Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шектеу шараларын енгізуге елде эпидемиология ахуалының нашарлауы себеп болды. Премьер-министр Асқар Мамин Президенттің тапсырмасы бойынша өңірлердегі ахуал туралы баяндамаларды тыңдап, 20-21 маусым — демалыс күндеріне қатысты мынадай шешім шығарды:
- Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Қарағандыда, Шымкентте, Павлодарда және Екібастұзда:
— сауда, ойын-сауық орталықтары, дүкендер желісін, азық-түлік және басқа да тауар сатылатын жабық базарлар қызметін тоқтату;
— таза ауада адамдарды алшақ отырғызатын қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына ғана рұқсат беру;
— қоғамдық көлік жұмысын шектеу;
— саябақтар, скверлер, жағалаулар, жағажайлар мен аквапарктер жұмысын тоқтату;
— фитнес орталықтарының қызметін тоқтату;
— 65-тен асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу қою; - 50 мың адамнан асатын халқы бар елді мекендерде:
— саябақтар, скверлер, жағалаулар, жағажайлар мен аквапарктер жұмысын тоқтату;
— 65-тен асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу қою; - Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз маңындағы туризм аймақтарына кіруге тыйым салу, аталған аймақтардағы адамдардан әлеуметтік қашықтықты ұстануды талап ету.
Үкімет басшысы әкімдіктерге мына мәселелерді шұғыл шешуді тапсырды:
— медицина ұйымдары базасында қосымша зертхана ашып, мейлінше көп адамның ПТР сараптамасын жасатуына мүмкіндік беру;
— ауруханаларда инфекция және провизор орындарының санын көбейту;
— өңірдегі бар ресурсты меншік нысанына қарамастан пайдаланып, науқастардың компьютер томографиясымен мейлінше көп тексерілуіне жағдай жасау;
— жедел жәрдем станциялары шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға жылдам баруына жағдай жасау;
— үйінде жатқан пациенттерді амбулатория-емхана көмегі деңгейінде сапалы әрі жіті бақылау (қашықтан, жедел бригадалардың көмегімен);
— халыққа жағдайды жақсы түсіндіріп, ақпарат беру.