Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

ҚазАқпарат әдеттегідей апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы

Сонымен 2013 жылдың наурыз айынан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Наталья Николаевна Годунова «Нұр Отан» партиясының хатшысы болып тағайындалды.

Ол Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын, Ресей үкіметі жанындағы Қаржы академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1993 жылы Орал қаласындағы «Орал» «Агропромбанкінің» экономисі қызметінен бастап, 1997-1998 жылдары Батыс Қазақстан аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жетекші маманы, басшының орынбасары, басшы қызметтерін атқарған.

1998-2004 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында бас маман, бөлім меңгерушісі; 2004-2005 жылдары Батыс Қазақстан облыстық экономика және бюджетттік жоспарлау департаментінің директоры; 2005-2006 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілдігінің кеңесшісі; 2006-2009 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі; 2009-2012 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілінің міндетін атқарушы; 2012-2013 жылдары Қазақстан премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры

Алматыда Қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры болып Юрий Тілеумұратов тағайындалды. Ол биылғы жылдың мамыр айынан бері палатаның директоры міндетін атқарып келген болатын.

54 жастағы Юрий Тілеумұратов Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. Әр жылдары салық органдарында істеді. Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетін басқарды. Сондай-ақ, жеке аудиторлық және консалтингтік компанияларда қызмет атқарған. 2013 жылдың қазан айынан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шағын және орта бизнесті дамыту комитеті хатшылығының хатшысы болып жұмыс істеді.

«Цеснабанк» АҚ банктің басқармасы мен директорлар кеңесі

«Цеснабанк» АҚ банктің басқармасы мен директорлар кеңесі құрамындағы өзгерістер орын алды. Директорлар кеңесі шешімімен «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Әділбекұлы Жақсыбектің, сондай-ақ АҚ басқарма төрағасы Рүстем Жақыпбаевтың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Сонымен бірге, директорлар кеңесінің төрағасы Еркеғали Серікұлы Еденбаевтың директорлар кеңесінің мүшесі мәртебесі сақталып, өкілеттігі тоқтатылды. Оның орнына «Цесна» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Дәурен Әділбекұлы Жақсыбек сайланды.

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры

«ҚазТрансОйл» АҚ басқармасының 2015 жылдың 14 желтоқсандағы шешімімен «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) Қайыргелді Қабылдиннің өкілеттіктері берілген өтінішке сәйкес мерзімінен бұрын аяқталып, 2015 жылдың 16 желтоқсанынан бастап «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) болып Нұртас Шманов тағайындалды.

Нұртас Нұрыбекұлы Шманов 1956 жылы Атырау қаласында туып, Уфадағы мұнай институтын «мұнай-газ құбырларын, газ қоймалары мен мұнай базаларын жобалау және пайдалану» мамандығы бойынша, Қазақ мемлекеттік академиясы жанындағы нарық институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, сонымен бірге Бостондағы (АҚШ) Массачусетс университетін бітірген болатын.

36 жылдан аса уақыт бойы осы салада қызмет етуде. Ол негізгі технологиялық жабдықтауды жөндеу жөніндегі слесардан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары лауазымына дейінгі кәсіби жолды бастан кешті.

«Южнефтепровод» ӨБ («Транснефть» АК), «Теңізшевройл» ЖШС, «Каспий құбыр консорциумы – Ресей», «ШевронНефтьГаз», «ШевронМұнайГаз», «Шеврон Оверсиз Петролеум Инк.» сияқты компаниаларында жауапты лауазымдарға ие болды. 2007 жылдың желтоқсаны мен 2009 жылдың қаңтар айы арасындағы уақытта «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры (Басқарма төрағасы) лауазымын иемденді.

Шманов – мұнайшылар әулетінің өкілі. Әкесі Нұрыбек Нәбиұлы – сала ардагері, «ыстық» мұнай құбырларын пайдалану мәселелерін зерттеген, өз тәжірибесі мен білімдерін практикалық жұмыста қолданған алғаш қазақ ғалымы еді. Нұрыбек Шманов есімімен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның мұнай айдау стансаларының бірі аталынды.

«КЕGOC» АҚ атқарушы дирекциясының жаңа ұйымдық құрылымы

«КЕGOC» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен  «КЕGOC» АҚ атқарушы дирекциясының жаңа ұйымдық құрылымы бекітілді және басқару мен үйлестірудің бірқатар мәселелеріне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Серік Оспанов басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Бақытхан Жазықбаев басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары болды. Әскербек Қуанышбаев басқарма төрағасының ҰЭТ-ты дамыту және корпоративтік басқару жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды, Мұқтар Бекенов Жүйелік қызметтер жөніндегі жаңа басқарушы директор және Абат Ақмурзин Филиалдармен және ЕБҰ-мен жұмыс жөніндегі басқарушы директор болды.

Қазақстан кәсіби бокс Федерациясының президенттігі

Қазақстан кәсіби бокс Федерациясының президенттігіне ҚР Президенті телерадиокомпаниясының бас директоры Ерлан Бекхожин сайланды.

Ерлан Бекхожин 1963 жылы 6 мамырда Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, Орталық Азия университетін бітірген. 1994-1997 жылдары – «Хабар» агенттігі ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі, «Жеті күн» ақпараттық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі.

1998-2003 жылдары – Қазақстандағы «Мир» халықаралық телерадио компаниясының директоры. 2003-2009 жылдары «Литер-Медиа» ЖШС бас директоры, «Литер» және «Айқын» газеттері редакциялық кеңестерінің төрағасы. 2009 ақпан айынан бастап Қазақстан Президенті телерадио кешенінің бас директоры. Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Ресей және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Жылдың үздік журналисі» аталымы бойынша «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты.

«Ақтөбе» футбол клубының жаңа жаттықтырушысы

«Ақтөбе» футбол клубының жаңа жаттықтырушысы қызметіне 46 жастағы ресейлік Юрий Өткелбаев келді. Бұл маман ақтөбеліктердің бапкері ретінде ресми түрде сейсенбі күні жариялануы тиіс.

Юрий Өткелбаев кеңестік және ресейлік футболдың «Торпедо» (Миасс), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Иртыш» (Тобольск), «Рубин» (Қазан) сияқты төменгі лигалар командаларында қақпашы ретінде белгілі болған. Қазандық «Приволжанин» командасы үшін мини-футболға қатысқан.

Ойын мансабы аяқталған соң қазандық «Рубин» командасының жаттықтырушысы, бұл команда дублінің бас жаттықтырушысы болған. «КамАЗ»-дың (Набережные Челны) спорттық директоры қызметін атқарған.

ДереккөзҚазИнформ