Парламент депутаттарына не деп есеп берді?

Үкімет басшысы мұнайдың дүниежүзі нарығындағы бағасы төмендегеніне және сыртқы экономика конъюнктурасы нашарлағанына қарамастан 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6 жылда ең жоғары өсім — 4,5%-ке жеткенін айтты. Өсімнің 85%-і шикізат емес салаларды дамытудан болған.

Экономика өсімінің негізгі драйверлері өңдеу өнеркәсібі (4,5%), құрылыс (12,9%), көлік (5,1%) және сауда (7,6%) болды. Негізгі капиталға cалынған инвестиция 8,5%, оның ішінде жеке инвестиция 9,5% өсті. Сыртқы сауда айналымы 97 миллиард долларға дейін өсті, сыртқы сауданың оң сальдосының өсімі 19 миллиард доллар болды. Инфляция жоспарланған дәліз шегінде 5,4% болды. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды. Ең төменгі жалақы 1,5 есе өсті.

Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1,7% төмендеді. Бұл ретте экономиканың негізгі салалары жақсы дамыды, тауар өндірісі 4,8% артты.

Қазіргі жағдайда Үкіметтің негізгі міндеті — экономика өсімінің оң қарқынға жетуіне жағдай жасау. Ол үшін еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөнінде ауқымды шаралар қолға алынып жатыр, — деді Асқар Мамин.

Премьердің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында осы жылдың соңына дейін 1,2 миллионнан астам азаматқа жұмыс беріледі. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы аясында 6,5 мыңнан астам жоба іске асырылады. Бұл 255 мың жұмыс орнын ашуға және өңірлерде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бизнестің жол картасы да экономиканың аралас салаларында 100 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.

Үкімет 2020 жылға арналған Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп, іске асыруға кірісті. Ол үшін Парламент заңнамаға шұғыл түзетулер енгізгелі отыр.

1 тамызға дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді. Ол еліміздің жаңа экономикалық бағдарының негізгі бағыттарын анықтайды.