Басты бетҚоғамҚызылорда облысының...

Қызылорда облысының 1 240 тұрғыны жұмысқа орналасады

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлауынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облысқа 37 миллиард теңге  бөлінген. Оның 3 миллиард теңгеден астамы Қазалы ауданына тиесілі. Ауданда 42 жоба іске асырылып жатыр.

Бағдарлама шеңберінде Ғани Мұратбаев ауылына табиғи газ тарту, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб салу, ауданды абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарық тарту, әлеуметтік нысандарды кезекті жөндеу сияқты өзекті мәселелер биыл шешімін табады, — делінген хабарламада. 

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгінде Қазалы ауданының мемлекеттік сатып алу бөлімі арқылы жарияланған 33, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жарияланған тоғыз жобаның жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаздың бәрі — аудан кәсіпкерлері. Қолға алынған жобалар бойынша ауданда 436 адам жұмысқа орналасты, әр азаматтың жалақысы 85 мың теңге болды.

Биыл Ғани Мұратбаев елдімекеніне газ тартылады. Құрылысқа 239 миллион 507 мың теңге қаржы бөлінді. Бас мердігері — «Сапақ» серіктестігі, компания газ тартуды 5 айдан аса уақытта бітіреді. Жоспарға сәйкес, жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы арқылы құрылысқа 30 адам жұмысқа алынған, — делінген хабарламада.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының бастамаларынан Қармақшы ауданы да қалыс қалмады. Бағдарлама аясында аудан бойынша 3 миллиард 550 мың теңге тұратын 40 жоба іске қосылды. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар жөндеуден өтеді. Осы жобалар аясында жалпы 804 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуде тұрған 409 адам жұмысқа орналасады.