Басты бетЖаңалықтарАлматыда жексенбі...

Алматыда жексенбі сайын бірнеше көше жаяуларға ғана ашық болады

Қалада уақытша жаяулар аймағын жасау — пилот жоба.

Уақытша жаяу жүргіншілер аймағын құру үшін демалыс күндері бірқатар көшені жабуды сарапшылармен бірге талқыладық. Бірінші кезеңде Қабанбай батыр-Гоголь-Назарбаев-Абылай хан шаршысындағы аймақ ұсынылды. Жұмысты қаладағы эпидемиология жағдайы тұрақтанғаннан кейін бастаймыз, — деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев.

Аталған шаршыға Панфилов көшесінің Қабанбай батыр мен Гоголь аралығындағы үзігі және Бөгенбай батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің Назарбаев пен Абылай хан даңғылдары аралығындағы учаскелері кіреді. Барлығы — 2,7 шақырым. Жексенбі күндері ол аумақта қоғамдық және арнаулы көлік қана жүре алады. Әкімдік осылайша қаладағы көлік нөпірін азайтпақ.

Алматы көшелері
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Қаланың басқа аудандарында да жексенбі сайын автокөлік қозғалысына бір-бір көшеден тыйым салынып отырады.

Эксперттер мегаполистегі қоршаған орта ахуалын жақсарту жөніндегі бірнеше шараны талқылады. Соның бірі — жүк көлігі мен мотоцикл қозғалысы бойынша зерттеу жүргізу. Оған көлік, экология, урбанистика, қала құрылысы салаларының мамандары қатысады. Мамандар қоршаған орта ахуалын жақсарту жөнінде кешенді шешім ұсыну үшін көлік нөпіріне, ауаға таралатын зиян қалдыққа, шу деңгейіне қатысты жағдайға баға беруі керек, — деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметі.