Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шектеу шараларын енгізуге елде эпидемиология ахуалының нашарлауы себеп болды. Премьер-министр Асқар Мамин Президенттің тапсырмасы бойынша өңірлердегі ахуал туралы баяндамаларды тыңдап, 20-21 маусым — демалыс күндеріне қатысты мынадай шешім шығарды:

  1. Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Қарағандыда, Шымкентте, Павлодарда және Екібастұзда:
    — сауда, ойын-сауық орталықтары, дүкендер желісін, азық-түлік және басқа да тауар сатылатын жабық базарлар қызметін тоқтату;
    — таза ауада адамдарды алшақ отырғызатын қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына ғана рұқсат беру;
    — қоғамдық көлік жұмысын шектеу;
    — саябақтар, скверлер, жағалаулар, жағажайлар мен аквапарктер жұмысын тоқтату;
    — фитнес орталықтарының қызметін тоқтату;
    — 65-тен асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу қою;
  2. 50 мың адамнан асатын халқы бар елді мекендерде:
    — саябақтар, скверлер, жағалаулар, жағажайлар мен аквапарктер жұмысын тоқтату;
    — 65-тен асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу қою;
  3. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз маңындағы туризм аймақтарына кіруге тыйым салу, аталған аймақтардағы адамдардан әлеуметтік қашықтықты ұстануды талап ету. 

Үкімет басшысы әкімдіктерге мына мәселелерді шұғыл шешуді тапсырды:

— медицина ұйымдары базасында қосымша зертхана ашып, мейлінше көп адамның ПТР сараптамасын жасатуына мүмкіндік беру;

— ауруханаларда инфекция және провизор орындарының санын көбейту;

— өңірдегі бар ресурсты меншік нысанына қарамастан пайдаланып, науқастардың компьютер томографиясымен мейлінше көп тексерілуіне жағдай жасау;

— жедел жәрдем станциялары шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға жылдам баруына жағдай жасау;

— үйінде жатқан пациенттерді амбулатория-емхана көмегі деңгейінде сапалы әрі жіті бақылау (қашықтан, жедел бригадалардың көмегімен);

— халыққа жағдайды жақсы түсіндіріп, ақпарат беру.